«Кеттік 2000-жылдарға»: адамдар неге қайтадан кнопкалы телефон сатып алып жатыр?

Samsung мен Apple сияқты технологиялық алыптар құрылғылардың қуатын арттырып, жаңа функциялар ойлап табумен айналысып жатқанда, интернетке кіру мүмкіндігі жоқ – тек қоңырау шалу мен SMS жазуға арналған кнопкалы телефондар қайтадан танымал бола бастады. Мұндай құрылғыларда ең көбі камера ғана болады. Адамдар неге оларды жиі таңдай бастады?
Кнопкаларға сағыныш пен цифрлық детокс
2025 жылы Чили президенті Габриэль Борич Congreso Futuro форумында кнопкалы телефон көрсетіп, оны әлеуметтік желілерден арылу үшін қолданатынын айтты. TikTok-та Виктория Заннино BlackBerry-ді қайта шығару туралы үндеу жасап, жазбасы 549 мың лайк пен 6,2 миллион қаралым жинады. Ал оның жазылушылары бар болғаны 646 адам. Кнопкалы телефондарға, «раскладушка» үлгісіндегі модельдерге және BlackBerry құрылғыларына деген қызығушылықтың өскені туралы материалдарды өткен жылы New York Times, Wall Street Journal және The New Yorker басылымдары жазған.
2024 жылдың мамырында Google Trends dumbphones (яғни, қарапайым кнопкалы телефондар) сұранысы бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркеген. Мұндай телефондарға деген қызығушылықтың себебі – бір жағынан, винил пластинкалары мен фотопленкаларға ұқсас ретро құрылғыларға деген сағыныш. Бірақ басты себебі бұл емес. Адамдар смартфонға тәуелділігін аз да болса бақылауға алғысы келеді.
Бүгінде орташа қолданушы күн сайын смартфон экранының алдында 6 сағат 40 минут өткізеді. АҚШ-та бұл көрсеткіш 7 сағатқа жетеді. Бұл аптасына екі күн не жылына үштен бір бөлікті құрайды. АҚШ-тың бас хирургі Вивек Мурти әлеуметтік желіде ұзақ отыру адамның ұйқысы мен психикалық денсаулығына зиян келтіретінін ескерткен. Айова университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу екі апта бойы әлеуметтік желіні күніне 30 минутпен шектеген адамдарда мазасыздық, күйзеліс және қорқыныш деңгейі төмендегенін көрсетті.
Кембридж университетінің жуырдағы сауалнамасы бойынша, британдық жасөспірімдердің жартысы өзін әлеуметтік желіге тәуелді сезінеді. 2022 жылы америкалықтардың 60 пайызы смартфонды тым көп қолданатынын мойындаған. Испаниялық SPC технологиялық компаниясы мен Pantallas Amigas ұйымының 2024 жылғы шілдеде жүргізген зерттеуінде жастардың 12 пайызы қарапайым телефон пайдалануға дайын екенін айтқан. 19 пайызы мұны бастап кеткен таныстарын біледі. Ал 56 пайызы цифрлық детокс жайлы ойланған. Зерттеу SPC Wild атты жаңа кнопкалы телефон шығару аясында жүргізілген.
WSJ басылымына берген сұхбатында клиенттермен жұмыс істейтін менеджер Карлос Апаричио: «Миым өзгеріп, қазіргі сәтке зейін қою қабілетін жоғалттым. Үнемі алаңдауға бейім болып алдым», – дейді. Ол тіпті итімен серуендеп жүргенде де iPhone-ды қолына алып, лентаны айналдырғысы келіп тұратынын айтқан.
Мұндай белгілер таныс па? Былтыр Oninvest платформасы Facebook сияқты техноалыптардың адам психологиясындағы дофаминге тәуелділік механизмін қалай пайдаланатыны туралы жазды. Дофамин – адамға алдағы сыйлық не жағымды ақпарат келгендей әсер беретін гормон. Әр хабарлама, лайк не пікір сіздің миыңызға шағын «сыйлық» беріп, жағымды тәжірибені қайта-қайта қайталауға ынталандырады.
