Ozempic дәуірі: Арықтататын дәрілерден кім пайда табады?

Семаглутид пен тирзепатидке негізделген Ozempic, Wegovy, Zepbound сынды дәрілер тек фармацевтика саласына ғана емес, тамақ өндірісі, мейрамхана бизнесі мен киім сатылымы сияқты өзге салаларға да ықпал етіп жатыр. 2024 жылдың маусымында The Wall Street Journal газеті жаңа арықтататын препараттардың кең таралуына байланысты шағын өлшемдегі киімдерге сұраныс күрт артқанын жазды.
Бизнес жаңа жағдайға қалай бейімделіп жатыр?
Боди-позитивтен кішкентай өлшемдерге дейін
Киім сататын ритейлерлер Ozempic және өзге де семіздікке қарсы дәрілердің танымал болуының арқасында жаңа табыс көзіне ие болды. WSJ басылымының жазуынша, арықтаған адамдар жаңа киім сатып алып жатыр. Бұл тек кішкентай өлшемдерге көшу ғана емес, кей сатып алушылар енді тар, денеге жабысып тұратын немесе ашық киімдер таңдауда.
Lafayette 148 компаниясының басшысы Дирдри Куинннің айтуынша, олардың тұтынушыларының шамамен 5 пайызы салмақ тастаған соң жаңа киім сатып алады – көбінесе 12-өлшемнен 6 немесе 8-өлшемге ауысады. Оның сөзінше, бұл компания үшін екі есе пайда: біріншіден, сатылым артады, екіншіден, кіші өлшемге аз мата қажет болады.
Plus-size киім киетін сатып алушылар мен инфлюенсерлер H&M сияқты бірқатар брендтің үлкен өлшемді киім ассортиментін қысқартқанын айтады. Бұл мәліметтерді Business Insider келтіріп отыр. Edited аналитикалық компаниясының 2024 жылғы есебіне сәйкес, Aritzia бренді 2XL өлшемді көйлектер үлесін 2023 жылмен салыстырғанда 5 пайыздық тармаққа азайтқан. Ал ASOS үлкен өлшемді киімдер санын 15 пайызға кеміткен. Дегенмен сарапшылар қазіргі өзгерістер арықтататын дәрілердің тікелей әсері екенін нақты дәлелдейтін деректер әзірге аз дейді.
Соған қарамастан, Ozempic секілді препараттардың таралуы сән әлеміне айтарлықтай өзгеріс әкелді: егер 2019 жылы брендтер боди-позитивті насихаттаса, соңғы жылдары бұл ұстанымнан бас тарта бастады. Бұл үрдіс дәрілердің кеңінен таралуымен күшейе түсті.
2021 жылы Loft бренді үлкен өлшемді киімдерді сатуды тоқтатты, себебін «бизнес қиындықтарымен» түсіндірді. 2022 жылы Old Navy дүкен сөрелерінен plus-size киімдерді алып тастайтынын айтып, оларды негізінен онлайн сатуға көшті. Ал 2025 жылдың маусымында үлкен өлшемді киім сататын Torrid ритейлері 180-ге жуық дүкенін жабатынын жариялады.
WSJ жазуынша, киім сатушылардың қазіргі қиын жағдайынан шығуға енді мүмкіндігі бар: Circana зерттеу компаниясының мәліметі бойынша, 2024 жылдың сәуіріне дейінгі бір жылда олардың сатылымы 4%-ға төмендеген. Адам арықтап, жаңа киім алып, кейін қайтадан салмақ қосып, тағы да киім сатып алса – бұл ритейлерлер үшін тиімді сценарий.
Алайда үлкен өлшемді киім шығаратын өндірушілерге бұл жағдай айқын емес. Tommy Bahama дүкендер желісінің басшысы Даг Вуд: «Болашақта неге алаңдауымыз керек екенін түсінуге тырысып жатырмыз», – дейді. Оның айтуынша, көп адам арықтай бастағандықтан, Big & Tall секілді ірі ер адамдарға арналған киімдердің сатылымы азаюы мүмкін.
Барлығы бейімделіп жатыр
Бейімделуге мәжбүр болған тағы бір компания – арықтау саласындағы АҚШ-тың танымал бренді WeightWatchers. 2024 жылдың мамырында ол банкроттық туралы өтініш берді. Алайда шілдеде компания Nasdaq биржасына қайта оралды (акциялары маусым айының соңынан бері 30%-ға өсті), директорлар кеңесін жаңартты және жаңа бағыт ұсынды – енді ол менопауза кезеңіндегі әйелдерге арналған денсаулық бағдарламасын әзірлемек. Кеңес құрамына Eli Lilly компаниясының бұрынғы топ-менеджері Майк Мэйсон кірді, ол семаглутид пен тирзепатидке негізделген дәрілерді жасауды басқарған. Сонымен қатар, компания Novo Nordisk-пен серіктестік орнатып, клиенттеріне Wegovy дәрісін ұсынатын болады.
Financial Times жазуынша, компания өзінің бизнес-моделін Ozempic дәуіріне бейімдеп қайта қарастырып жатыр.
Бұл – олардың арықтататын дәрілердің әсерінен бизнес стратегиясын екінші мәрте өзгертуі. Алғашқы соққы – бұрынғы ұпай жинау және калория санау жүйесіне негізделген арықтау моделінің маңызын жоғалтуы болды. Жаңа жағдайда бейімделуге тырысып, 2024 жылдың қазанында компания семаглутидке ұқсас арзан дженериктерді онлайн рецептімен сата бастады. FDA Ozempic, Wegovy және Mounjaro тапшылығына байланысты олардың көшірмесін өндіруге уақытша рұқсат берген болатын. Бірақ бұл бизнес-модель ұзаққа созылмады – 2025 жылдың ақпанында FDA тапшылық аяқталды деп мәлімдеп, көшірмелер заңсыз саналды. Салдарынан WeightWatchers банкрот болды.
Тамақ индустриясы үшін жаңа сынақ
GLP-1 (семаглутид) негізіндегі дәрілерді қабылдайтын адамдар калорияны 2–3 есе аз тұтынады – шамамен 720–990 ккал/тәу. Бұл – Оклахома университеті жүргізген зерттеудің нәтижесі. Соның салдарынан тұтынушылар азырақ тамақ сатып алады, шағын порцияларды қалайды және бұл тағамдардың құрамында бұлшық етті сақтауға көмектесетін ақуыз, пайдалы заттар көп болуы тиіс.
Bloomberg Intelligence маусымдағы есебіне сәйкес, арықтататын дәрілерді қабылдайтын тұтынушылар мейрамханалар мен фастфудқа аз ақша жұмсай бастаған. The Fortune журналы жазғандай, АҚШ-тағы GLP-1 дәрілерін қабылдаушы мың адам арасында жүргізілген сауалнамада 54%-ы дәрі қабылдағаннан кейін үйден тыс жерде «елеулі түрде сирек» немесе «аз» тамақтанатынын айтқан. Сондай-ақ, олар үйге дайын тамаққа да аз тапсырыс беретін болған.
Big Chalk Analytics мәліметінше, GLP-1 препараттарын қолдану АҚШ-та азық-түлік сатылымының 1,2–2,9%-ға төмендеуіне алып келді. Roland and Berger зерттеуінше, үйде кемінде бір адам GLP-1 қабылдайтын болса, ондай отбасылар тамаққа 6%-ға аз, ал жоғары табысты отбасылар 9%-ға аз шығынданады.
RBC Capital Markets сарапшысы Ник Моди бұл құбылысты уақытша ма, әлде ұзақмерзімді тұтынушылық мінез-құлықтың өзгерісі ме деген сұрақ туғызып отырғанын айтады. Оның пікірінше, қалыптасқан жағдай – құрылымдық өзгерістің белгісі.
Bank of America сарапшысы Питер Гэлбо экономикалық қиындықтар аясында тұтынушылар не пайдалы тіскебасарға көбірек ақша жұмсайтынын, не арзанырақ брендтерге көшетінін айтады. Ол авокадо майымен жасалған Boulder Canyon чипстерінің сатылымы үш таңбалы өсім көрсеткенін, сондай-ақ PepsiCo-ның арзан тортилья-чипстерінің жақсы сатылып жатқанын атап өтті.
Morgan Stanley 2023 жылы-ақ газдалған сусындар, алкоголь мен тұзды тіскебасарлар тұтынуы келесі онжылдықта 4%-ға төмендейді деп болжаған. Себебі 2035 жылға қарай АҚШ тұрғындарының 9%-ы GLP-1 дәрілерін қабылдайтын болады.
Жаңа дәуірдің жеңімпаздары – пайдалы тағам өндірушілер
Morgan Stanley 2024 жылдың сәуірінде Danone компаниясының рейтингін «нарықтан жоғары» деңгейге көтерді. Сарапшылар компания өнімдерінің 90%-ы дұрыс тамақтану бағытына сай екенін, ішек саулығы мен жоғары ақуыз мөлшеріне басымдық беретін жаңа трендтерге жақсы бейімделгенін айтты. Danone-ның тек 21% табысы АҚШ нарығынан түсетіндіктен, ол экономикалық құбылмалылыққа аса тәуелді емес. 2024 жылдың қыркүйегінде инвесторлар конференциясында компания басшысы Антуан де Сент-Аффрик GLP-1 дәрілерінің таралуын «біздің компания үшін жақсы жаңалық» деп атады.
Керісінше, Morgan Stanley сарапшылары Nestle рейтингін «нарықтан төмен» деңгейге дейін түсірді. Бұған компанияның өсу перспективасына деген сенімсіздік себеп болған.
Алайда Nestle де жаңа жағдайға бейімделіп жатыр. Өткен жылы ол GLP-1 қолданушыларға арналған Vital Pursuit атты тағам желісін шығарды. Бұл тағамдар ақуыз, клетчатка және дәрумендермен байытылған, олардың порциясы салмақ жоғалтуға арналған дәрі қабылдайтын адамның тәбетіне бейімделген. Сонымен қатар, компания денсаулыққа арналған қоспалармен айналысатын Health Science бөлімшесін дамытып жатыр. WSJ мәліметінше, GLP-1 қабылдайтындар арасында тағамдық қоспаларды тұтыну 18%-ға өскен, себебі олар азырақ жесе де, ағзаны қажетті заттармен қамтамасыз етуге тырысады. Nestle арнайы сайт ашып, протеинді коктейльдер, клетчатка мен пробиотиктер, сондай-ақ шаш түсуге қарсы (салмақ жоғалтудың сирек жанама әсері) қоспаларды жарнамалап жатыр.
Тағы бір ірі ойыншы – Conagra Brands компаниясы – өзінің кейбір мұздатылған тағамдарына GLP-1 Friendly белгісін қойып, Ozempic және ұқсас препараттарды қабылдайтын тұтынушыларды тартуға тырысуда. WSJ жазуынша, компания жүргізген зерттеуге сәйкес, порциялық мұздатылған тағамдар GLP-1 қабылдайтындар арасында ең тиімді өнім түрі саналады.








