Macy’s акциялары 20%-ға өсті: ритейлер 12 тоқсандағы ең үздік сатылымды көрсетті

Macy’s әмбебап дүкендер желісінің акциялары есеп жарияланғаннан кейін 22 пайызға қымбаттады. Салыстырмалы сатылымдар үш жылда алғаш рет өсті, пайда күткеннен жоғары болды, сондай-ақ болжамдар да жаңартылды. Компанияның айтуынша, тұтынушылар инфляция мен кедендік алымдарға қарамастан шығындарын жалғастырып отыр, бірақ жылдың екінші жартысында сатып алу мінез-құлқы сақ бола түсуі мүмкін.
Егжей-тегжейі
3 қыркүйек, сәрсенбі күні Macy’s қағаздары саудада 22 пайызға жуық көтеріліп, 16,43 долларға жетті. Бұл — 2025 жылдың қаңтарынан бергі ең жоғары баға. Күн ішіндегі осындай серпін соңғы рет 2023 жылы болған. Бұған дейін акциялар жыл басынан бері 20 пайызға құлдыраған еді, енді шығын 5 пайызға дейін қысқарды.
Инвесторлар ритейлердің екінші тоқсандық есебін оң қабылдады. Нәтижелер сарапшылар күткеннен жоғары болды. Бұл тұтынушылардың шығындарын жалғастырып отырғанын көрсетті.
Компания өкілдері не айтты?
Бір жылдан астам жұмыс істейтін дүкендердегі сатылымдар екінші тоқсанда 0,8 пайызға өсті. FactSet консенсусында керісінше 0,5 пайыз төмендеу күтілген. Бұл үш жылдан бергі алғашқы оң көрсеткіш әрі соңғы 12 тоқсандағы ең жақсы өсім.
Түзетілген пайда бір акцияға 41 цент болды, ал кіріс көлемі 4,8 млрд долларды құрады. Сарапшылар тек 19 цент және 4,7 млрд доллар күтті.
Macy’s кірістің болжамын да көтерді: жыл қорытындысында 21,45 млрд долларға жетуі мүмкін (бұрынғысы 21,4 млрд доллар). Пайда бойынша болжам да кеңейтілді: енді 1,7–2,05 доллар аралығында (бұрын 1,6–2). FactSet дерегінше, сарапшылар орта есеппен 21,18 млрд доллар кіріс пен бір акцияға 1,79 доллар пайда күтіп отыр.
Компания жыл соңында салыстырмалы сатылымдар аздап төмендейді деп болжайды, бірақ көрсеткіш жақсарған: мамырдағы болжамдағы 2 пайыз орнына енді 0,5–1,5 пайыз төмендеу күтіледі.
2024 жылы бас директор болған Тони Спринг ең үлкен әлеуеті бар дүкендерді жаңартуға баса назар аударды. Бұл бағдарлама Bold New Chapter деп аталды. Компанияның пікірінше, ол алғашқы нәтижелерін бере бастады.
«Бұл Macy’s динамикасындағы бетбұрыс бастамасы» деді Спринг Bloomberg-ке берген сұхбатында. Ол «мектепке оралу» маусымы сәтті басталғанын, бұл мерекелік кезеңге жақсы белгі екенін айтты.
Компания нені күтеді?
Жақсы нәтижелер мен болжамға қарамастан, Macy’s тұтынушылар жылдың екінші жартысында абайырақ болуы мүмкін деп ескертті.
«Сатып алушылар не алатынын мұқият таңдауда» деді Спринг.
Компания әлі де кедендік алымдардың әсерін есепке алады. Ол үшін кейбір тауарларға бағаны көтеру, Қытайға тәуелділікті азайту және кейбір тапсырыстарды қысқарту қарастырылып отыр.
Спрингтің айтуынша, баға көтеру барлық тауарға бірдей қолданылмайды, мұқият таңдалған категорияларға ғана енгізіледі.
Bloomberg атап өткендей, Macy’s-тің тоқсандық кірісі жылдық көрсеткішпен салыстырғанда қатарынан 13 тоқсанда төмендеп келеді. Бұл компания әлі тұрақты өсім үлгісін іздеп отырғанын көрсетеді.
Сарапшылар не дейді?
Fitch Ratings сарапшысы Дэвид Сильверман: «Нәтижелер компанияның соңғы бастамалары жемісін бере бастағанын көрсетті. Дегенмен алдағы уақытта Macy’s кедендік алымдар мен тұтынушылардың сақтығы жағдайында жұмысын жалғастырады» деп жазды.
Macy’s акцияларына 15 сарапшы баға берді. Олардың 11-і сақтық танытып, қағаздарды ұстауға кеңес береді (Hold). Екеуі сатып алуға (Buy), тағы екеуі сатуға (Sell/Underweight) шақырады.








