Реттей алсаң, ретте: АҚШ-та криптовалюталардың болашағы үшін күрес қалай жүріп жатыр?

АҚШ-тағы криптовалюта секторы таңдау алдында тұр: ел президенті бұл салаға деген көзқарасын түбегейлі өзгертті, бірақ реттеуші органдар нарықты бақылауға таласып жатыр. Ал заң шығарушылар оны қалай дұрыс реттеу керектігін талқылауда. Project Syndicate үшін мақала жазған NatWest Group төрағасы және Англия банкі төрағасының бұрынғы орынбасары Ховард Дэвис АҚШ реттеу ісінде Еуропа тәжірибесіне назар аудара алады дейді.
Көптеген пікірлер мен даулар
Бірнеше жыл бұрын Атлантикалық кеңес криптовалюталарға әлем елдерінің көзқарасындағы айырмашылықтарды көрсеткен баяндама жариялады. Онда 45 елде олар заңды деп танылса, 20 елде жартылай тыйым салынған, ал 10 елде толық тыйым салынғаны айтылған.
Қазіргі уақытта мұндай әртүрлі пікірлер АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясында (SEC) да байқалады. Жаңа төраға Пол Аткинс криптовалюта энтузиасты, бұған дейін саладағы бірлестікті басқарған. Ал комиссия мүшесі, демократ Кэролайн Креншоу, SEC-тің жаңа «криптовалютаға достық» ұстанымын қатты сынап отыр. Оның пікірінше, Аткинстің жұмсақ саясаты ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
SEC пен Тауар фьючерстерімен сауда жөніндегі комиссия (CFTC) арасындағы юрисдикциялық дау бұл саланың тұрақты реттелуіне кедергі келтіріп отыр. SEC криптовалюталарды бағалы қағаз деп санаса, CFTC оларды тауар деп есептейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп криптовалютаға көзқарасын өзгертті: бұған дейін биткойнды «алаяқтық» деп атағанымен, қазір өзі және жұбайы мемкойндар шығарып отыр. $TRUMP жобасынан ол миллиардтап табыс тауып жатыр.
Ол криптоиндустрияны қолдау арқылы Кремний алқабымен қарым-қатынасты жақсартуға тырысуда. Сонымен қатар, ол АҚШ орталық банкінің цифрлық валютасын әзірлеуге тыйым салатын жарлық шығарды.
Конгресс те реттеуді қолға ала бастады. GENIUS заң жобасы тұрақты монеталарды (стейблкоин) реттеу үшін ұсынылған және Сенатта қолдау тапқан. Егер бұл заң қабылданса, Standard Chartered бағалауынша, АҚШ-тағы стейблкоин нарығы 2028 жылға дейін 2 трлн дооларға жетуі мүмкін.
GENIUS заңымен бірге басқа, қауіптірек активтерге қатысты белгісіздік әлі де сақталады. Бірақ заң шығарушылардың өзгерген көңіл-күйі бұл активтерге де оң әсер етуі мүмкін.
Еуропа үлгісі
Көп елдер осындай қиындықтарды бастан кешіп жатыр. АҚШ-та ЕО тәжірибесін қабылдауға ынта аз болғанымен, Еуроодақ 2024 жылы күшіне енген «Криптоактивтер нарығы туралы регламент» (MiCA) заңын қабылдады.
MiCA заңына сәйкес, стейблкоиндер сенімді активтермен қамтамасыз етілуі тиіс және олардың кемінде 30%-ы ЕО банктерінде сақталуы керек. Бұл талаптар Tether және Circle сияқты компанияларға қиындық тудырды.
АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент халықаралық ұйымдарға реттеу құқығын «аутсорсингке» бермейтінін айтқанымен, басқа елдер тәжірибесін пайдалану аутсорсинг емес.
Жаңа заң жобалары арасында биткойн қорын құру немесе Трамптың қаржылық мүдделеріне қатысты коррупциямен күресу секілді ұсыныстар бар, бірақ олар алға жылжи қоймас. Керісінше, АҚШ заң шығарушылары Брюссельге барып, Еуроодақ тәжірибесімен танысса, пайдасы тиері сөзсіз.
opyright: Project Syndicate, 2025.








