OpenAI өз браузерін таныстырды. Google-дың акциялары құнсызданды

ChatGPT чат-ботын жасаған OpenAI 21 қазанда өзінің алғашқы жасанды интеллектпен жабдықталған веб-браузерін таныстырды. Оның атауы — ChatGPT Atlas. Bloomberg дерегі бойынша, бұл браузер Google Chrome-ға бәсекелес бола алады. Осы таныстырылым жарияланған соң Google-дың бас компаниясы Alphabet-тің акциялары бірден 4,8%-ға төмендеді. Кейінірек инвесторлар акцияның біраз бөлігін қайта сатып алды. Сарапшылар бұған дейін-ақ OpenAI өз браузерін шығаратын болса, ол Chrome қолданушыларын азайтып, Google-дың негізгі табысына кері әсер етуі мүмкін деп болжаған.
Егжей-тегжейі
OpenAI ChatGPT негізіндегі браузерін таныстырды. Қазір ол macOS жүйесінде қолжетімді. Ал мобильді және Windows нұсқалары кейінірек шығарылады.
Компанияның айтуынша, Atlas сыртқы түрі мен жұмыс істеу тәсілі бойынша басқа браузерлерге ұқсайды. Бірақ басты айырмашылығы — ол ChatGPT-ге негізделіп жасалған. Бұл браузер интернетті жеке қажеттіліктерге сай пайдалануға көмектеседі. Сонымен қатар, қолданушының орнына тапсырмаларды орындай алады. Мысалы, ұшаққа билет брондау немесе құжаттарды өңдеу. ChatGPT-мен кез келген бетте сөйлесе беруге болады: арнайы батырма бүйірлік панель ашады, сол жерде чат-бот оқып жатқан ақпаратты түсіндіріп береді немесе қысқаша мазмұнын ұсынады.
OpenAI бас директоры Сэм Альтман тікелей эфирде: «Жасанды интеллект – браузер ұғымын қайта қарауға мүмкіндік беретін сирек кездесетін мүмкіндіктердің бірі», – деді.
Alphabet акциялары таныстырылым кезінде 4,8%-ға түсіп кеткенімен, кейінгі сауда барысында біраз өсіп, күні 2% төмендеумен аяқталды.
Бұл нені білдіреді?
Atlas-тың іске қосылуы OpenAI-ды Google мен Perplexity AI сияқты компаниялармен тікелей бәсекеге түсіреді, деп жазады CNBC. Айдың басында Perplexity өздерінің Comet браузерін шығарған еді — ол ЖИ-мен жұмыс істейді және тегін қолжетімді. Ал Google қыркүйекте Chrome-ға Gemini моделін біріктірген.
Statcounter дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың қыркүйегінде Chrome-ның әлемдік нарықтағы үлесі 72% болған. Екінші орында — Apple компаниясының Safari браузері (14%). Бұл браузерлер Android пен iOS құрылғыларында алдын ала орнатылып келеді, сондықтан оларды нарықтан ығыстыру оңай емес, деп есептейді Barron’s. Citi сарапшыларының зерттеуінде Chrome барлық жастағы қолданушылар үшін интернетті пайдалану құралдарының негізгі бөлігі болып қала беретінін көрсеткен. Бірақ жастар арасында балама іздеу жолдарының танымалдығы артып келе жатқаны байқалған.
Chrome — Google экожүйесінің маңызды бөлігі. Ол арқылы қолданушылар Google Search пен басқа да сервистерге бағытталады. Сондықтан нарықтағы үлестің азаюы жарнамадан түсетін табысқа кері әсер етуі мүмкін. Google-дың іздеу жүйесі компания табысының жартысынан көбін береді. 2024 жылдың екінші тоқсанында Google Search сегментінің кірісі 54,2 млрд доллар болған, ал жалпы табыс 96,4 млрд долларды құрады.








