Ұлы қытайлық техноралли: инвесторлар қандай тәуекелдерді естен шығармауы керек

Жасанды интеллектті дамытудағы жетістіктер мен оған арналған чиптердің өндірісі Қытайдың технологиялық компаниялары нарығында үлкен серпіліс туғызды. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, Қытай нарығына инвестиция жасауға абай болу қажет: Пекиннен келетін саясаттың қай жаққа қарай ойысатынын ешқашан алдын ала болжау мүмкін емес.
Ақылды өсім
Қыркүйек айында Гонконгтың Hang Seng Tech индексі шамамен 8,5%-ға өсіп, 30 компаниясының капитализациясын 240 млрд долларға ұлғайтты.
Қытайдың қор нарығы сәуірден бері өсіп келеді. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғысын бәсеңдетіп, Пекинмен келіссөздерді бастағаннан кейін байқалды.
Соңғы айларда өсім үдей түсті. Бұл тіпті 2007 және 2015 жылдардағы «көпіршіктің» қайталануынан қауіптенген Қытай билігін алаңдатты. Жаңа серпін жасанды интеллект саласындағы жергілікті компаниялардың жетістіктеріне байланысты болды.
Alibaba компаниясының тоқсандық нәтижелері күшті триггер болды. Тамыздың соңында компания бұлттық бөлімшесінің табысы 26%-ға өскенін хабарлады (сарапшылар 18,4% күтті). ЖИ-мен байланысты өнімдердің үш таңбалы өсімі бұлттық бизнестің кеңеюіне негіз болды. Әлем бойынша ЖИ-ді қаржылай пайдаға айналдыру әлі де арман болып тұрса да, Alibaba акциялары қыркүйектің 1-і күні Гонконгта 19%-ға өсіп, компания капитализациясы 50 млрд долларға артты.
Baidu, Cambricon және Huawei секілді басқа да компаниялар заманауи микрочиптер мен ЖИ өнімдерін жасау бойынша айтарлықтай нәтижелерге жеткенін көрсетті. Барлық ірі интернет-компаниялар өздерінің ЖИ үлгілерін шығаруға тырысуда: Tencent – Hunyuan, Baidu – Ernie үлгісін ұсынды.
17 қыркүйекте Baidu акциялары Гонконгта 16%-ға көтерілді. Goldman Sachs сарапшылары Baidu-дың жаңа Ernie X1.1 үлгісінің сапасы DeepSeek-ті басып озғанын айтты. Жыл басында ChatGPT-ге тең, бірақ арзанырақ DeepSeek стартап үлгісінің шығуы Қытай технологияларына қызығушылықты арттырған болатын.
18 қыркүйекте Huawei алғаш рет Nvidia-мен бәсекелесу стратегиясын жариялады. Жыл соңына дейін Ascend 950 флагмандық чипінің екі түрін, ал 2027–2028 жылдары жаңа 960 және 970 нұсқаларын шығармақ. Компания чипке өздерінің жоғары өнімді жадын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам Қытайды АҚШ пен Корея жеткізушілеріне тәуелділіктен құтқаруы мүмкін.
Huawei сондай-ақ әлемдегі ең қуатты есептеуіш жүйелер — Atlas 950 және Atlas 960 суперкластерлерін шығаруды көздейді. Atlas 950 SuperPod құрамында 15,5 мың чип болады, оның қуаты Nvidia-ның жаңа NVL144 жүйесінен 6,7 есе артық.
Saxo Markets-тің бас инвестициялық стратегы Чару Чанана: «Қытайдың технологиялық көшбасшылары ЖИ-ге қарқынды инвестиция салып, жаңа өнімдер шығаруды жеделдетіп жатыр. Олар ЖИ-ді көпшіліктің ойлағанынан тезірек пайдаға айналдыра алатынын дәлелдеді. Қытай акцияларының бағалау коэффициенттері америкалықтардан төмен болғандықтан, инвесторлардың назарын қайта тартып отыр» деді.
Bloomberg деректеріне сәйкес, Alibaba, Tencent, Baidu және JD.com сияқты компаниялардың инвестициялары 2023 жылғы 13 млрд доллардан биыл 32 млрд долларға дейін өседі. Дегенмен бұл АҚШ алыптарының ЖИ-ге жұмсайтын 390 млрд долларынан әлдеқайда аз.
