Конгресс Трамптың «Үлкен әрі керемет» заңын мақұлдады. Бұдан кім ұтады, кім ұтылады?

АҚШ Конгресінің төменгі палатасы — Өкілдер палатасы президент Дональд Трамп ұсынған «Үлкен әрі керемет заң жобасын» қабылдады. Құжат мемлекеттік бюджет тапшылығын арттыруды, салықтарды азайтуды және электромобиль сатып алуға берілетін салықтық жеңілдіктер сияқты бірқатар жеңілдіктерді алып тастауды қарастырады. Заң жобасы Tesla бас директоры және бұрын Трамптың ең жақын жақтастарының бірі болған Илон Масктың сынына ұшырады. Бұл олардың арасында ашық жанжалға әкелді.
Егжей-тегжейлі
Өкілдер палатасындағы дауыс беру нәтижесінде 218 депутат «қолдап», 214 депутат «қарсы» дауыс берді, деп хабарлайды Reuters. Енді заң жобасы Трампқа жіберіледі. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің айтуынша, президент құжатқа 4 шілде, жұма күні қол қоймақ. Сол күні АҚШ-та Тәуелсіздік күні аталып өтіледі, ал биржалар жабық болады.
Бұған дейін заң жобасы Конгрестің жоғарғы палатасы — Сенатта қаралып, 51 дауыс «қолдап», 50 дауыс «қарсы» берілді. Шешуші дауысты вице-президент Джей Ди Вэнс берді.
Трамп пен оның жақтастары $4,5 трлн салықты азайту экономика өсімін жылдамдатады деп санайды, дейді Bloomberg. Инвесторлар мен ауқатты америкалықтар заң жобасының басты ұтқан тараптары болса, университеттер мен иммигранттар басты ұтылғандар қатарында деп жазды Bloomberg.
Заң жобасынан кім ұтады?
— Қазба отыны өндірушілері. Көмір, мұнай және газ салаларына салықтық жеңілдіктер беріліп, бұрғылау үшін жаңа федералды жерлерге қолжетімділік ашылады. Ал бәсекелес жасыл энергетикаға берілетін жеңілдіктер біртіндеп жойылады.
— Телекоммуникациялар. Заң жобасы сымсыз кең жолақты байланыс үшін радиожиіліктер диапазонының үлкен бөлігі аукционға шығарылады. Бұл Илон Масктың SpaceX компаниясының Starlink ғарыштық интернетіне, сондай-ақ 5G және 6G мобильді желілерінің әлеуетіне тиімді болады, деп жазады Bloomberg.
— Қорғаныс мердігерлері. Құжатта қорғанысқа жұмсалатын шығынды $150 млрд-қа арттыру көзделген: бұл қаржының едәуір бөлігі ірі компаниялар шығаратын жаңа қару жүйелеріне бағытталады.
— Ғарыш саласы. Ай мен Марсқа ұшу, Халықаралық ғарыш станциясын істен шығару сияқты жобаларды қаржыландыруға шамамен $10 млрд бөлінеді.
— Америкалық автодилерлер. АҚШ-та өндірілген көліктерді сату кезінде 2028 жылға дейін жаңа салықтық шегерімдер алуға мүмкіндік беріледі.
— Мультимиллионерлер. Заң жобасы оларға байлықты мұрагерлерге көбірек беріп, салықтың өсуінен жалтаруға жол ашады.
Кім ұтылады?
— Электромобиль өндірушілері. Tesla, General Motors және басқа брендтерге жаңа электромобиль сатып алуға $7500-ге дейін, ал қолданыстағы көлікке $4000-ге дейінгі салықтық жеңілдіктердің күшін жою ауыр соққы болады.
— Технологиялық компаниялар. Сенат АҚШ штаттарына жасанды интеллектіні реттеуге тыйым салатын түзетуді алып тастады. Бұл технологиялық саланың сыншылары үшін жеңіс болып, Microsoft пен Meta сияқты ірі компанияларға, сондай-ақ Andreessen Horowitz сияқты венчурлік компанияларға соққы болды, деп жазады Bloomberg.
— Жаңартылатын энергетика. Күн панельдері мен жел жүйелеріне берілетін салықтық жеңілдіктер тез арада жойылады. Жыл соңына қарай үйлердің энергия тиімділігін арттыруға және тұрғын аудандарға күн панельдері мен басқа да таза энергия жүйелерін орнатуға арналған жеңілдіктер де тоқтатылады.
Контекст
Маусым айының басында Tesla бас директоры Илон Маск Трамп ұсынған заң жобасын «өте жиркенішті» деп атап, оның федералды бюджет тапшылығын күрт арттыратынын айтты. Бұған дейін Маск ұсынылған шаралар үкімет тиімділігін арттыру департаментінің (DOGE) жұмысын жоққа шығарады деген еді, бұл департаментті ол мамырдың соңына дейін басқарған. Осыдан кейін Трамп Маскты «есінен адасқан» деп атап, оның компанияларынан мемлекеттік келісімшарттар мен субсидияларды қайтарып алуды ұсынды. Қақтығыстың алғашқы кезеңі Масктың Трампқа қарсы жазбаларына өкінетінін мәлімдеуімен аяқталды.
Алайда маусымның айының соңында Маск бірнеше апта үнсіздіктен кейін «Үлкен әрі керемет» заң жобасын тағы сынады. Трамп та сынға қайта оралып, Маскты америкалық бюджеттің субсидияларына тым тәуелді деп айыптап, мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатумен қорқытты. Кейін Трамп Маскты елден шығару ықтималдығы туралы сұраққа нақты жауап бермей: «Білмеймін. Көре жатармыз», — деді. Сондай-ақ Вашингтонға «DOGE-ды Илонға бағыттауға» тура келуі мүмкін екенін қосты.
Трамп пен Маск арасындағы алғашқы жанжалдан кейін Argus сарапшылары электромобильдерге берілетін салықтық жеңілдіктердің аяқталуымен қатар, бұл жанжал Tesla болашағына белгісіздік тудырады деп алаңдаушылық білдірді. Baird сарапшысы Бен Калло да Трамп пен Маск арасындағы шиеленіс Tesla брендіне зиян келтіруі мүмкін екенін айтты.








