БастыReview
Бөлісу

Novo Nordisk оқиғасы: Ozempic-ті ойлап тапқан алпауыт өз нарығында қалай тақтан тайды

Мэтью  Уайтхаус

Мэтью Уайтхаус

Журналист
Novo Nordisk оқиғасы: Ozempic-ті ойлап тапқан алпауыт өз нарығында қалай тақтан тайды

Соңғы бір жылда — 2024 жылғы шілдеден 2025 жылғы тамызға дейін — Novo Nordisk компаниясының акциялары шамамен 70%-ға арзандады. Бұл — қант диабеті мен салмақ тастауға арналған сұранысқа ие дәрілер шығаратын және кірісі мен табысы нашар өсіп келе жатқан компания үшін ауыр соққы және үлкен құлдырау. Novo Nordisk-ке не болды және инвесторлардың мұндай реакциясы қаншалықты орынды?

Жұлдызды сәт

1923 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Даниялық Novo Nordisk компаниясының жұлдызды сәті 2021 жылғы маусымда басталды — сол кезде компания арықтауға арналған революциялық Wegovy дәрісін мақұлдатып, нарыққа шығарды. Бұған дейін қант диабетін емдеуге маманданған компания Ozempic атты дәрі өндіретін.

Екі дәрінің де негізі — семаглутид деп аталатын белсенді зат. Бұл затты глюкагонға ұқсас пептид-1 (GLP-1) рецепторларының агонисті деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл дәрі ішектің гормондар шығаруын реттейді, ал ол өз кезегінде инсулин өндірілуін күшейтіп, 2-типтегі диабетті емдеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, семаглутид тәбетті басып, салмақ тастауға да көмектесетіні анықталды.

Инвесторлар Novo Nordisk-тің жаңа дәрісін бүкіл әлемді алаңдатқан мәселенің жалғыз шешімі ретінде қабылдады. World Obesity Atlas-тың мәліметінше 2030 жылға қарай метаболикалық ауру ретінде танылған семіздікпен ауыратын адамдар саны 1,13 млрд-қа жетпек. 2022 жылы ДДҰ деректері бойынша 2,5 млрд-тан астам адам артық салмаққа ие болған. Мысалы, АҚШ-та ересектер арасындағы семіздік деңгейі — ерлерде 38,4%, әйелдерде 41,3%.

Нәтижесінде, Novo Nordisk акциялары аспанға атылған зымырандай көтерілді. 2021 жылдың маусымында Wegovy шыққаннан кейін $40-тан 2024 жылдың маусымында $144-қа дейін өсті — бұл төрт есеге жуық өсу. Компанияның табысы 2022 жылы 18%-ға, ал 2023 жылы 35%-ға жуық өсіп, $33,72 млрд-қа жетті. Әрине, АҚШ Novo Nordisk үшін негізгі нарыққа айналды — 2024 жылғы мәлімет бойынша елде Ozempic сатылымының 70%-ы және Wegovy сатылымының 78%-ы орын алады. Бұл екі препарат компанияның жалпы сатылымының 61,5%-ын құрайды.

Бәсекелестердің пайда болуы

Алайда, алғашқы болудың даңқы ұзаққа созылмады. 2023 жылғы қарашада америкалық фармацевтикалық алпауыт Eli Lilly арықтауға арналған өз препараты — Zepbound-ты сатылымға шығарды. Азамат соғысының ардагері Эли Лилли негізін қалаған компания 1876 жылдан бері жұмыс істейді және әрдайым Novo Nordisk-тің тікелей бәсекелесі болған. Ол, мысалы, 1923 жылы инсулинді өнеркәсіптік ауқымда алғаш өндіре бастаған.

Zepbound препаратының негізі — тирзепатид. Бұл да GLP-1 агонисті, бірақ ол сонымен қатар GIP (глюкотәуелді инсулинотропный полипептид) деп аталатын гормонға да әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл гормон да инсулин өндірілуіне ықпал етеді және ұлтабар арқылы шығарылады. Демек, тирзепатид екі гормонға әсер етсе, семаглутид — біреуіне ғана әсер береді.

Сол себепті тирзепатид тиімдірек болуы мүмкін. Wegovy мен Zepbound препараттарына жүргізілген зерттеулер түрлі уақытта, әртүрлі дозалар мен қатысушылар саны бойынша өткізілген. Орта есеппен екі жағдайда да салмақ жоғалту шамамен 15% болғанымен, Zepbound-тың максималды дозаларында салмақ жоғалту 20,9%-ға дейін жеткен. Ал Wegovy үшін бұл көрсеткіш 15%.

