Нью-Йорктағы таң: назарда — бос жұмыс орындары туралы статистика, сауда келіссөздері

Freedom Capital Markets Research зерттеу бөлімінің директоры орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы мен болжамы.
Біз не күтеміз
Сейсенбі күнінің басты макроэкономикалық жарияланымы — сәуір айындағы бос жұмыс орындары туралы JOLTS деректері болмақ (консенсус: 7,06 млн, наурыз: 7,19 млн). Егер көрсеткіш 6,9 миллионнан төмен түссе, бұл жұмыс берушілердің кадр саясатына барынша сақтықпен қарай бастағанын немесе жалдау қарқынының баяулау кезеңінің басталғанын білдіреді. Ал егер сәуірдегі жұмыс орындарының саны наурыз деңгейіне жуық болып қалса, инвесторлар бұл мәліметті экономиканың баяулау қаупінің азаюы ретінде қабылдап, акциялар бағасына оң ықпал етеді.
Бұған қоса, бүгін ұзақмерзімді тауарларға берілген тапсырыстар мен өндірістік тапсырыстар көлемі жарияланады. Бұл деректер АҚШ-тың қазіргі сыртқы сауда жағдайында өнеркәсіптік сұраныс пен инвестициялық белсенділікке дәлірек баға беруге мүмкіндік береді.
АҚШ әкімшілігі Еуроодақ, Үндістан және Жапония секілді басты сауда серіктестерінен маусымның 4-іне дейін тарифтер мен квоталар бойынша ұсыныстар беруді талап етуде. Вашингтон келіссөз үдерісін жеделдету мақсатында ымыралы тарифтік шарттарды жақын арада ұсынуға уәде беріп отыр. Ұлыбританиямен келісімге келгеніне қарамастан, ЕО-мен келіссөздер баяу жүріп жатыр. Осы аптада Парижде альянс делегациясымен кездесу жоспарланған.
Нарықтарға қосымша қысымды Ақ үй басшысының импорттық болат пен алюминийге баж салығын 50%-ға көтеру туралы шешімі көрсетуде. Бұл Канада мен ЕО тарапынан қатты сынға ұшырады. Сонымен қатар, Қытаймен арадағы шиеленіс те күшейіп келеді: тараптар бір-бірін алдыңғы сауда келісімдерін бұзды деп айыптауда. Осы жағдай аясында құбылмалылық жоғары деңгейде сақталып отыр — инвесторлар нарық бағаларына әрі келіссөздердегі ықтимал ілгерілеуді, әрі шиеленістің одан әрі ушығу қаупін енгізуде.
Негізгі сессия ашылғанға дейін Dollar General (DG), Ferguson (FERG), Ollie’s Bargain Outlet (OLLI), NIO (NIO) және Signet Jewelers (SIG) компаниялары тоқсандық есептерін жариялайды. Постмаркетте CrowdStrike (CRWD), Hewlett Packard (HPE) және Asana (ASAN) нәтижелерін ұсынбақ.
Фьючерстер және болжам
S&P 500 индексіне арналған фьючерстер сәл теріс бағытта қозғалуда. Бүгінгі сессияда құбылмалылықтың жоғары болуы және тәуекелдердің теңгерімді қалпында сақталуы күтіледі. Индекс 5850–6010 тармақтары диапазонында қозғалады деп болжануда (бұрынғы сессия жабылуынан −1,4% – +1,3% аралығы).
Назарда
Sanofi (SNY) компаниясының серповидноклеткалық анемияны емдеуге арналған Rilzabrutinib препараты FDA тарапынан сирек ауруларға арналған дәрі мәртебесін алды.
MoonLake Immunotherapeutics (MLTX) акциялары күрт өсті — Merck компаниясы MLTX-ты 3 млрд доллардан жоғары сомаға сатып алмақ деген Financial Times мәліметтері жарияланды. Бұл инвесторлардың алыпсатарлық қызығушылығын күшейтті.
Neuronetics (STIM) қағаздары Russell 2000 және Russell 3000 индекстеріне енгізілгеннен кейін қолдау тапты. Бұл пассивті капитал ағынын және акцияларға сұранысты арттырды.
Credo Technology (CRDO) акциялары постмаркетте 12%-дан астам өсті. Компания тоқсан ішінде акцияға шаққандағы табысы $0,35 және кірісі $170 млн көрсетті (консенсус: $0,27 және $159,6 млн).
Кешегі нарықтағы жағдай
2 маусымдағы АҚШ қор нарығындағы сауда сессиясы оң нәтижемен аяқталды. S&P 500 — +0,41%, Nasdaq 100 — +0,71%, Dow Jones — +0,08%, Russell 2000 — +0,19%.
«Керемет жетілік» компанияларының акциялары, Tesla (TSLA) мен Alphabet (GOOGL)-ті қоспағанда, оң динамика көрсетті. Жалпы нарық индексіне кіретін секторлардың көпшілігі плюспен жабылды. Мұнай бағасының 3,5%-дан астам өсуі нәтижесінде энергетика секторы көш бастады (XLE: +1,31%). Жалғыз кері динамика көрсеткен сектор — өндірістік сектор (XLI: −0,13%).
ISM дайындаған өндірістік PMI индексі 48,5 тармаққа дейін төмендеді (консенсус: 49,5). Бұл көрсеткіш үш ай қатарынан төмендеп келеді. Сыртқы сауда саясатының белгісіздігі жаңа тапсырыстар, жұмыспен қамту және экспорт сегменттерінде бәсеңдеуге әкеліп отыр.
S&P Global өндірістік PMI индексі соңғы бағалауға сәйкес 52,3-тен 52,0-ге төмендетілді, дегенмен өсуді білдіретін 50 тармақ шегінен жоғары қалды. Көрсеткіштің жоғары болуына бизнес көңіл-күйінің жақсаруы және сауда қатынастарының тұрақтануына деген үміттер себеп болды.
Компания жаңалықтары
Alphabet (GOOGL: −1,6%) акциялары төмендеді — Samsung компаниясының Perplexity AI-ға инвестиция салу және оның іздеу жүйесін Galaxy S26 құрылғыларына енгізу мүмкіндігі туралы мәліметтер шықты.
BioNTech (BNTX: +18,1%) қағаздары Bristol-Myers Squibb (BMY: +1,1%) компаниясымен серіктестік туралы хабардан кейін қымбаттады. BioNTech бірден $1,5 млрд алады, ал 2028 жылға дейін тағы $2 млрд алады.
Tesla (TSLA: −1,1%) акциялары Model 2 болашағына қатысты менеджмент арасындағы даулар және Францияда сатылымның 67%-ға төмендеуі жайлы жаңалықтардан кейін арзандады.
Blueprint Medicines (BPMC: +26,1%) акциялары Sanofi тарапынан $129/акция бағасымен сатып алу туралы жаңалықтардан кейін өсті. Бұл мәміле компанияны $9,1 млрд деп бағалайды, алдыңғы сауда жабылу бағасынан 27% жоғары.
Applied Digital (APLD: +48,5%) акциялары күрт өсті — компания CoreWeave (CRWV: +7,99%) компаниясымен Солтүстік Дакотада қуаттылығы 250 МВт болатын деректер орталықтарын ЖИ үшін жалға беру туралы 15 жылдық екі келісім жасасты.








