БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Пандемияда асырап алынған үй жануарлары қартаюда. Бұдан кім пайда көреді?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Пандемияда асырап алынған үй жануарлары қартаюда. Бұдан кім пайда көреді?

Үй жануарларына арналған тауарларды сататын Chewy онлайн ритейлері ветеринарлық клиникалар желісін және дәріханалық сегментті кеңейту арқылы табысын айтарлықтай арттыра алады, дейді BofA сарапшылары. Олардың айтуынша, пандемия кезінде америкалықтар панажайлардан жаппай асырап алған үй жануарларының қартайуына байланысты бұл қызметтерге сұраныс өседі.

Егжей-тегжейлі

Chewy үй жануарларына арналған тауарларды онлайн сатуға ветеринарлық клиникасын өткен жылы ғана  ашса да, алдағы жылдары дәріханалық сегментін айтарлықтай кеңейте алады, делінген MarketWatch жариялаған Bank of America сарапшыларының бағалауынша.

Сарапшылардың айтуынша, ветеринарлық клиникалар желісін кеңейту Chewy компаниясына бірнеше жыл ішінде $1 млрд табыс әкелуі мүмкін.

«Біз 2026–2027 жылдары өсімнің жеделдеуі мүмкін деп күтеміз. Бұған жануарларды панажайлардан асырап алу трендінің қайта жандануы және пандемия кезінде асырап алынған жануарлардың егде жасқа жетуі әсер етеді. Бұл процестерден пайда табуға Chewy жақсы позицияда тұр – компанияның ветеринарлық клиникалар желісі кеңейіп келеді, ал зоофармацевтика саласында жетекші орында», – делінген талдау жазбасында.

16 шілдедегі сауда ашылғанда Chewy акциялары 0,7% өсті. Ал жыл басынан бері олар 14% қымбаттаған.

Сарапшылар нені басым көреді?

BofA деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Chewy компаниясының 11 ветеринарлық клиникасы бар. Google пікірлеріне қарағанда, кейбір қолданушылар олардың заманауи жағдайын мақтаса, басқалары қымбат бағалар мен диагноз қоюдағы қателіктерге шағымданады. Chewy басшылығының айтуынша, клиникалар жұмысы күткендегіден жақсы жүріп жатыр.

BofA сарапшылары Chewy жылына шамамен 10 клиника ашып жатқанын және желіні кеңейту қарқыны алдағы уақытта жеделдеуі мүмкін екенін де атап өтті.

Chewy-дің АҚШ-тағы зоофармацевтика саласындағы ең ірі дәріханалық бизнесі шамамен $1,1 млрд-қа бағаланады. Алайда BofA мәліметінше, Chewy бұл нарықтың небәрі 7%-ын ғана алып отыр (өткен жылы бүкіл нарық шамамен  $40 млрд-қа бағаланған). Сонымен қатар, сарапшылардың есебінше, биыл Chewy клиенттерінің тек төртен бірі ғана дәріханалық қызметтерді пайдаланады. Ал компанияның мақсатты деңгейі – 40–50%. Дегенмен, егер бір клиенттің дәріханалық қызметтерге кететін орташа шығыны шамамен $238 деңгейінде сақталса, сарапшылардың пікірінше, 40% қамту деңгейіне жеткен жағдайда компания қосымша $750 млн табыс таба алады.

BofA пікірінше, үй жануарларының жасы ұлғайған сайын олардың иелері дәрі-дәрмекке көбірек ақша жұмсай бастайды, бұл бір клиентке шаққандағы шығынның өсуіне әкеледі.

«Біз бұл салада өсу әлеуетін көріп отырмыз: Chewy Pharmacy сегментінде клиентке кететін шығын небәрі $10-ға артса да, компания қосымша $50 млн табыс таба алады», – делінген сараптамалық жазбада.

АҚШ-тың үй жануарларына арналған тауар өндірушілері қауымдастығының деректеріне сілтеме жасаған сарапшылар биыл ветеринарлық қызметтер мен зоофармацевтика нарығы 4% өседі, әрі қарай да кеңеюін жалғастырады деп болжайды.

Chewy-дің дәріханалық бизнесі Amazon және басқа бәсекелестер тарапынан бәсеке күшейіп жатқанына қарамастан, BofA сарапшылары Chewy компаниясының ветеринарлық қауымдастықпен жақсы бірігіп үлгергенін атап өтеді.

«Chewy Pharmacy-дің ассортименті басқа компаниялармен салыстырғанда әлдеқайда кең: ол иттер, мысықтар, жылқылар, ұсақ жануарлар, бауырымен жорғалаушылар, балықтар мен құстарды қамтиды. Сонымен қатар, иттерге, мысықтар мен жылқыларға арналған арнайы дайындалған компаунд-дәрілерді де ұсынады», – делінген жазбада.

Басқа да сарапшылар пікірі

BofA сарапшылары Chewy акцияларын сатып алуды ұсынады. Олар 12 айлық мақсатты бағасын $49 деңгейінде белгілеген – бұл ағымдағы деңгейден 28% жоғары.

Жалпы алғанда, Chewy акцияларын бақылайтын 33 сарапшының ішінен 18-і (Buy және Overweight рейтингтерімен) инвесторларға сатып алуды ұсынады. Ешқайсы сатуды ұсынбайды. Сарапшылардың орташа мақсатты бағасы 15 шілдедегі жабылу бағасынан 20% жоғары.

Контекст

Соңғы жылдары үй жануарларын ұстау құны едәуір өсті. Бұған себеп – жеке инвестициялық қорлар мен ірі корпорациялар ветеринарлық клиникаларды жаппай сатып алып, нарықты бір орталыққа біріктіруі болды.

Клиникалар сонымен қатар дәрі-дәрмекке, мамандарға, технологияға кететін шығындардың өсуімен және жануарларға көрсетілетін көмектің стандарттарының жоғарылауымен бетпе-бет келіп отыр.

BofA сарапшылары сілтеме жасаған KPMG бағалауынша, АҚШ-тағы ветеринарлық клиникалардың шамамен 30%-ы жеке акционерлік компанияларға, тағы 20%-ы корпорацияларға тиесілі. Қалған 50%-ы – негізінен тәуелсіз жеке клиникалар.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары