БастыReview
Бөлісу

Ұлы бірігу: миллиардерлер неге біздің санамызға қол созуда?

Роман Кутузов

Роман Кутузов

Oninvest шолушысы, технологиялар
Ұлы бірігу: миллиардерлер неге біздің санамызға қол созуда?

Тамыздың ортасында OpenAI бас директоры Сэм Альтман «ми-компьютер» интерфейсін әзірлейтін Merge Labs компаниясын қолдауға ниетті екені белгілі болды. Бұл — адамның миындағы нейрондық сигналдар арқылы компьютерді басқаруға мүмкіндік беретін, яғни ой күшімен жұмыс істейтін технологиялар класы.

Альтман империясы

Бұл шешім оның бұрынғы серіктесі, қазіргі басты қарсыласы Илон Маскпен бәсекелестікті одан әрі шиеленістіріп отыр. Маск дәл осындай Neuralink стартапын 2016 жылы іске қосқан еді. Қазір бұл технология негізінен сал болып қалған адамдарға компьютер арқылы сыртқы ортамен қайта байланысуға көмектесу мақсатында қолданылады. Дегенмен екі миллиардер де болашақта бұл технология адамзатты жойылып кетуден құтқара алады деп санайды.

Илон Маск пен Сэм Альтман кезінде OpenAI-ды «жауапты жасанды интеллект» әзірлейтін коммерциялық емес ұйым ретінде бірге құрған болатын. Алайда 2018 жылы олардың жолдары екіге бөлінді, ал 2024 жылы тіпті сотқа дейін жеткен үлкен дауға ұласты.

Forbes-тың жазуынша Масктың Grok 4 жүйесі мен OpenAI-дың GPT-5 арасындағы тікелей тартыстан бөлек, Альтман бәсекелесінің басқа да бизнес бағыттарына қауіп төндіретін құрылымдарды өз компаниясы айналасында біртіндеп құра бастады. Мысалы, OpenAI әлеуметтік желі жасау мүмкіндігін қарастырып жатқаны белгілі болды.

The Verge сәуір айында: «Ішкі прототип бар екені белгілі болды, ол ChatGPT-дің сурет генерациясын әлеуметтік лентамен ұштастыруға бағытталған. Біздің дереккөздеріміздің айтуынша Сэм Альтман бұл жобаға қатысты сыртқы мамандардан жасырын пікір жинаған» — деп жазды.

Forbes-тың пікірінше OpenAI-дың әлеуметтік желі нарығына шығуы Масктің X желісіне елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Statista деректеріне сүйенсек, X ай сайын 600 млн пайдаланушыға ие, ал OpenAI болса ChatGPT-ді аптасына 700 млн қолданушы пайдаланады деп мәлімдеді.

Мамырда OpenAI роботакси өндірушісі Glydways-пен, ал маусымда — Tesla-ның бәсекелесі саналатын автономды көлікке арналған бағдарламалық жасақтама әзірлеуші Applied Intuition компаниясымен серіктестік орнатты.

Масктің SpaceX компаниясы әлемдік деңгейде спутник ұшыруда көшбасшы ма? Альтман оған балама ретінде зымыранды ғарышқа «алып зеңбірекпен» атып жіберуді жоспарлап отырған Longshot Space стартапын қолдайды (иә, шынымен де).

Ал енді Neuralink-ке балама табу кезегі келді. Financial Times-тың мәліметінше Альтман Merge Labs стартапын қолдамақ, ол $850 млн бағалау кезінде $250 млн инвестиция іздеуде. Компания жасанды интеллект пен жасушаларды генетикалық өңдеу технологиясын біріктіріп, «ми-компьютер» интерфейсін жетілдіруді көздейді. Газеттің екі дереккөзіне сәйкес Альтман бұл жобаны World стартапының негізін қалаушы Алекс Бланиямен бірге іске қоспақ.

Технологиялық жарыс

Neuralink биыл маусым айында $650 млн инвестиция тартып, компания бағасы шамамен $9 млрд-қа жетті (Semafor дерегі). Bloomberg-тің дерегінше компания алты жыл ішінде бес ірі клиника ашып, 2031 жылға қарай жылына кем дегенде 20 мың операция жасауды және одан $1 млрд табыс табуды жоспарлап отыр.

Әзірге Масктің пациенттері саусақпен санарлық. Шілденің соңында көлік апатынан кейін 20 жылдан астам уақыт сал болып қалған Одри Крюс X әлеуметтік желісінде өзінің тоғызыншы пациент әрі Neuralink имплантын алған алғашқы әйел болғанын жариялады. Ол алғаш рет ой күшімен компьютерге өз есімін жазған сәтін көрсетті — жазба 3 млн қаралым жинады.