Қытайлық акциялар арзан болып көрінеді. Hang Seng Tech индексіндегі компаниялардың P/E көрсеткіші 21 деңгейінде, бұл соңғы бес жылдық орташа деңгейден (23,3) төмен және Nasdaq 100 индексінен (27) де аз.
Bank of East Asia сарапшысы Джейсон Чанның айтуынша, Қытай нарығындағы раллиді негізінен ЖИ-ге қатысты компаниялар бастап тұр, әсіресе есептеу инфрақұрылымында.
Cambricon акциялары тамыз айында екі еседен астам қымбаттады. ЖИ жылдамдатқыштарын шығаруда Huawei-мен бәсекелесетін бұл компания жыл басынан бері рекордтық 1,03 млрд юань пайда тапты.
Жергілікті чиптер
Жартылай өткізгіш өндірушілердің акциялары ерекше қарқынмен өсті. Semiconductor Manufacturing International Corp. және Hua Hong Semiconductor акциялары үш айда шамамен екі есеге артты.
Нәтижесінде материктік нарықтағы Star50 индексінің P/E көрсеткіші 57-ге жетті (соңғы бес жылдық орташа деңгей — 41).
GAM Investment Management сарапшысы Цзянь Ши Кортези: «Қытай чип нарығының АҚШ-тан тәуелсіздігіне жету үшін көп жыл қажет, бірақ бұл процесс инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік» деді.
Aberdeen Investments өкілі Буш Чу да: «Акция бағасының өсуі инвесторлардың Қытайда көбірек чип өндірілетініне сеніп отырғанын білдіреді. Бұған АҚШ пен Қытай шектеулері ықпал етуде» деді.
АҚШ Nvidia мен TSMC өнімдерінің Қытайға жеткізілімін шектеді. Ал Пекин, өз кезегінде, Nvidia-ның Қытай үшін арнайы шығарған H20 және RTX Pro 6000D чиптерін сатып алуға тыйым салды. Бұл шешім Қытай чиптерінің өнімділігі АҚШ үлгілеріне теңесті деген тұжырымға негізделді.
Қытайлық чиптер әлі де Nvidia және AMD өнімдерінен төмен, бірақ олар қуат пен өнімділіктегі шектеулерді айналып өтетін шешімдер тауып жатыр. Мысалы, Huawei чиптерді біріктіріп, үлкен кластерлер құруда.
Қытайда кім мықты?
Инвесторларға қытай нарығында әрқашан сақ болу керек. Fuller Treacy Money баспагері Йон Триси: «Бұл ұмытып кете беретін нарық емес. Саяси құбылмалылық әрқашан бар. Ол кейде пайда әкелсе, кейде зиян тигізеді» деді.
Alibaba акциялары биыл екі есе өсіп, 80-нен 160 юаньға жетті. Бірақ ол әлі де 2020 жылғы ең жоғары деңгейден екі есе төмен (320 юань).
Сол кезде компанияның негізін қалаушы Джек Ма банктерді ашық сынға алып, билікпен қақтығысты. Нәтижесінде Alibaba-ның IPO-сы тоқтатылып, Ма акцияларының көп бөлігінен айырылды. Ол біраз уақытқа жұрт көзіне түспей кетті.
Пекин технологиялық секторға қатаң шара қолданды: онлайн-білім беру саласын жойды, ірі бизнесмендерді шектеді. Alibaba ғана 700 млрд доллар капитализациясынан айырылды.
Алайда биыл Джек Ма қайта сахнаға шығып, Alibaba кеңселерінде пайда бола бастады. Ол компанияның болашағын ЖИ үлгілері, бұлттық платформа және T-head чиптерімен байланыстырды.
Бұл оның саяси тұрғыда қайта қолдау тапқанын, әрі Alibaba-ның ЖИ секторында көшбасшылыққа ұмтылып отырғанын білдіреді.
Alibaba үш жылда ЖИ мен бұлт инфрақұрылымына 380 млрд юань ($53,4 млрд) салуға уәде берді. Тек соңғы бір жылда компания 100 млрд юаньнан астам қаржы құйды.
Бас директор Эдди Ву: «ЖИ-ге инвестицияларымыз нақты нәтиже бере бастады. ЖИ Alibaba-ның сенімді өсуіне жол ашатыны анық» деді.