Эксперимент таза болмаса да, бұл Eli Lilly-ге өз нарығында дәл осы артықшылықты агрессивті түрде жарнамалауға кедергі болмады.

Дәріханадағы шайқас

Novo Nordisk акцияларының құлдырауының басты себебі қандай? Қысқаша айтқанда, бұл жалған және балама дәрілер. Компания нағыз «идеал дауылға» тап болды. Біріншіден, препаратқа сұраныс ұсыныстан асып түсті. Талдаушылармен өткізген қоңырауларда компания бұл тапшылықты жою үшін қандай шаралар қолданып жатқандарын түсіндіруге мәжбүр болды.

Екіншіден, Zepbound пен Wegovy препараттарының бағасы көп америкалық үшін тым қымбат. SingleCare жеңілдік карталары сервисінің деректеріне сүйенсек, барлық жеңілдіктер мен купондарды қоса алғанда, ай сайын шамамен $900 тұрады. Ал сақтандырусыз баға — Zepbound үшін $1528, Wegovy үшін $1821.

Үшіншіден, жоғары баға мен тапшылық жағдайында арзанырақ балама дәрілерге сұраныс артты. Бұл — «құрамдас семаглутид» (compound semaglutide) деп аталатын дәрілер. Мұндай дәрілер дәріханаларда Қытайдан жаппай жеткізілетін семаглутид ұнтағынан дайындалады.

Novo Nordisk бұл дәрілерді биологиялық жолмен өндірсе, Қытай компаниялары — синтетикалық әдіспен шығарады. Бұл қоспалар қателіктерге әкелуі мүмкін. Brookings Institution-ның кең көлемді баяндамасында осы туралы толық жазылған.

АҚШ-тағы жүйе қалай жұмыс істейді. Семаглутид ұнтағы жеткізіледі, ал телемедициналық қызметтер арқылы рецепт алған дәріханалар бұл ұнтақтан жеке дозадағы дәрілер жасайды. Сонымен қатар, арықтауға арналған дәрілерді жарнамалауға тыйым салынбаған.

Brookings-тің деректері бойынша дәл осы «құрамдас семаглутидті» миллиондаған адам тұтынады. Novo Nordisk не істеп жатыр? Сотқа жүгінуде. Компания жалпы 40 штаттың федералды соттарына 132 арыз берген.

Сот тыйымдары

АҚШ-та дәрілерге қолжетімділікті FDA (Тамақ пен дәрілер сапасын бақылау басқармасы) реттейді. Заң бойынша егер дәрі тапшы болса, оның баламасын өндіруге болады. 2025 жылдың басында FDA бұл тапшылықтың жойылғанын хабарлады, бұл семаглутид пен тирзепатид негізіндегі дәрілердің баламасын өндіруге тыйым салынғанын білдіреді. Құрамдас дәрі жасаушылар бұл шешімге қарсылық білдірді, бірақ сот оларды қолдамады.

Novo Nordisk: «FDA 2025 жылғы 22 мамырда өндіріс рұқсатын алып тастағанына қарамастан, біздің зерттеуіміз бойынша, заңсыз өндіріс жалғасып жатыр. Көптеген ұйымдар GLP-1 дәрілерін «жеке тәсілмен дайындалған» деп сата береді», — деп мәлімдеді.

FDA әлі бірде-бір құрамдас дәрі жасаушыны жазалаған жоқ. Novo Nordisk 2025 жылғы 5 тамызда тағы 14 арыз берді.

Brookings Institution зерттеушілері: «Үй жағдайында жасалған арықтатқыш дәрілер өндірісін тоқтату іс жүзінде мүмкін емес», — дейді.

Рақмет, боссыздар!

2024 жылдың шілдесінде инвесторлар проблеманың ауқымын түсінді. Олар Eli Lilly сынды бәсекелестердің жетістіктері мен дәріхана бизнесінің кеңеюі, сондай-ақ Novo Nordisk-тің қаржылық нәтижелерін салыстырып шықты.

2023 жылдың IV тоқсанында компания табысын 40%-дан жоғары өсірсе, I және II тоқсандарда өсу 22-23%-ға дейін баяулады. Бұған қоса, GLP-1 агонистері негізіндегі жаңа таблеткаларды басқа компаниялардың да жасап жатқаны туралы жаңалықтар қосылды. Осы факторлар акциялардың құлдырауына себеп болды — жыл соңына дейін олар 40%-ға арзандап, $80-ға түсті.

2024 жылдың жақсы қаржылық нәтижелері де көмектеспеді. Табыс 25%-ға, таза пайда 20%-ға өсті. Бірақ экспоненциалды өсуді күткен инвесторлар мұнымен қанағаттанбады. АҚШ нарығы Novo Nordisk-ке: «Семіздікпен күрестегі алғашқы артықшылығың енді жоқ» деп айтты.

2025 жылы компания табыс (8-14%) пен пайда бойынша болжамын қайта қысқартты және бас директорын ауыстырды. Инвесторлар қайтадан сатылым жасап, акция бағасы $47-ге дейін түсті — бұл 2021 жылдың маусымындағы Wegovy шыққан кезіндегі бағадан сәл жоғары ғана.

Енді не болмақ?

Негізгі бәсекелес — Eli Lilly ше? Оның акциялары да 2024 жылдың ортасындағы шегінен 20%-ға төмендеді — $766. Бірақ компанияның қаржылық жағдайы әлдеқайда жақсы. 2024 жылы табыс 32%-ға өсіп, $45 млрд-қа жетті. 2025 жылдың I тоқсанында өсу 45% деңгейінде сақталды.

Бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Төменірек баға (АҚШ-та бұл расымен де солай), агрессивті маркетинг және ең бастысы — тікелей сатылым платформасы LillyDirect. Бұл жүйе телемедицинаны, рецепттерді және тегін жеткізуді біріктіреді, яғни қытайлық ұнтақпен жұмыс істейтін дәріханаларды ығыстыруға тырысуда.

2025 жылдың наурызында Novo Nordisk те осы жолды таңдады — NovoCare Pharmacy тікелей сатылым платформасын іске қосты. Бұл платформа Wegovy препаратын сақтандыруына қарамастан, қажет еткен кез келген адамға ұсынады. Бағасы — $499-дан басталады.

Novo Nordisk осы арна арқылы сату көлемін екі есе ұлғайтып, құрамдас дәрілерге қарсы тұруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Дональд Трамп Big Pharma-дан талап еткендей, дәрі бағаларын төмендетуге уәде берді. Компанияның қаржы директоры Карстен Мунк Кнудсен CNBC эфирінде: «Novo да Трамппен бір пікірде — бағаны төмендету керек», — деді.

Бірақ соған қарамастан, Novo Nordisk сарапшылар ұсынысы бойынша Eli Lilly-ден қалып келеді. Wall Street сараптамаларын жинайтын SeekingAlpha платформасының дерегінше Novo Nordisk портфельде ұстауға тұрарлық болса, Eli Lilly-ді белсенді түрде сатып алған жөн.

Семаглутид негізіндегі алғашқы дәрілер — Ozempic пен Wegovy — арқылы көшбасшы атанған Novo Nordisk тарихының аяқталып келе жатқаны байқалады. Бұл заттың Қытайдағы патенті — артық салмағы бар адамдар саны бойынша ең үлкен нарықтардың бірі — 2026 жылы аяқталады.

Алайда, Novo Nordisk-ті әлі есептен шығаруға болмайды деп есептейтіндер де бар.

Мысалы, компания Zepbound сияқты қосарлы әсері бар жаңа дәрілер жасап жатыр және GLP-1, GIP және глюкагон рецепторларының үштік агонисі — UBT251 затына бәс тігуде. Бұл зат қазір семіздік пен 2-типтегі диабетті емдеуге арналған клиникалық зерттеудің бастапқы кезеңінде. Алғашқы нәтижелері жаман емес: 12 аптада дене салмағы 15,1%-ға, ал Eli Lilly-дің баламалы үштік препараты ретатрутидпен 48 аптада 24,2%-ға төмендеген.

«Компания алғашқы артықшылығын жоғалтты, бірақ 100 жылдық тәжірибесін және Eli Lilly-ден озып, арықтауға арналған препараттардан әлі де табыс табуға деген ұмтылысын сақтап қалды», — деп жазды SeekingAlpha платформасында 27 жастағы италиялық инвестор Эудженио Катоне. Ол Novo Nordisk тағы бір рет табысқа жетеді деген үмітте.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары