Нарықтағы сауда нәтижелері — Nasdaq таң қалдырды, бірақ Dow мен S&P 500 құлады

7 сәуірдегі сауда қорытындысы бойынша жоғары технологиялық Nasdaq Composite индексі күнді 0,1% өсіммен аяқтады. Бұл индекстің сауда барысында 5%-дан аса төмендегенінен кейін, қайта оң аймаққа оралуы болды. Бұл — 2008 жылдан бергі ең ірі күн ішіндегі кері бұрылыс, деп жазады Barron’s. Ал S&P 500 және Dow Jones Industrial Average индекстері, керісінше, күнді минуста аяқтады. Бұған себеп — сауда сессиясы кезінде Трамптың Қытайға қарсы жаңа кедендік салықтар енгізетіні туралы мәлімдемесі және баж салығын тоқтатуы мүмкін деген жалған ақпараттың таралуы болды. Бұл жаңалықтар нарықта үлкен құбылмалық туғызды.
Толығырақ
— S&P 500 күн ішінде 4,7%-ға дейін құлдырап, сауданы 0,2% төменде жапты. Бұл 2020 жылдан бергі ең құбылмалы күн.
— Nasdaq – күнді 0,1% өсіммен аяқтады, бірақ жалпы 22%-ға төмендеп, «аюлы нарықта» тұр.
— Dow Jones күнді 0,9% жоғалтумен аяқтады. Сауда кезінде 4% төмендеді, бірақ кейін аздап түзелді.
— Russell 2000 (шағын компаниялар индексі) 0,9%-ға төмендеді, ал шығындары қазір 26%-ды құрайды.
— АҚШ-тың облигация табыстылығы күн ішінде 10 базистік пунктке өсті.
Неліктен мұндай жағдай орын алды
Барлық бұл құбылыс Трамптың жаңа кедендік салықтар туралы шешімімен байланысты. Сауда күні басталғанда индекстер күрт құлдырады. Кенет әлеуметтік желіде Трамптың баж салығын уақытша тоқтатуы мүмкін деген жалған хабар тарады. Осыған байланысты нарық күрт өсті – S&P 500-ге $2,5 трлн қосылды.
Бірақ кейін Ақ үй бұл ақпаратты жоққа шығарды, ал Трамп, керісінше, баж салығын арттыратынын айтты. Ол Қытайға қарсы салықты тағы 50%-ға көтеруге дайын екенін жеткізді.
Сарапшылар не дейді?
Morgan Stanley мамандарының пікірінше егер сауда шиеленісі жалғаса берсе, S&P 500 тағы төмендеуі мүмкін. HSBC сарапшысы болса алдағы уақытта нарық сәл көтерілуі мүмкін, бірақ бұл тек келесі құлдырауға дайындық деп ескертеді.
E*Trade өкілі Крис Ларкин: «Мұндай құбылмалық – нарық түбіне жетер алдында жиі болады», — дейді.








