Lululemon табысы болжамнан жоғары болғанымен, акциялары 16%-ға құлдырады

Lululemon Athletica — Солтүстік Америкада спорттық киім шығаратын компания — екінші тоқсандағы табыс бойынша болжамнан айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетті. Алайда қаржылық есеп жарияланған соң компания акциялары 16%-ға құлдырады. Бұған негізгі нарықтағы сату көрсеткіштерінің нашарлауы және 2025 жылға арналған болжамның қайтадан төмендетілуі себеп болды.
Егжей-тегжейлі
Lululemon өткен тоқсанда бір акцияға $3,1 табыс тапқанын хабарлады. FactSet консенсус-болжамы $2,86 болатын. Түсім жылдық есеппен 7%-ға өсіп, $2,53 млрд-ты құрады, бұл сарапшылар күткен $2,54 млрд көрсеткішінен сәл төмен болды. Алайда салыстырмалы сатылымдар (жаңа дүкендерді есептемегенде) небәрі 1%-ға ғана өсіп, Уолл-стрит күткен 3,7%-дық көрсеткіштен әлдеқайда төмен болды деп жазады Barron's.
Бұл әлсіз нәтиже Lululemon-ның АҚШ-тағы негізгі бизнес сегментінде салыстырмалы сатылымдардың 4%-ға төмендеуімен байланысты. Компания Солтүстік Америкадағы сұраныс мәселесін бірнеше тоқсан қатарынан бастан өткеріп келеді. Бұған күнделікті киюге арналған спорт стиліндегі киім (athleisure) индустриясындағы өсімнің баяулауы мен бәсекелестіктің күшеюі себеп. Басқа аймақтардағы көрсеткіштер жақсырақ болды. Қытайда сатылым 17%-ға, ал әлемнің басқа бөліктерінде 12%-ға артты. Алайда бұл АҚШ-тағы табыс жоғалтуды толықтай өтей алмады деп атап көрсетеді Barron's.
Компания маусым айында жылдық болжамын төмендеткен болатын, алайда 4 қыркүйекте оны тағы да қайта қарады. Енді Lululemon жылдық түсімді $10,85 млрд пен $11 млрд аралығында болжап отыр. Бұған дейінгі болжам $11,15–11,3 млрд болатын. Жаңа диапазонның орта нүктесі — $10,93 млрд — сарапшылардың консенсус-болжамы $11,2 млрд-тан төмен. Сонымен қатар компания табысқа қатысты күтілімдерін де төмендетті. Бұған сатылым қарқынының баяулауы мен АҚШ-қа тауар импортындағы баж салығының күтілгеннен жоғары әсері себеп. New York Post мәліметінше, 2024 жылы компания өнімінің 40%-ын Вьетнамда өндіріп, маталардың 28%-ын Қытайдан жеткізген.
Нью-Йорк қор биржасындағы постмаркетте компания акциялары 16%-ға құлдырады.
Сарапшылар не дейді
«Инвесторлар бәрі жақсы болады деп үміттенген еді, бірақ шындық одан мүлде алыс болып шықты», — деді Barron’s басылымына Zacks Investment Research қорының стратегі Дэвид Бартосяк, йогамен тығыз байланысты Lululemon брендін меңзеп. — «Енді басты мәселе — бренд кедергілерге төтеп бере ала ма, әлде баж салығы мен ішкі нарықтағы әлсіздікке төтеп бере алмай қала ма».
Бұрын Lululemon бірегей маталар мен патенттелген технологиялар арқылы ерекшеленетін. Алайда қазір дәл сондай сападағы киімдерді көптеген басқа жерден — Alo Yoga сияқты жаңа люкс брендтерінен бастап жаппай нарықтағы дүкендерге дейін — табуға болады деп жазады Reuters, eMarketer аналитигі Сьюзи Давидханянға сілтеме жасай отырып. Оның айтуынша, Lululemon-ды бәсекелестерден оқшаулап келген кедергілер әлсіреп жатыр.
Компания 2026 жылы өсім жеделдейді деп үміттенуі — қате шешім, деп мәлімдеді CNBC-ге Jefferies басқарушы директоры Рэнди Конник. Ол компания акцияларына жаңа мақсатты бағаны $150 деп белгілеп, Уолл-стриттегі ең пессимистік болжам жасады. Аналитиктің пікірінше компания проблемаларын толық мойындамай отыр, ал акциялар құлдыраудың шегіне тек басқарма шынайы, әлдеқайда төмен пайда болжамын ұсынғанда ғана жетеді. Конниктің сөзінше компания «өз жетістігінің құрбанына» айналды: бұрынғы қаржылық көрсеткіштері — бір шаршы футқа шаққандағы түсім мен операциялық тиімділік — қалыптан тыс жоғары болған, енді олар төмендеп, толық құлдырауға ұшырауы мүмкін. Оның айтуынша сатылым төмендеген кезеңде жаңа дүкендер ашу — бұл «өлім спиралі»: тұрақты шығындар маржаны жеп қояды.
Lululemon-ның екінші тоқсандық есебінің жариялануына дейін Jefferies және басқа да бірнеше аналитикалық компаниялар акция бағасына арналған мақсатты көрсеткіштерін қайта қарағанын Investing.com еске салады. Needham акция бағасын $317-ден $238-ге дейін түсіріп, арзандатылған тауарлардың көбеюі маржаға қысым түсіруі мүмкін екенін атап өтті. BTIG өз бағасын $405-тен $375-ке дейін төмендетіп, АҚШ-тағы өсім қарқынының баяулауына алаңдаушылық білдірді. Morgan Stanley таргетін $280-ден $223-ке дейін түсірді — ол да АҚШ-тағы әлсіз сатылымды атап өтті. BofA Securities макроэкономикалық қауіптерге байланысты бағасын $370-тен $300-ге дейін түсіргенімен, компания акцияларын әлі де тартымды деп санайды.








