Perfect Corp өкілі сұлулық индустриясы мен Трамп баж салығына қатысты пікір білдірді

AppStore немесе Google Play дүкендерінде виртуалды макияж жасап көруге, шаштың түсін өзгертуге және басқа да сұлулық эффектілерін қолдануға арналған жүздеген қосымша бар. Мысалы, Perfect Corp. ірі брендтерге, соның ішінде Chanel компаниясына арналған шешімдер әзірлейді. Олар бұл технологияларды әр клиенттің бетінде өнімнің қалай көрінетінін көрсету үшін пайдаланады.
«Жасанды интеллект негізіндегі көптеген қосымшалар Snapchat маскалары сияқты тек көңіл көтеру үшін қолданылады. Бірақ бұл – брендтерге қажет дүние нәрсе. Косметика өндірушілері өз өнімдерінің шынайы бетте қалай көрінетінін көрсетуі маңызды», — дейді Perfect Corp. компаниясының атқарушы вице-президенті және стратегия директоры Луи Чен. Ол бұл туралы Нью-Йорктегі LD Micro форумында Oninvest басылымына берген сұхбатында айтты.
Луи Ченнің айтуынша, Perfect Corp. технологиясы макияждың шынайы көрінісін нақты беретін алгоритмдермен ерекшеленеді. «Біз ойын жасамаймыз. Біз нақты өнім теріде қалай көрінеді, соны виртуалды түрде көрсетеміз. Оның түсі мен текстурасы виртуалды түрдегі көрініспен нақты сәйкес келеді», — дейді ол.
Басталуы
Perfect Corp. 2015 жылы Тайванда құрылған. Луи Чен – алғашқы қызметкерлердің бірі. 2000-жылдары ол CyberLink атты IT-компанияда программист болып жұмыс істей бастаған. Бұл компанияны қаржы менеджері әрі кәсіпкер Элис Чанг күйеуімен бірге құрған. Жеке компьютерлердің сатылымы бәсеңдеген кезде, команда смартфон нарығын игеру жолын қарастыра бастады. Осылайша сурет өңдеуге және макияж жасауға арналған екі тегін қосымша пайда болды. Кейін бұл бағыт бөлек бизнес ретінде бөлініп шықты. Осылайша Perfect Corp. өз алдына жеке компанияға айналды, ал Луи Чен маркетинг пен бизнесті дамыту бөлімін басқаруға кірісті.
«Алғашқы жылы мен Нью-Йоркке айына 10 ретке дейін ұшатынмын, бір бағытқа 16 сағат кететін», — деп еске алады ол.
Чен алғашқы жылдар өте қиын болғанын жасырмайды: «Брендті ешкім білмейтін, Тайваньды сұлулық индустриясымен ешкім байланыстырмайтын. Біз өнімімізді үнемі америкалық және француз компанияларына ұсынумен болдық» деді ол.
Сонымен қатар, бұл сала — өте кішкентай әрі консервативті нарық, онда барлығы тек тексерілген серіктестермен жұмыс істегісі келеді.
Perfect Corp.-тың алғашқы ірі клиенті — британ ханзадасы Гарридің сүйікті брендтерінің бірі саналатын Elizabeth Arden болды. 2018 жылы компания жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап, Perfect Corp. шешімдерін қарастырды. «Бізді жаңа басшы ашық қабылдады», - дейді Чен. Бұл серіктестік басқа да брендтерге жол ашқан.
2022 жылдың қазан айында Perfect Corp. биржаға шықты. Кейін Provident Acquisition Corp. атты SPAC-компаниямен бірікті. Бұл компания жеке бизнестерді биржаға классикалық IPO-сыз шығару үшін құрылған. Осы келісім нәтижесінде Perfect Corp. құны 1,02 млрд $ болып бағаланып, «мүйізтұмсық» стартапқа айналды.
Қазір олардың клиенттері арасында Chanel, Estée Lauder, Clinique, Nars және басқа да танымал брендтер бар. 2025 жылдың бірінші тоқсанына қарай Perfect Corp.-тың 801 брендпен серіктестігі бар. Бұл бір жыл бұрынғыдан 9%-ға көп.
Perfect Corp. пен Alibaba арасындағы серіктестікке 6 жыл болды: Taobao және Tmall платформаларында косметикалық өнімдерді виртуалды түрде «таңдап көруге» болады. 2021 жылы компания Google-мен бірге AR-арқылы интерактивті косметика таңдау қызметін іске қосты. Сонымен қатар, нарықтағы ірі ойыншылардың бірі L'Oréal да Perfect Corp. шешімдерін қолданады.
Бизнестің құрылымы
Компания екі негізгі бағытта жұмыс істейді — b2b (бизнеске арналған) және b2c (тұтынушыға арналған).
Негізінен косметикалық компаниялармен келісімшарттар жасасу арқылы табыс табады. Олар Perfect Corp. технологияларын бұлтты қызмет ретінде сатып алып, өз сайттары мен қосымшаларына біріктіреді. Мысалы, клиент смартфон арқылы далаптың әртүрлі түстерін өз бетіне «қолданып» көре алады.
