PayPal акциясы тоғызыншы сессия қатарынан өсуде. Есептен кейін ралли жалғаса ма?

Әлемдегі ірі финтех-компаниялардың бірі PayPal-дың акциялары қатарынан тоғызыншы сауда сессиясында қымбаттап жатыр: бұл — соңғы төрт жылдағы ең ұзақ өсім сериясы. Инвесторлар компанияның қағаздарын сатып алумен 29 шілдеде жарияланатын екінші тоқсан бойынша есебін күтуде. Каржылық көрсеткіштер қағаздардың алдағы бағалық траекториясын айқындауға көмектеседі, дейді сарапшылар.
Егжей-тегжейлі
Соңғы тоғыз сауда сессиясында PayPal акциялары 7% өсті. Бұл – 2021 жылдың сәуірінен бергі ең ұзақ өсім кезеңі: сол кезде қағаздар он сессия қатарынан шамамен осындай мөлшерде қымбаттаған еді, деп жазады MarketWatch. Алайда 2021 жылғы шілдеде тарихи шегіне жеткеннен кейін PayPal қағаздарының бағасы шамамен 75% төмендеген. Ал ағымдағы жылдың басынан бері 8%-дан астамға төмендеген.
Мұндай динамика компанияны құбылмалы акция ретінде сипаттауға негіз береді. Есептің алдында инвесторлар арасында қарама-қайшы көңіл күй қалыптасқан: бір тарап онлайн төлемдер сегментіндегі бәсекенің күшеюінен қауіптенсе, екіншілері қазіргі менеджмент басқаруындағы стратегиялық мақсаттардың жүзеге асуына үміт артады.
Сарапшылар пікірі
— Bernstein сарапшысы Харшита Раваттың болжамынша, алдағы есеп оң болады, деп жазады MarketWatch. Біріншіден, онлайн-саудадағы тұрақты әрі мықты үрдістер транзакциялық белсенділіктің орнықты өсуін қамтамасыз ете алады. Екіншіден, АҚШ долларының әлсіреуі трансшекаралық операциялардың өсуіне ықпал етуі мүмкін, дегенмен PayPal-дың тиімді хеджирлеу бағдарламасы валюталық тәуекелдердің көп бөлігін бейтараптандырады. Сарапшының айтуынша, компания жаңа өнімдерді нарыққа шығаруды жеделдетіп, өз дебеттік карталарына деген қызығушылықты арттырып жатыр.
Алайда Bernstein акцияларға бейтарап рейтинг берген. Сарапшының пікірінше, компанияның қысқа мерзімді перспективаларына қатысты скепсис сақталып отыр. Рават инвесторлар алдында тең ықтималды дилемма тұр деп санайды: не PayPal акциялары алдағы үш жылда бірнеше есе кіріс әкелетін жылдам өсетін активке айналады, не «құрылымдық шортқа» ұласады. Негізгі мәселе — бұл екі сценарийдің қайсысына басымдық беруге болатынын анықтайтындай жеткілікті дерек жоқ. Сарапшының ойынша, PayPal айналасындағы ахуал — іргелі драйверлер мен тәуекелдердің қоспасы — инвесторлар үшін шиеленісті, бірақ тартымды сауда мүмкіндігін қалыптастырып отыр.
— Jefferies сарапшысы Тревор Уильямс PayPal валютадан тазартылған транзакциялық пайда мен маржалық көрсеткіштер бойынша болжамнан асып түседі деп күтеді. Алайда инвесторлар ең алдымен Branded TPV (фирмалық төлем формасы арқылы транзакциялар көлемі) көрсеткішіне назар аударады. Уильямстың айтуынша, бұл көрсеткіштің өсу қарқыны екінші тоқсанда баяулаған — Қытай платформаларына, соның ішінде Temu мен Shein-ге салынған сауда шектеулеріне байланысты. Сарапшы Branded TPV өсімі 5% деңгейінде болады деп болжайды (бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 6% болған) және жыл соңына дейін айтарлықтай жеделдеу күтілмейді. Осыған байланысты ол да PayPal акцияларына бейтарап рейтинг сақтап отыр, өйткені төлем көлемінің серпінінде елеулі өзгерістерге жету үшін қажетті драйверлер әзірге байқалмайды.
— Morgan Stanley пікірінше, екінші тоқсанда PayPal «ақылды» транзакциялар мен офлайн шешімдерді дамыту арқылы орнықты өсімді жалғастырады. Серіктестермен интеграцияны тереңдету және баға ұсыныстары бойынша бастамалар табыстың жедел өсуіне ықпал етуі тиіс: транзакциялар көлемі 5–6% аралығында өседі деп күтіледі (алдыңғы тоқсанда 4% болған), ал Braintree төлем қабылдау платформасының көлемі 2%-дан асады. Morgan Stanley бұл көрсеткіштер компанияның кіріс көздерін тиімді әртараптандыру қабілетін дәлелдейді деп санайды.
Morgan Stanley сарапшылары да бейтарап ұсынысты ұстанып отыр. Олардың айтуынша, ағымдағы бизнес негізі мен акцияларды кері сатып алу компания бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде, бірақ негізгі өсім драйверлері толық ашылған жоқ. Оптимистік сценарийге көшу үшін фирмалық төлем түріндегі «ақылды» транзакциялардың үлесі 45%-дан асып, жылдам аударым сервисі Venmo-дағы клиенттер саны айтарлықтай артуы керек.
PayPal криптотөлемдерді дамытуда
28 шілдеде финтех-сервис PayPal өз бизнесіне арналған төлем платформасының мүмкіндіктерін кеңейтетінін жариялады: енді сатушылар криптовалюта түрінде төлем қабылдай алады. Компанияның мәлімдеуінше, платформа 100-ден астам криптовалюта мен Криптоәмияндармен, соның ішінде Coinbase және MetaMask-пен транзакцияларды қолдайды.
«Әлемде криптовалюта нарығына қатысатын 650 млн қолданушы бар, оның жалпы көлемі $3 трлн-ға жетеді. Біз шағын бизнеске осы өсіп келе жатқан клиенттер базасына қол жеткізу мүмкіндігін бергіміз келді», — деді Bloomberg-ке берген сұхбатында PayPal-дың ірі бизнес пен сатушыларға арналған платформасы бойынша бас менеджері Фрэнк Келлер. Оның айтуынша, PayPal осы арқылы криптонарыққа ұзақ мерзімді бағытталғанын көрсеткісі келеді.








