Мұнай бағасының түсуі Exxon мен Chevron компанияларының пайдасын азайтты

АҚШ-тың мұнай алпауыттары Exxon Mobil мен Chevron үшінші тоқсанда таза пайдасының төмендегенін мәлімдеді. Бұл мұнай бағасының арзандауымен байланысты. Дегенмен екі компания да Уолл-стриттің табыс пен акцияға шаққандағы пайда болжамынан асып түсті. Сонымен қатар, өндіріс көлемі де рекордтық деңгейге жетті: Chevron Hess компаниясын сатып алып, Қазақстан мен Мексика шығанағындағы өндірісті арттырса, Exxon Mobil Гайана мен Пермь бассейніндегі белсенділігі арқылы өсімге жетті.
Chevron
Chevron компаниясы 3-тоқсан қаржылық нәтижелерін жариялап, сарапшылардың болжамынан жоғары көрсеткіш көрсетті. Акцияға шаққандағы пайда $1,85 болды (болжам — $1,68), ал табыс 2%-ға төмендеп, $49,73 млрд болды.
Компания күніне 4,1 млн баррель өндіріп, рекорд орнатты. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 21%-ға артық. Мұндай өсім Hess компаниясын сатып алу және Пермь бассейні, Мексика шығанағы мен Қазақстандағы өндіріс есебінен қамтамасыз етілді.
Алайда таза пайда 21%-ға азайып, $3,5 млрд болды (былтыр $4,5 млрд болған). Бұл мұнай бағасының төмендеуі мен Hess мәмілесіне байланысты $235 млн шығын салдарынан орын алды. CNBC-дің жазуынша, АҚШ-та мұнай бағасы жыл басынан бері шамамен 16%-ға түсті, бұл ОПЕК+ елдеріндегі өндірістің өсуі және АҚШ-тағы экономикалық баяулау қаупімен байланысты.
Chevron-ның АҚШ-тағы бөлімшесі $1,28 млрд пайда тапты. Бұл былтырғыдан 34% аз. Бірақ өндіріс көлемі 27%-ға артып, 2 млн баррельге жетті. Халықаралық бөлімше $2 млрд пайда тапты — 24% төмендеген.
Пайда азайғанымен, қайта өңдеу бизнесінің табысы өсті. АҚШ-та бұл бағыттағы табыс үш есе өсіп, $638 млн болды. Халықаралық қайта өңдеу $499 млн пайда әкелді — 11% өсім.
Капитал шығындары 7%-ға артып, $4,4 млрд болды, негізінен Hess активтеріне инвестициялар салдарынан. Еркін ақшалай ағыны 50%-ға өсіп, $7 млрд-қа жетті.
Chevron акциялары 31 қазандағы саудада 3,5%-ға өсті, ал жыл басынан бері 8,3%-ға көтерілді.
Exxon Mobil
Exxon Mobil да Уолл-стриттің болжамынан жоғары нәтижелер көрсетті. Бұл қатарынан алтыншы тоқсан. Bloomberg хабарлауынша, бұл Гайанада төртінші мұнай жобасының іске қосылуымен байланысты. Акцияға шаққандағы түзетілген пайда $1,88 болды — болжамнан 7 центке жоғары. Алайда таза пайда 12%-ға азайып, $7,55 млрд болды.
Компания басшысы Даррен Вудс: «Мұнай бағасы төмен кезеңдердегі тоқсандармен салыстырғанда бұл — ең жоғары пайда», — деді. Бірақ химия саласындағы маржа төмен болып, нәтижеге кері әсер етті.
Табысқа үлес қосқан Yellowtail жобасы — Гайана тарихындағы ең ірі кен орны. Күніне 250 000 баррель өндіріп, елдегі жалпы көлемді 700 000 баррельге жеткізді.
Exxon жалпы күніне 4,77 млн баррель мұнай өндірді. Өндіру бағыты $5,68 млрд, қайта өңдеу $1,8 млрд, химия өндірісі $515 млн табыс әкелді.
Капитал шығындары жыл басынан бері $21 млрд-қа жетті. Компания 2025 жылы бұл көрсеткіш $27–29 млрд аралығынан сәл төмен болады деп күтеді. Үшінші тоқсанда $2,4 млрд Пермь бассейніндегі бірнеше учаскеге жұмсалды, мұнда өндіріс 1,7 млн баррельге жетіп, рекорд орнады.
Компания АҚШ пен Гайанада өндірісті арттыра бермек. Сарапшылардың болжауынша, келесі жылы мұнай-газ өндірісі шамамен 5%-ға өседі. Гайанадағы өсім басты рөлде болмақ — Exxon мұнда соңғы ондаған жылдағы ең ірі мұнай қорын 2015 жылы тапқан. Компания 2029 жылға дейін тағы үш платформаны іске қосып, өндірісті күніне 1,5 млн баррельге жеткізбек. Бұл — ОПЕК мүшесі Нигерияның қазіргі деңгейімен бірдей.
31 қазандағы саудада Exxon акциялары 0,18%-ға төмендеді. Бірақ жыл басынан бері 5%-ға жоғарылаған.








