БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Morgan Stanley Pinterest акцияларын сатып алуды ұсынды. Бұған үш себеп бар

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Morgan Stanley Pinterest акцияларын сатып алуды ұсынды. Бұған үш себеп бар

Morgan Stanley визуалды идеяларды іздеуге арналған Pinterest платформасының акцияларын сатып алуға кеңес берді. Инвестбанк бұл шешімін компанияның бірнеше күшті жағына сүйене отырып түсіндіреді. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізіндегі инновациялардан бастап, табыстың өсу әлеуетінің толық бағаланбауына дейінгі аралық қамтылған. Сонымен қатар Pinterest акциялары балама компанияларға қарағанда жеңілдікпен саудалануда, деп бағалайды Morgan Stanley.

Егжей-тегжейі

Morgan Stanley Pinterest акцияларының рейтингін бұрынғы бейтарап «equal weight»-тен «overweight»-ке көтерді. Бұл — сатып алуға ұсыныс берілгенін білдіреді, деп хабарлайды CNBC. Сонымен қатар инвестбанк компанияның акциялары үшін мақсатты бағаны 37 доллардвн 45-ке көтерді. Бұл Pinterest құны жұма күнгі жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 21% өсуі мүмкін екенін көрсетеді.

21 шілде күні премаркет кезінде Pinterest акциялары 4,5%-ға өсті, ал негізгі сессия ашылған соң тағы 2,6%-ға көтерілді. 2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны шамамен үштен бірге артты.

Өсім драйверлері

Morgan Stanley сарапшысы Брайан Новак Pinterest акцияларын сатып алудың үш себебін атады:

1. GPU негізіндегі инновациялар. Компания бірнеше айдан бері графикалық процессорлар қолданатын технологияларды енгізіп келеді. Бұл нақты нәтижелер бере бастады, дейді инвестбанк. AI технологиялары Pinterest-ке жарнама мен контентті дәлірек іріктеуге көмектесуде. Нәтижесінде кампаниялардың тиімділігі мен релеванттылығы артады, деп жазады Investing.com.

«Біз бірнеше тоқсан бойы Pinterest-тің GPU-ға негізделген технологияларға инвестицияларын және пайдаланушылар белсенділігінің, монетизацияның өсуін бақылап келеміз. Жылдың екінші жартысында біздің болжамымыз оң бағытқа өзгереді. Себебі бұл инвестициялар компанияның табысын жеделдетіп, пайдасын арттырады деп санаймыз», — деді Новак.

2. Компания бағасының тартымдылығы. Pinterest акциялары салыстырмалы компаниялармен салыстырғанда шамамен 16% жеңілдікпен саудалануда. Snap-пен салыстырғанда да дәл осындай айырмашылық байқалады. Алайда Pinterest-тің өсімі 1,5–2 есе жылдамырақ болады, ал EBITDA бойынша маржа 2–3 есе жоғары болуы мүмкін. Pinterest акцияларының баға мен табыс мультипликаторы — 13,2. Ал S&P 500 индексі бойынша бұл көрсеткіш 26-дан жоғары, деп жазады Bloomberg.

3. Нарық табыстың өсуін толық бағаламай отыр. Morgan Stanley мәліметінше, Pinterest табысы 2024 жылдың екінші жартысымен салыстырғанда 17–18%-ға артады. Соңғы 12 айда компания табысы 17,8%-ға өсті, ал жалпы маржасы 79,6%-ға жетті.

«Тарихта табысы жедел өсіп, маржасы кеңейген технологиялық компаниялар жоғары табыс көрсетті. Pinterest бұл үрдісті қайталай алады деп есептейміз. Әсіресе оны GPU мен генеративті AI трендінің негізгі бенефициары ретінде қабылдайтын болса», — деді сарапшы.

Pinterest 2-тоқсандағы қаржылық нәтижелерін 7 тамызда жариялайды.

Басқа сарапшылардың пікірі

KeyBanc өткен аптада Pinterest акцияларын сатып алу туралы ұсынысын растады, бірақ мақсатты бағасын 40 долларға дейін төмендетті. Ол компанияның үшінші тоқсанға арналған болжамы нарық күткен межемен сәйкес келеді деп есептейді.

TD Cowen бірнеше күн бұрын керісінше, мақсатты бағаны 43 долларға дейін көтерді. Бұл — жарнама бизнесінің оң көрсеткіштері мен 2-тоқсанда 14,6%-дық табыс өсімі күтілетініне байланысты.

Wells Fargo да мақсатты бағаны 42 долларға көтерді. Олар пайдаланушылар базасының өсімі мен маржа жақсарғанын атап өтті. Компания табысы шамамен 15%-ға артады деп болжап отыр.

MarketWatch деректеріне сүйенсек, Pinterest акцияларын 43 сарапшының 35-і сатып алуға кеңес береді («Buy» және «Overweight» рейтингтері). Жетеуі бейтарап көзқараста («Hold»), ал бір ғана сарапшы сатуға («Sell») кеңес берген. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы Pinterest акциялары үшін 18 шілдедегі жабылу бағасынан 11%-ға жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары