Нью-Йорктегі таң: макро деректер шиеленістерге толы
Инвесторлар 1 сәуірде АҚШ қор нарығынан не күтеді

АҚШ қор нарығындағы оқиғаларға шолу және болжам — Freedom Capital Markets Research компаниясы директорының орынбасары Михаил Денисламовтың күнделікті аналитикасы
Алдыңғы сессия
31 наурыздағы АҚШ қор биржаларындағы сауда сессиясы әрқилы нәтижемен аяқталды. S&P 500 — 0,55% өсті, Nasdaq 100 — 0,02% төмендеді, Dow Jones — 1% көтерілді, ал шағын компаниялар индексі Russell 2000 — 0,56% кеміді. «Керемет жетілік» компанияларының көпшілігі сессияны минуста аяқтады. Ерекше жағдай — Apple (AAPL): оның акциялары Еуропадағы Apple Intelligence қызметінің кеңейтілетіні туралы жаңалық фонында 1,94%-ға өсті. Нарықтағы 11 негізгі сектордың бәрі күнді «жасыл аймақта» жапты. Ең көп өскендер — тұтыну тауарлары өндірушілері (XLP: +1,57%) және қаржы компаниялары (XLF: +1,22%). Біздің күткеніміздей, нарыққа наурыздың соңында портфельдегі акциялар үлесін қайта теңестіруді қажет еткен зейнетақы қорларының ребалансировкасы қолдау көрсетті. 2024 жылдың алғашқы үш айында S&P 500 — 4,6%, ал Nasdaq 100 — 8,5% төмендеді — бұл соңғысы үшін 2022 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.
Наурыздағы Чикагоның іскерлік белсенділік индексі 47,6 пунктке дейін өсті (күтілгені — 44,1). Өндіріс көлемінің ұлғаюы, жұмыспен қамтудың аздап өсуі және тапсырыстардың артуы арқасында құлдырау баяулады. Даллас аймағында бұл көрсеткіш -16,3 пунктке дейін төмендеді (болжам — -5), бұл өндіріс секторындағы жағдайдың нашарлағанын көрсетеді. Өндірістегі өсім мен тапсырыстардың тұрақталғанына қарамастан, бизнес көңіл-күйі пессимистік болып қалып отыр. Болашаққа қатысты белгісіздік индексі 2022 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Техаста жұмыс орындары мен сағат саны қысқарып, шикізатқа кеткен шығындар қысымы артты.
Компания жаңалықтары
— Rocket Cos. (RKT: −7,5%) Mr. Cooper Group (COOP: +14,5%) компаниясын $9,4 млрд-қа сатып алмақ, мәміле 2024 жылдың соңғы тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.
— Moderna (MRNA: −8,9%) акциялары АҚШ-тың Биологиялық өнімдерді бағалау және зерттеу орталығы (CBER) басшысы Питер Маркстың отставкасына байланысты арзандады. The New York Times оны FDA-ның вакцина жөніндегі басты маманы деп сипаттады.
Біз не күтеміз
1 сәуірдің басты макроэкономикалық дерегі — өндіріс секторындағы ISM PMI индексі (наурыз): консенсус — 49,5, ақпанда — 50,3. Біз бұл көрсеткіш 50 пункттен жоғары болады деп болжаймыз, бұл өндірістегі жағдайдың тұрақтанғанын білдіреді. Инвесторлардың назарында — баға қысымы мен жаңа тапсырыстар динамикасына қатысты түсініктемелер болады. Сонымен қатар, ақпан айына арналған JOLTS есептемесі шығады. Ашық жұмыс орындары бойынша болжам — 7,7 млн. Егер көрсеткіш 7,4 млн-нан төмен болса — нарық теріс реакция көрсетуі мүмкін, ал 8 млн-нан жоғары болса — оң қабылдануы ықтимал. Егер нақты дерек консенсусқа жақын болса, ол екінші планға ысырылуы мүмкін.
Соңғы кездері рецессия қаупі жиі талқыланғандықтан, PMI және JOLTS бойынша деректерге нарықтың реакциясы ерекше өткір болуы мүмкін. Алайда, инвесторлардың белсенділігін шектейтін негізгі фактор — Трамптың тарифтік саясаты болып қала береді. 2 сәуірге жоспарланған «Бостандық күні» аясында бірнеше елден келетін тауарларға баж салығы енгізілмек. Негізгі белгісіздік — АҚШ-тың сыртқы экономикалық серіктестерінің жауап қадамдарына байланысты, бұл сауда соғысының ушығуына әкелуі мүмкін.
Азия және Еуропа нарықтарында сауда сессиясы оң аймақта өтуде. АҚШ акцияларының негізгі индекс фьючерстері тұрақтанып жатыр. Алдағы сессияда біз жоғары құбылмалылық пен тәуекелдердің бейтарап тепе-теңдігін күтеміз. S&P 500 индексі 5530–5700 пункт аралығында қозғалады деп болжаймыз (алдыңғы сессия жабылу деңгейіне -1,5% — +1,6%).
Назарда
— АҚШ-тың банкроттық істері бойынша соты Johnson & Johnson (JNJ) компаниясының тальк бар өнімдердің канцерогендігіне қатысты ондаған мың шағымды тоқтату үшін ұсынған $10 млрд көлеміндегі ұсынысын қабылдамады.
— Boeing (BA) қанат жүйелерін орнатудағы кідірістерге байланысты ай сайынғы 737 MAX өндірісін 38-ден 31 данаға дейін қысқартты.
— Tesla (TSLA) үшін наурыз Францияда үшінші ай қатарынан сатылымның төмендеу айы болды — көлемі 2021 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті.