Ал Merge Labs әзірге тек идея сатысында. Bloomberg-тің мәліметінше компания ми жасушаларының кейбірін генетикалық өзгертіп, кейін ультрадыбыспен олардың белсенділігін тіркеуді және ынталандыруды көздейді. Бұл бағыт соногенетика деп аталады, ал ультрадыбысты гендік терапиямен біріктіру «жылдарды қажет етуі мүмкін».

MIT Technology Review сәуір айындағы шолуында Neuralink-тен бөлек, «ми-компьютер» интерфейстерімен нью-йорктік Synchron және қытайлық Neuracle Neuroscience айналысып жатқанын жазды.

• Synchron электродтары бар стентті (stentrode) мойын тамыры арқылы ми тамырына енгізеді. Бұл Neuralink-тен қауіпсіздеу, себебі чипті орнату үшін бас сүйекті тесудің қажеті жоқ. Бірақ оның минусы да бар, ол тек шектеулі ақпарат жинайды, сондықтан пайдаланушы тек қарапайым командаларды (мысалы, «қосу/өшіру») орындап, дайын хабарламаларды таңдай алады.

• Neuracle Neuroscience 2025 жылдың басында жариялаған есебінде эпидуралды орналасқан 8 электрод арқылы пациент экзоскелет қолды басқара алғанын көрсетті. Тіпті 9 айдан кейін оның өз қолының қозғалысы да жақсарған.

MIT Technology Review дерегінше Synchron-ның қазіргі таңда 10 пациенті бар, бұл саладағы ең үлкен көрсеткіш. Neuracle пациент саны туралы ақпаратты ашпайды. Әлемде жалпы есеппен 35 адам түрлі компьютерлік имплантпен өмір сүріп жатыр.

2021 жылы құрылған Precision Neuroscience стартапы Neuralink пен Synchron арасындағы аралық жолды ұсынады. Олардың интерфейсі — ми бетіне қойылатын өте жұқа пленка. Бұл әдіс жоғары сезімталдықты электродтарсыз қамтамасыз етуі мүмкін. 2024 жылы компания FDA-дан мұндай интерфейсті миға 30 күнге дейін орналастыруға рұқсат алды.

Алайда, Маск та, Альтман да бұл технологияны тек ақша табудың құралы емес, әлдеқайда маңызды нәрсе деп есептейді.

Ғылымнан инвестицияға

«Демек, бала кезіңде дұрыс кітап оқыған екенсің» — Владимир Высоцкийдің осы жолдары Кремний жазығының техномагнаттарына да арналғандай әсер қалдырады.

Британ жазушысы Иэн Бэнкс 1980-жылдардың соңынан бастап «Мәдениет» атты фантастикалық роман сериясын жазған болатын. Онда адамдар мен жасанды интеллекттерден тұратын өркениет суреттеледі.

The Economist-тің жазуынша Масктың Neuralink құруына осы кітаптардағы «нейрожіп» (neural lace) идеясы әсер еткен. Айтпақшы, Масктің SpaceX компаниясының екі қону платформасы да Бэнкстың шығармаларындағы кемелердің атауын иеленген: «Жай ғана нұсқаулықты оқы» және «Әрине, мен әлі де сені сүйемін».

Meta бас директоры Марк Цукерберг 2015 жылы Бэнкстың «Ойыншы» романын өз кітап клубының тақырыбы ретінде жариялады, ал 2017 жылы нейроинтерфейс жасау жобасын бастағанымен, төрт жылдан соң тоқтатты.

Сэм Альтман Бэнкстың кітаптарын оқыды ма белгісіз (бірақ, бәлкім, иә). Ол 2017 жылы блогында: «Адамзаттың алдында екі жол тұр — не жасанды суперақыл жасап, динозаврлар сияқты жойылып кету, не «бірігу» (merge) жолына түсіп, компьютерлік ЖИ-мен қосылу».

Маск та осыған ұқсас ойда. Оның пікірінше адамдар электронды суперақыл үшін үй жануарындай ғана болмақ. Шешімі — адамның компьютермен бірігуі. Business Insider Масктің сөзін былай келтіреді: «Егер біз сіздің цифрлық «меніңізбен» жоғары жылдамдықты нейрондық интерфейс жасай алсақ — сіз енді үй мысығы емессіз».

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары