KeyBanc Duolingo акцияларын сатып алуды ұсынды және олардың 40% өсуін күтуде

KeyBanc инвестициялық банкі Duolingo білім беру платформасысының акцияларын сатып алуды ұсынып, мақсатты бағасын 460 доллар деңгейінде белгіледі. Бұл баға қағаздардың 40%-дан астам өсу әлеуетін көрсетеді. Сарапшылар компанияның тұрақты іргелі көрсеткіштері мен жүзеге аспаған өсу мүмкіндіктерін атап өтті. 18 тамыздағы сауда ашылғанда Duolingo қағаздары 5%-ға қымбаттады.
Егжей-тегжейлі
KeyBanc сарапшылары тілдерді онлайн оқыту платформасы Duolingo-ның рейтингін бейтарап Sector Weight деңгейінен Overweight (сатып алуға ұсыныс) деңгейіне көтерді және акцияларға 460 долларлық мақсатты баға қойды, деп хабарлайды Investing.com. Жаңа мақсат 16 тамыздағы жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 41% өсу әлеуетін білдіреді.
Сарапшылардың сенімділігі компанияның мықты іргелі көрсеткіштерімен байланысты. Жалпы маржиналдылық – 72%, қаржылық тұрақтылығы жоғары.
KeyBanc негізгі өсу драйверлерінің қатарында Duolingo Energy функциясын іске қосуды (қолданушыларды қателік үшін жазалаудан гөрі жетістіктер үшін ынталандыруға бағытталған), қыркүйекте өтетін жыл сайынғы Duocon конференциясында күтілетін жаңартуларды, сондай-ақ вирустық маркетингтік кампанияларды атады.
Уақытша қиындық
KeyBanc сарапшылары Duolingo-ға қатысты жасанды интеллектті қолдануға байланысты соңғы сын-тегеурінді уақытша қиындық деп бағалады. Бұл ұзақмерзімді тәуекел тудырмайды. Business Insider еске салғандай, сәуірде компания басшысы Луис фон Ан «AI-first» (ЖИ-ге басымдық беру) тұжырымдамасы туралы ішкі жазба жариялаған. Онда ол Duolingo технология толық жетілгенін күтпей, «жылдам әрекет етуге, кейде сапаны құрбан етуге» мәжбүр екенін жазған. Сондай-ақ, кейбір тапсырмаларды ЖИ-мен алмастыру және қызметкерлерді автоматтандырылған дағдылар бойынша бағалау жоспары көрсетілген.
Бұл қолданушылар мен инвесторлар арасында алаңдаушылық туғызды. Әлеуметтік желілерде көптеген шағымдар пайда болды, кейбір аудитория қосымшаны жоя бастады, деп жазады Polygon.
The New York Times-қа берген сұхбатында фон Ан сәуірдегі жоспарды жеткілікті контекстсіз ұсынғанын мойындады. Ол Duolingo ЖИ енгізгені үшін қызметкерлерді қысқартпайтынын айтты. Бірақ алдағы бес жылда инженерлердің жұмысының сипаты өзгереді: «Олар енді күнделікті қайталанатын тапсырмаларды орындамайды. Бір адам бұрынғыдан көп істей алады, бірақ адамдар саны қысқармайды», — деді ол.
Duolingo акцияларының жағдайы
7 тамызда жарияланған тоқсандық есептен кейін Duolingo қағаздары бір күнде 30%-дан астамға қымбаттап, күшті ралли көрсетті. Компания жылдық табыстың 42%-ға өскенін және күнделікті белсенді қолданушылар санының 40%-ға артқанын хабарлады. Негізгі драйвер – генеративті ЖИ-ды енгізу, бұл жаңа курстар ашуға мүмкіндік берді (музыка, шахмат және т.б.), деп түсіндірді фон Ан.
Келесі күндері өсу жалғасты, бірақ 15 тамызда бағамдар сәл түзетілді. Бұған OpenAI ChatGPT-5 таныстырылымы кезінде бәсекелес тіл үйрету қосымшасының көрсетілуі және инвесторлардың пайдасын бекітуі әсер етті, деп еске салады LiveMint.
18 тамызда Duolingo акциялары тағы 5%-ға көтерілді.
StockStory дерегінше компания қағаздары жоғары құбылмалылығымен ерекшеленеді. Бір жыл ішінде олардың бағасы 33 рет 5%-дан артық өзгерген. Дегенмен, ұзақмерзімді серпіні тұрақты. Соңғы үш жылда акциялар 241,6%-ға өсті, ал соңғы жылда АҚШ-тың тұтынушылық қызметтер секторындағы өсімнен асып түсті. Simplywallstreet сарапшылары қысқамерзімді тербелістер нарық көңіл-күйін көбірек көрсетеді, ал іргелі тәуекелдер аз дейді.
MarketWatch-тың дерегінше Duolingo-ны бақылайтын 25 талдаушының 16-сы қағаздарды сатып алуға кеңес береді (Buy, Overweight), сегізі портфельде ұстауды (Hold) ұсынады, ал біреуі ғана сатуға (Underweight) шақырады.








