БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Ұлыбритания қорғаныс шығынын арттырды. Қорғаныс компаниялары акциясы рекорд жаңартты

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Ұлыбритания қорғаныс шығынын арттырды. Қорғаныс компаниялары акциясы рекорд жаңартты

BAE Systems, Renk Group AG және Rheinmetall AG компанияларының котировкалары тарихи максимумға дейін шарықтады. Ұлыбританияның суасты флотын кеңейтіп, ядролық тежеу күшін нығайту жоспары туралы мәлімдемесі аясында басқа еуропалық қару-жарақ өндірушілерінің де акциялары өсті.

Егжей-тегжейлі

— BAE Systems қағаздары Лондонда 2,2% күр өсіп, тарихи максимумға жетті.

— Британдық сүңгуір қайықтарға қызмет көрсететін Babcock International Group акциялары Франкфурттағы саудада 11,5% шарықтады. Бұл — 2016 жылдың қыркүйегінен бергі максимум. 2025 жылдың басынан компанияның нарықтық құны екі еседен астам өсті.

— Ғылыми-техникалық әзірлемелерге маманданған британдық Qinetiq компаниясының акциялары Франкфуртта 3,5% қымбаттады.

— Танктерге арналған қосалқы бөлшектерді жеткізетін немістің Renk Group котировкалары бірден 7% өсіп, Франкфурт биржасындағы бүкіл сауда тарихындағы максимумға жетті. Компания 2024 жылдың ақпанында IPO өткізген, содан бері оның капитализациясы 380%-дан астамға шарықтады.

— Германиядағы ірі қорғаныс концерндерінің бірі — Rheinmetall акциялары шамамен 3% көтерілді. Бұл да олардың тарихи максимумы болды. Жыл басынан 210% плюсте болды.

— Қорғаныс электроникасына маманданған немістің Hensoldt акциялары 14,3%-ға қымбаттап, тарихи максимумға жетті.

Аталған соңғы үш компания биыл жалпыеуропалық Stoxx 600 индексіндегі өсім бойынша көшбасшылар қатарына енді, деп атап өтті Bloomberg.

Қандай жағдай орын алды?

Ұлыбританияның қарулы күштерін ауқымды реформалау жөніндегі мәлімдемесі аясында инвесторлар еуропалық қорғаныс компанияларының бағалы қағаздарын жаппай сатып ала бастады, деп атап өтті Bloomberg. 15 млрд фунт стерлингке ($20 млрд) ядролық оқтұмсықтар бағдарламасын қаржыландырып, АҚШ және Аустралиямен серіктестік аясында 12-ге дейін сүңгуір қайық салуды жоспарлап отыр.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер елдің әлемдегі қауіп-қатерлер мен тұрақсыздықтың күшеюіне жауап ретінде «жауынгерлік дайындық» режиміне көшетінін хабарлады. «Егер сіз қақтығыстардың алдын алғыңыз келсе, оны істеудің ең тиімді жолы — сол қақтығыстарға дайын болу. Әлем өзгерді: біз дайын болуымыз керек», — деді Стармер дүйсенбі күні BBC Radio-ға берген сұхбатында, қорғанысты күшейтуге арналған стратегия жарияланардың алдында.

Геосаяси шиеленістің күшеюі мен АҚШ президенті Дональд Трамптың қысымы аясында Ұлыбритания мен ЕО қорғаныс шығындарын арттырып жатыр, деп атап өтті Bloomberg. Трамптың айтуынша, Еуропа елдері өз қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде АҚШ-қа тым қатты тәуелді.

Өсімнің қосымша драйвері ретінде JPMorgan сарапшысы Дэвид Перридің бірден бес қорғаныс компаниясының акциялары бойынша мақсатты бағаларды көтеруі болды: олардың 2-еуі — немістік (Hensoldt және Renk), ал 3-еуі — британдық (BAE Systems, Babcock және Qinetiq). Мысалы, ол Hensoldt акцияларының мақсатты бағасын 50 еуродан 110 еуроға дейін, яғни екі еседен астам өсірді және рейтингін бейтарап деңгейден «нарықтан жоғары» деңгейіне көтерді, бұл — қағаздарды сатып алуға ұсыныс берумен тең. Renk неміс компаниясы бойынша мақсатты баға 25%, ал британдық Babcock бойынша 37% өсті. Сарапшы бұл шешімін қаржылық көрсеткіштерге қатысты болжамдардың жақсаруы және үкіметтердің әскери шығындарға қатысты міндеттемелерінің артуымен байланыстырды. Германияны 2035 жылға дейін созылатын ұзақ қайта қарулану циклі күтіп тұр, ал Ұлыбританиядағы партияаралық үкімет 2029 жылдан кейін де қорғанысқа инвестицияны арттыруды қолдай бермек дейді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары