Raiffeisen Bank €2 млрд тұратын мұздатылған активтерді қайтарып алуы мүмкін

Австриялық Raiffeisen Bank акциялары соңғы екі айдағы ең ірі өсімді көрсетті. Бұған Еуроодақ банкке ресейлік олигарх Олег Дерипаскаға тиесілі болған мұздатылған активтерді беруі мүмкін деген хабар түрткі болды. Financial Times дерегінше сөз шамамен €2 млрд тұратын құрылыс концерні Strabag-тағы үлес жайында болып отыр. Бұл актив банктің Ресейдегі шығындарын өтей алады. Raiffeisen — Ресейде жұмысын жалғастырып отырған ең ірі батыстық банк.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg-тің мәліметінше 3 қазанда Вена биржасында Raiffeisen Bank International AG акциялары 8,9%-ға дейін қымбаттап, кейін өсім қарқыны 6–7% деңгейінде тұрақтады.
Құн өсіміне FT жариялаған ақпарат себеп болды. Жеті дереккөздің айтуынша жаңа антиресейлік санкциялар пакеті аясында Strabag акцияларын бұғаттан шығару ұсынысы қаралып жатыр. Компанияның 24%-ы кезінде Дерипаскаға тиесілі Rasperia арқылы бақыланған. Бұл активтер Raiffeisen-ге беріліп, Ресей сотының шешімі бойынша банкке салынған €2 млрд айыппұлды өтемек.
Дегенмен, FT дерегінше, ЕО-ның кейбір елшілері Австрия ұсынған бұл бастамаға қарсы шығуы мүмкін.
Raiffeisen де, Австрия СІМ де, Дерипаска да FT-ге түсініктеме беруден бас тартқан.
Бұл нені білдіреді?
Егер ұсыныс қабылданса, ол әуелде 2023 жылы жоспарланған мәмілені аяқтайды. Бұл шешім Raiffeisen-ге Ресейден валюталық шектеулерге байланысты бұғатталған пайдасын шығаруға жол ашар еді.
Бұған дейін банк АҚШ реттеушісінің қысымымен мәміледен бас тартқан болатын. Кейін Rasperia Ресей сотына шағымданып, жергілікті «еншілес банкке» €2 млрд өтемақы төлеуді міндеттетті және Strabag акцияларын Raiffeisen-ге беруді талап етті. Қаңтар айында банк бұл шешім Австрияда заңды күші жоқ екенін, сондықтан санкцияларға байланысты акцияларды алу мүмкін емес екенін мәлімдеген.
FT атап өткендей, Strabag активтерін бұғаттан шығару кейбір еуропалық шенеуніктердің алаңдаушылығын тудырады. Олар мұндай қадам олигархтардың санкцияны айналып өтуіне мүмкіндік беріп, ресейлік соттардың батыс активтерін тартып алу тәжірибесін заңдастырып жіберуі мүмкін деп санайды. Ал қолдаушылар болса, бұл схема керісінше, санкцияланған құрылымдардың екі мәрте пайда көруіне жол бермейді деп түсіндіреді.
Контекст
Raiffeisen — Ресейде жұмыс істеп отырған ең ірі шетелдік банк. Алайда ЕО мен АҚШ реттеушісі оны бұл нарықтан кетуге шақырып отыр. Банк Ресейдегі бизнесін қысқартуға тырысқанымен, жергілікті билік бұған қарсы: себебі ол елдің SWIFT жүйесіне қалған санаулы «терезелердің» бірі болып тұр.
Bloomberg-тің дерегінше Ресейдегі операциялар әлі де банк үшін ең табысты бағыттардың бірі. Бірақ валюталық шектеулерге байланысты ол табысын елден шығара алмай отыр.








