БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Oracle акциялары түсіп кетті. Инвесторларды не мазалайды?

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Oracle акциялары түсіп кетті. Инвесторларды не мазалайды?

Oracle акциялары 7 қазан күнгі саудада 2,5%-ға арзандады. Инвесторлар The Information басылымы жариялаған ақпаратқа алаңдаушылық білдірді. Онда компанияның бұлттық қызметтер бойынша табысы күтуден төмен болғаны, себебі Nvidia процессорларын жалға алу құны өте жоғары екені айтылған. Биыл Oracle акциясы шамамен 70%-ға өсті, дегенмен Уолл-стриттегі көптеген сарапшы оны сатып алуға кеңес беруді жалғастыруда.

Егжей-тегжейі

The Information басылымының хабарлауынша, жаз мезгіліндегі үш айда Oracle Nvidia чиптеріне негізделген серверлерді жалға беру арқылы шамамен 900 млн доллар табыс тапқан. Алайда бұл бағыттағы жалпы пайда небәрі 125 млн доллар болған. Кейбір жағдайларда Oracle аз партиямен Nvidia видеокарталарын жалға беріп, тіпті шығынға ұшыраған.

Oracle өкілі бұл мәселеге қатысты Bloomberg-ке түсініктеме беруден бас тартты.

Бұл нені білдіреді?

Guggenheim аналитигі Джон ДиФуччидің айтуынша, Oracle бұлттық келісімшарттарынан бастапқы кезеңде маржа төмен болуы мүмкін, себебі толық табыс бірден түспейді. Бірақ оның пікірінше, компания ұзақмерзімді келісімшарт бойынша 25%-дан төмен валдық маржаға келісе қоюы екіталай.

«Oracle жасанды интеллект модельдерін үйрету үшін де-факто стандартқа айналды. Себебі бұл платформада баға мен өнімділік арасындағы теңгерім жақсы сақталған. Бағаның төмен болуы демпинг емес, керісінше, компанияның аз сұрап та тұрақты пайда таба алу мүмкіндігі», — деді ДиФуччи.

Nvidia чиптерін сатып алу мен деректер орталықтарын салуға кеткен қомақты шығын компанияның жалпы валдық маржасына қысым түсіріп отыр (операциялық шығындарды есепке алмағанда). Bloomberg мәліметінше, соңғы қаржылық есепке сай Oracle-дың валдық маржасы 67,3%-ды құрады. Бұл соңғы бір жылдан астам уақыттағы ең төменгі көрсеткіш.

Акциялардағы жағдай

7 қазанда Oracle акциялары 2,5%-ға арзандап, $284,2 деңгейінде жабылды. Сауда барысында баға 7%-ға дейін төмендеген сәттер болды.

Қысқа мерзімді құлдырауға қарамастан, Oracle акциялары 2025 жылдың басынан бері шамамен 70%-ға өсті. Бұған жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымға сұраныстың артуы ықпал етті. Қыркүйек айында компания бұлттық бизнесінің табысы үш қаржы жылы ішінде 700%-ға өсуі мүмкін екенін хабарлап, сол күні акциялар бірден 36%-ға қымбаттаған. WSJ дерегі бойынша, бұл OptimAI жобасы аясында OpenAI-пен жасалған ірі келісіммен байланысты.

Қыркүйек соңында Rothschild & Co Redburn аналитигі Алекс Хайссл Oracle акцияларын бақылауға алып, «сату» (Sell) рейтингін берді. Оның ойынша, нарық компанияның бұлттық келісімдерден түсетін табысын тым жоғары бағалап отыр. Бұл пікір Oracle мен OpenAI арасындағы Stargate жобасына қатысуын есепке алғанда да сақталуда. Дегенмен бұл көзқарас Уолл-стриттегі ортақ пікірге қарсы келеді. MarketWatch дерегінше, Oracle акциясын бақылайтын сарапшылардың 70%-ға жуығы бұл қағазды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight бағалары).

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары