Ozempic әзірлеушісінің жаңа препараты салмақ тастатты. Акцияны сатып алу керек пе?

Novo Nordisk өзінің жаңа эксперименттік препараты сынақ барысында адамдарға салмақ тастауға және қант деңгейін жақсартуға көмектескенін хабарлады. Бұл оң жаңалық компания котировкасының шамамен 5% өсуіне ықпал етті. Соған қарамастан, биыл Ozempic өндірушісінің акциясы шамамен 50% арзандады. Акциясы қсуі мүмкін деген үмітпен сатып алған жөн бе?
Егжей-тегжейлі
Novo Nordisk қант диабетін емдеуге арналған жаңа буын препаратын сынақ кезінде пациенттердің қанындағы қант деңгейін төмендетіп, салмақ тастауға көмектіргенін хабарлады.
Аптасына бір рет амикретин деп аталатын инъекция алған пациенттер 36 аптада салмағының 14,5%-ына дейін, ал препаратты тәулігіне бір рет ішіп қабылдағандар 10,1%-ына дейін арықтағанын компания мәлімдеді. Novo келесі жылы 2-типті диабетпен ауыратын пациенттерге арналған амикретиннің кеш кезеңдегі сынақтарын бастауды жоспарлап отыр.
Осы жаңалық аясында компания акциясы Копенгагендегі саудада 4,8% өсті. Алайда жылдың басынан бері Novo-ның капитализациясы жартысынан астамына қысқарды. Bloomberg атап өткендей, бұған инвесторлардың компанияның семіздікке қарсы препараттар нарығындағы бәсекеге қабілеттілігіне қатысты алаңдаушылығы әсер еткен.
Бұл неге маңызды?
Ozempic өндірушісі семіздікпен күрес нарығында жетекшілік орнын америкалық Eli Lilly компаниясына беріп, енді өз бәсекелік позициясын күшейту үшін жаңа буын препараттарына мұқтаж болып отыр. Bloomberg жазғандай, амикретин — осы стратегияның негізгі элементі: ол салмақты азайтудың екі түрлі механизмін бір молекулаға біріктіреді. Зерттеудің жаңа нәтижелері Novo-ның болашақ портфелі үшін оң белгі болуы мүмкін, өйткені Оземпиктің Альцгеймер ауруына қарсы таблетка нұсқасының сәтсіздігі 24 қарашада компания акциясының құлдырауына әкелген еді.
Novo әзірлеген амикретин Lilly компаниясының бәсекелес препараттары — Zepbound инъекциялары мен таблетка түріндегі жаңа буын орфорглипронымен салыстырғанда тиімді көрінеді, дегенмен клиникалық зерттеулер дизайнының айырмашылығы себебінен оларды тікелей салыстыру қиын, деп атап өтті Bloomberg Intelligence сарапшысы Майкл Шах. Агенттіктің түсіндіруінше, Novo зерттеуіне қатысқан пациенттердің бастапқы салмағы ауыр болған, сондықтан олардың арықтауы жеңілірек болуы мүмкін.
Шахтың айтуынша, амикретин қант деңгейіне Lilly препараттарының кеш кезеңдегі ірі зерттеулеріндегі әсерімен салыстырғанда әлсіздеу ықпал еткен. Алайда, шешуші фактор — жанама әсерлерді қоса алғандағы сынақтардың толық деректері болмақ, деді Bloomberg.\
Сарапшылар пікірі
Альцгеймер ауруына қарсы Ozempic препаратының зерттеу нәтижелері сәтсіз шыққаннан кейін Intron Health сарапшылары Novo Nordisk акциясы бойынша мақсатты бағаны 270-тен 230 дат кронына дейін төмендетіп, «сату» рейтингін сақтады. Жаңа таргет соңғы жабылумен салыстырғанда акцияның 20% төмендеуін білдіреді.
HSBC де Novo Nordisk акциясы бойынша рейтингін «сатып алудан» «ұстауға» дейін төмендетіп, мақсатты бағаны 445-тен 300 дат кронына түсірді. Банк бағалауы компания акциясының 4,5% өсуін ғана білдіреді.
AlphaValue/Baader Europe сарапшыларының айтуынша, Novo Nordisk төңірегіндегі инвесторлардың көңіл күйі қазір аса қолайсыз, әрі бұл жағдай Альцгеймерге қарсы зерттеудің сәтсіздігінен кейін одан әрі нашарлаған. Дегенмен, олар Novo мен Eli Lilly жылдам өсіп жатқан семіздікке қарсы дәрілер нарығында әлі де негізгі ойыншылар болып қала беретінін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, Novo-ның семіздік терапиясы саласындағы өте мықты өнімдік портфелі компанияға бәсеке күшейсе де, нарықтағы үлкен үлесін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
AlphaValue/Baader Europe сарапшылары Novo акциясын «сатып алу» рейтингін қалдырды, бірақ мақсатты бағаны 590-нан 561 дат кронына төмендетті. Бұл бағалау акцияның 95,5% өсу әлеуетін білдіреді.
Жалпы алғанда, сарапшылардың басым бөлігі Novo акциясын сатып алуға кеңес берді: барлығы 21 рейтингтің ішінде 12-сі — «сатып алуға» кеңес берсе, «ұстауға» — 7, «сатуға» — 2 сарапшы кеңес берді.