2024 жылдың маусымында Джорджтаун университетінің профессоры әрі журналист Ричард Саймон «Unplug» атты кітап шығарды. Ол кітапта смартфонмен қарым-қатынасты қалай өзгертуге болатыны талданады. Кітап кейіпкерлерінің бірі: «Экранға кеткен уақыт – қайтып келмейтін уақыт» дейді. Саймон гаджетке тәуелділікті темекі немесе есірткімен салыстырады. Ол зиянды әдеттерден бас тартуда қолданылатын «12 қадам» әдісін смартфонға да қолдануды ұсынады. Өзі смартфоннан бір жылға бас тартқан және оқырмандарға кемінде 60 күнге үзіліс жасауға кеңес береді.
Ол кезеңдік «детокс» үшін кнопкалы телефон, қағаз карта, қарапайым фотоаппарат және музыканы тыңдауға арналған Mighty құрылғысын пайдалануды ұсынады. Бұл – Spotify қолданушыларына арналған ескі iPod Shuffle-дің аналогы.
Саймон жалғыз емес. WSJ жазғандай, цифрлық минимализмді жақтайтындар да гаджеттердің орнына қарапайым құрылғыларды қолдану өмір сапасын жақсартып, өнімділікті арттырады деп есептейді. Бұл қозғалыстың нақты статистикасы жүргізілмегенімен, The New Yorker оның кең тарап жатқанын жазады.
Цифрлық детокс гаджеттер нарығы
Кнопкалы телефондарға деген қызығушылық бизнес назарынан тыс қалмады. Өткен жылы HMD компаниясы Nokia 3210 телефонын қайта шығарды. Жарнама ұраны: «Кеттік 2000-жылдарға! Ол кезде әңгіме – лайк пен репосттан маңыздырақ еді». Компания «new» және «nostalgia» сөздерін біріктіріп, newstalgia деген жаңа термин ұсынды.
Жаңартылған Nokia 3210 ұзаққа шыдайтын батареямен, радиомен және 2 мегапиксельдік камерамен жабдықталған. Әрине, ішінде «Жылан» ойыны да бар. Қытайда бұл телефонның алғашқы партиясы екі күнде түгел сатылып кеткен. Бағасы – 379 юань (шамамен 53 доллар). 2024 жылғы сәуірде Nokia Barca 3210 телефоны «Барселона» футбол клубымен бірлесе жасалған нұсқасы да шықты. Ондағы ұран: «Скроллинг жоқ. Алаңдататын ештеңе жоқ. Ойында толық бол».
HMD ресми сайтында Nokia 110, Nokia 225 және Nokia 105 модельдері сатылып жатыр. Ал саналы цифрлық тұтынуға арналған құрылғыларды шығарушы Light Phone компаниясы қазірдің өзінде Light Phone III моделін әзірледі. Бағасы – 699 доллар, бұл тіпті кейбір жаңа iPhone моделінен қымбат. Құрылғыда ақ-қара экран, 12 мегапиксельдік камера, Wi-Fi, GPS және Bluetooth бар. Бірақ дәстүрлі қосымшалар мен дүкендерге қолжетімділік жоқ. Компания мұндай телефон «жеке тиімділігіңізді арттыруға арналған құрал» деп сипаттайды.
2014 жылы Бруклинде құрылған бұл компания Crunchbase дерегінше, 14,5 миллион доллар инвестиция алған. Осыған ұқсас өнімдермен айналысатын Minimal Company компаниясы арзандау құрылғылар шығарады. Соңғы моделі – 499 доллар. Онда ақ-қара экран, qwerty пернетақта, Google Play-ге қатынау мүмкіндігі бар. Компания сайтында: «Minimal Phone қосымшаларды жаппайды, тек оларды саналы түрде қолдануға ынталандырады» деп жазылған.