Екінші табыс көзі – мобильді қосымшаларға жазылым. Компанияның YouCam атауымен жеті мобильді және веб-қосымшасы бар: фотосурет пен видеоны өңдеу, макияж жасау, тырнаққа лак жағу және т.б.
Ченнің айтуынша, YouCam қолданушылары көбіне 24 жасқа дейінгі жас әйелдер. Ал YouCam Perfect қосымшасын пайдаланушылардың 40%-ы ер адамдар, себебі ол селфи-ретушьке арналған.
Кейбір қолданушылар он жылдан бері қосымшаны пайдаланып келеді. «Бұл бизнес үшін тиімді. Адам қосымшаға үйреніп қалады, ал жасы ұлғайған сайын табысы да артады, демек, шығыны да көбейеді», - деді Чен.
2024 жылы қосымшаларды белсенді қолданушылар саны 1 миллионға жетіп, 15%-ға артқан. Компания әр сегменттің табыс үлесін жарияламайды. Бірақ 2024 жылы жалпы табыс 12,5%-ға өсіп, 60,2 млн $ болған. Дегенмен, таза пайда 7,3%-ға азайып, 5 млн $ құраған.
Түсетін табыстың 50%-ы АҚШ нарығынан, 25%-ы Еуропадан (негізінен Франция), 10%-ы Жапониядан келеді. Қалғаны Азия елдеріне тиесілі.
Трамп енгізген баж салығының әсері
Ченнің айтуынша, олардың клиенттерінің көбі – халықаралық компаниялар, олар үнемі импорт-экспортпен айналысады. Бірақ сұлулық нарығы қазір тоқырау күйінде, тек Қытай елінде ғана өсім бар.
АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген импорттық баж салықтары сұлулық индустриясына кері әсер етті. Бұл Perfect Corp.-қа да жанама түрде әсер етуде.
Ченнің болжамынша, салықтар брендтердің пайдасын азайтады. «Маржаны қалпына келтіру үшін олар шығынды қысқартуы мүмкін. Бұл инновация мен жасанды интеллектке инвестицияны азайтуға әкеледі», – дейді ол.
Компания 2025 жылдың көктеміне дейін үш ірі клиентінен айырылды, қазір олардың саны – 148. Бұған макроэкономикалық қиындықтар себеп болды. Инвесторлар да алаңдаулы. Жыл басынан бері Perfect Corp. акциялары 26%-ға арзандаған.
Соған қарамастан, бірінші тоқсанда табыс 12,1%-ға өсіп, 16 млн долларға жетті. Таза пайда 246%-ға артып, 2,3 млн $ болды. Компания бұл көрсеткішті табыстың тұрақты өсуімен, шығындарды бақылаумен және қаржылық міндеттемелерді қайта бағалаумен түсіндіреді.
Ченнің айтуынша, «егер жаһандық экономика рецессияға ұшыраса, нақты шешім болмайды». Бірақ ол мұндай жағдай болмайды деп үміттенеді.
Компанияның бір бағыты – b2c сегментін дамыту. Яғни, YouCam қосымшалары арқылы фото-видео өңдеу және виртуалды макияж жасауды жетілдірмек. Бұл бағыт салықтардың әсеріне аз ұшырайды, себебі тікелей тұтынушымен жұмыс істейді.
«Бұл — тікелей байланыс. Біз жылына 40 $ тұратын жазылым сатамыз, бұл – АҚШ-та бір түскі астың бағасы», – дейді Чен.
Болашаққа жоспар
Компанияның клиенттері көп болғанымен, команда шағын – 400 адам. Perfect Corp. он жыл бойы тек сұлулық нарығына назар аударып келсе, кейінгі екі жылда сән саласына да бет бұра бастады. Бұл – логикалық қадам, себебі олардың мақсатты аудиториясы — сән мен косметикаға қызығатын әйелдер.
Биыл жылдың басында компания Wannaby атты беларусьтік жобаға иелік етті. Бұл кеңейтілген шынайылық (AR) саласындағы жоба сатып алушыларға аяқ киім мен аксессуарларды виртуалды түрде «киіп көруге» мүмкіндік береді. Келісімнің бағасы жарияланбады. Бұған дейін бұл компания Farfetch маркетплейсіне тиесілі болған. Ол Wannaby-ді 2022 жылдың көктемінде 24,5 млн $ қолма-қол ақшаға және шамамен 5 млн $ акция түрінде сатып алған еді. Мамыр айының соңында компания AI Clothes Try-on — киімді виртуалды түрде киіп көруге арналған технологияны ұсынды.
«Қазір біз ауқымдырақ бола бастадық, сондықтан тері күтімі, эстетикалық медицина клиникалары мен пластикалық хирургия сияқты жаңа секторларға да назар аудара бастадық», — дейді ол. Алайда компания өзі тәжірибесі жоқ салалардағы бизнесті сатып алуды жоспарламайды. Оның басты бағыты — жасанды интеллект пен кеңейтілген шынайылық технологиялары болып қала береді, — деп атап өтті ол.








