«Киберқауіпсіздік саласынан жақсы табыс табуға болады»: Сарапшы үздік 5 акцияны атады

АҚШ қауіптің күшеюіне байланысты киберқауіпсіздік саласындағы қорғанысын арттыруы қажет.Bellini Capital инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Арни Беллини Business Insider басылымына берген сұхбатында бұл бағытта жұмыс істейтін компаниялар ұта алатынын атап өтті. Ол инвесторлар назарына іліккен бес жетекші компанияны атаған.
Егжей-тегжейі
«Кейінгі жылдары геосаяси шиеленіс күшейген сайын сарапшылар мемлекеттік құрылымдар мен инфрақұрылым нысандарына бағытталған кибершабуылдар қаупіне алаңдаулы», - деп жазады Business Insider.
Мұндай қауіп, әсіресе, АҚШ-тың Иранның ядролық объектілеріне жасаған шабуылынан кейін өршіді. Соның салдарынан Иранмен байланысы бар хакерлер банктерге, қорғаныс мердігерлеріне және мұнай секторы ұйымдарына шабуылдаған.
«Бұл жағдай инвесторларға киберқауіпсіздік саласында мемлекеттік келісімшарттардан пайда табуға болатын компаниялар акциясын таңдау мүмкіндігін береді. Қазір киберсалада жақсы табыс табуға болады, бұл — орынды инвестиция», - дейді Беллини.
Беллини ұсынған бес акция
Palo Alto Networks — корпоративтік желілерді қорғауға арналған шешімдер шығаратын компания. Беллини бұл компанияны киберқауіпсіздік саласындағы ең мықты таңдау деп санайды. Оның айтуынша, бұл компания жасанды интеллектіні белсенді енгізіп, заманауи қорғаныс архитектурасын дамытып жатыр және АҚШ федералды агенттіктерімен әріптестігі жолға қойылған.
Мысалы, ол АҚШ-тың Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымды қорғау агенттігімен (CISA) жұмыс істейді. Сарапшы бұл келісімшарттың кеңеюін күтіп отыр. Жыл басынан бері компания акциялары 10%-ға қымбаттады. Бұл S&P 500 индексінің өсімінен екі есе артық.
CrowdStrike Holdings — киберқауіпсіздік инциденттеріне әрекет ететін топтар мен қорғаныс саласындағы мердігерлер арасында кең танылған компания. Оның басты артықшылығы – киберқауіптерді нақты уақытта бақылау және операциялық орталықтарды автоматтандыру деңгейі жоғары. Жыл басынан бері компания нарықтық құнын 50%-ға арттырды.
Fortinet желілік қауіпсіздік пен қолжетімділікті басқару саласында алдыңғы қатарда. Беллини бұл компанияның өнімдері әсіресе гибридті инфрақұрылыммен жұмыс істейтін мемлекеттік құрылымдарда қолданылып жатқанын айтады. Биыл акциялары шамамен 13%-ға өсті.
SentinelOne компаниясының акциялары жыл басынан бері 18%-ға арзандағанымен, Беллини оны келешегі бар деп бағалайды. 2013 жылы құрылған бұл компания жасанды интеллекті негізінде жұмыс істейтін қауіптерді анықтау және әрекет ету жүйесін ұсынатынымен ерекшеленеді.
«Хакерлер де ЖИ қолданады. Осы тұрғыда SentinelOne өте тиімді: оның ЖИ негізінде жасалған автономды жүйесі бар», — дейді сарапшы. Мұндай технологиялар саладағы маман тапшылығын өтеуге көмектеседі.
Palantir әскери және азаматтық бағыттағы ЖИ шешімдерін әзірлейді. Жыл басынан бері компания акциялары 83%-ға өсіп, S&P 500 индексіндегі үздіктер қатарына енді. Оның акцияларын жаппай сатып алып жатқан жекелеген инвесторлар оны «мем-акцияларға» теңей бастады.
Компания АҚШ үкіметімен, соның ішінде Пентагон мен Көші-қон және кеден қызметімен бірнеше келісімшартқа ие. Бұл — Беллини үшін басты артықшылық. Дегенмен, ол Palantir-ді тізімнің соңына қойған, себебі бұл компания ЖИ-ді киберқауіпсіздікке емес, негізінен деректерді талдауға бағыттап отыр. Бірақ сарапшының ойынша, қорғанысқа бөлінетін шығындардың артуы Palantir-дің осы бағытына да оң әсер етеді.








