Рэй Далио: АҚШ күйреу қарсаңындағы КСРО-ға ұқсап барады

Америка ішкі қақтығыс жағдайына жақындап қалды, ол азаматтық соғысқа ұласуы әбден мүмкін. Мұндай сценарийді әлемдегі ең ықпалды инвесторлардың бірі, Bridgewater Associates хедж-қорының негізін қалаушысы Рэй Далио сипаттайды. Оның пікірінше инвесторлар алда не күтіп тұрғанын түсіну үшін қандай белгілерге назар аударуы керек? Және ол қандай кеңес береді?
АҚШ 1980-жылдардағы КСРО-ға немен ұқсайды?
2021 жылы жарық көрген Principles for Dealing with the Changing World Order атты кітабында Далио елдердің тарихи циклдерден өтетінін, олар алты кезеңнен тұратынын жазған — жаңа жүйе құрудан өркендеуге дейін, одан кейін ішкі күйреуге ұласатын қайталанатын үлгі. «Мемлекеттік қарыз проблемалары мен Лос-Анджелестегі Ұлттық гвардия тәртіпсіздіктерді басу үшін президент Трамптың бұйрығымен араласқан тұста бұл циклді еске салатын сәт келді деп ойлаймын», — деп жазды Далио 9 маусымда X әлеуметтік желісінде.
Оның бағалауы бойынша АҚШ дәл қазір осы циклдің бесінші кезеңінде тұр. Далио жазғандай, дәл осы сатыда 1980-жылдардың соңында КСРО тұрған еді — және жүйе ішінен түбегейлі өзгерістер енгізуге тырысқан (қайта құру) әрекет сәтсіз аяқталған соң, ел күйреп тынды.
«Бесінші кезең — бұл бұрылысты сәт: бір жол — азаматтық соғысқа/революцияға апарады, екінші жол — бейбіт және идеалды жағдайда, гүлденген қатар өмір сүруге бастайды. Әрине, екінші жол әлдеқайда ұтымды, бірақ оны жүзеге асыру өте қиын», — деп жазады Далио. Ол үшін елді біріктіре алатын, оппозициямен тіл табыса алатын, әділетті әрі тиімді жүйе құра алатын «күшті бітімгер» қажет — алайда тарихта ондай мысалдар өте сирек.
Алтыншы кезең — ең ауыр кезең: мемлекет ақшасыз қалады және әдетте революция немесе азаматтық соғыс секілді қақтығыспен бетпе-бет келеді. Бұл процестер тарихта көбіне зорлықпен өтіп, ескі жүйені қиратқан және оны жаңасымен алмастырған, деп жазады инвестор. Ол мысал ретінде 1917 жылғы Ресейдегі революция мен азамат соғысын келтіреді, нәтижесінде коммунистік тәртіп орнаған.
Қауіпті белгілерге мұқият болыңыз
Далио азаматтық соғыстар «болмай қоймайды» деп есептейді. Сол себепті ол сақ болуға және қақтығыстың жақындағанын білдіретін белгілерді бақылауға кеңес береді. Ол сипаттаған белгілер мыналар:
— үкіметте бюджет тапшылығы бар, ал шығарылатын қарыз көлемі сұраныстан асып түседі. Бұл — бесінші кезеңнің классикалық белгісі және алтыншы кезеңге көшу алдындағы мемлекеттің қарыз алу және шығын жасау қабілетін жоғалта бастағанын көрсететін ерте индикатор, деп ескертеді Далио;
— бюрократия деңгейі артып, бұл ақылға қонымды әрі қажетті шешім қабылдауды қиындатады;
— қоғамдағы ашу-ызаның күшеюі аясында популистер билікке келеді. «Популизм мен поляризацияны индикатор ретінде бақылаңыздар, — деп жазады Далио. — Елде популизм мен поляризация қаншалықты жоғары болса, ол бесінші кезеңге соншалықты терең кіріп, азаматтық соғысқа немесе революцияға жақындай түседі»;
— таптар арасындағы күрес күшейеді, белгілі бір топтар «барлық проблеманың кінәлісі» ретінде айыпталып, оларды оқшаулау басталады. Далио бұл демонизация көбінесе этникалық, нәсілдік немесе әлеуметтік-экономикалық топтарға бағытталатынын айтады — мысалы, бай капиталистер, егер олар кедейлер есебінен пайда тауып отыр деп қабылданса;
— БАҚ-қа деген сенім жойылады, ақпараттың бұрмалануы мен үгіт-насихат салдарынан адамдар шынайы шындықты түсінбей қалады.
Не болады?
Далионың бақылауы бойынша ірі ішкі қақтығыстарға, ал кейде азаматтық соғыстарға елдің қаржылық әлсіздігі (мысалы, қарыздар), қоғам ішіндегі табыс пен құндылықтар айырмашылығы және ауыр экономикалық соққылар (мысалы, дағдарыс, пандемия, табиғи апаттар, соғыстар) секілді уытты факторлар жиынтығы алып келеді.
«Үкіметтің қаржысы таусылғанда күйреу басталады. Бірақ оған дейін ақша мен билік күресі қыза түседі», — деп жазады ол.
Далио қағидасы
Мұндай жағдайға қатысты Далионың кеңесі («қағидасы») мынадай: егер күмән туса — қолайлы мүмкіндік бар кезде кетіп қал. «Тарих көрсеткендей, бәрі құлдырай бастағанда, кеткісі келгендер үшін «есіктер» жиі жабылып қалады. Бұл инвестиция мен ақшаға да қатысты: мұндай кезеңдерде елдер көбіне валюта бақылауын және басқа шектеулерді енгізеді», — деп ескертеді ол.