2023 жылы олар Indiegogo краудфандинг платформасында 1000-нан аса демеушіден 719 мың доллар жинаған. Компанияның негізін қалаушылардың бірі Андре Юкна бастапқыда әлеуметтік желідегі мазмұнды тұтынудан бас тарту үшін кнопкалы телефонға ауысқан. Бірақ ондай құрылғымен банктік қызметтерді пайдалану қиын болған. Нәтижесінде ол және серіктесі Армен Юсефян BlackBerry мен Kindle арасындағы аралық құрылғы жасауға тырысқан. Minimal Phone экраны оқу үшін ыңғайлы, бірақ онда видео қарау мүмкін емес.
АҚШ-та минималистік телефон сататын дүкендер ашыла бастады. Мысалы, Dumbwireless онлайн-дүкенінің негізін қалаушылар Дэйзи Кригбаум мен Уилл Стултс Light Phone, классикалық Nokia «раскладушкаларын» және швейцариялық Punkt Tronics компаниясының кнопкалы телефондарын сатады. Сондай-ақ оларда Роттердамдық Unpluq стартапының Unpluq Tag физикалық блокираторы да бар. Бұл – сары түсті кішкентай кілт-тег. Оны телефонға тигізіп, өзіңіз шектегіңіз келген сайттар мен қосымшаларды бұғаттауға болады. Тегті үйде қалдырсаңыз, жұмыс кезінде ештеңе алаңдатпайды.
Кәдімгі смартфонға да арнайы қосымшалар орнатып, экрандағы мазмұнды шектеуге болады. Мысалы, Android негізіндегі Minimalist Phone қосымшасы экранды қара-ақ түске ауыстырып, қажетсіз иконкаларды жасырып қояды. Ай сайынғы жазылым – 0,99 доллар, жылдық – 5,99 доллар. iOS үшін осындай қызметті Dumbify қосымшасы бір реттік 4,99 доллар төлеммен ұсынады.
Apple мен Google бірнеше жыл бұрын экран уақытына бақылау орнатуға мүмкіндік беретін функциялар енгізген. 2018 жылы Apple – Screen Time, ал Google – Digital Wellbeing қызметтерін іске қосқан. The Verge басылымы мұндай функциялар ата-ана бақылауы жүйесіне ұқсас екенін жазады. Бірақ бұл мүмкіндіктер экранда өткізілетін уақытты азайтуға көмектесе бермейді және кейде қолданушылар тарапынан шағым туғызады.
Жарнама жоқ, табыс та жоқ
Кнопкалы телефондарға деген қызығушылық ірі смартфон өндірушілеріне қауіп төндіре ме? Қысқа жауап – жоқ. Қарапайым телефондар пайдаланушы туралы дерек жинамайды, қосымша дүкендерге қосыла алмайды. Сондықтан олар маркетологтар мен жарнама берушілерге қызық емес. Бұл құрылғылар арқылы жарнама көрсету немесе тұтынушылық мінез-құлықты талдау мүмкін емес.
Inside The Valley сайтына берген сұхбатында технологиялық компаниялар бойынша кеңесші Джаред Бреннер: «Орташа смартфон қолданушысы — бағдарламалық жасақтамаға инвестиция салған венчурлік қорлар үшін әлдеқайда тиімді клиент» дейді. Себебі кнопкалы телефон арқылы ақша табу мүмкін емес.
Басқаша айтқанда, кнопкалы телефондар цифрлық детокс үшін пайдалы болуы мүмкін, бірақ смартфон алпауыттарына елеулі қауіп төндірмейді. Олардың нарықтағы үлесі тым аз. Cognitive Market Research мәліметі бойынша, 2024 жылы кнопкалы телефон сатылымы 2,3 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткіш жылына 2,3 пайызға өсіп, 2031 жылға дейін артады деп күтіледі. Дүниежүзілік сатылымның 40 пайызы Солтүстік Америкаға, 30 пайызы Еуропаға тиесілі. Салыстырмалы түрде, 2024 жылы смартфон сатылымы 408 миллиард доллар болған.








