Revolut басшысының резиденттігін БАӘ-ге ауыстыруы британдық реттеушілерді алаңдатты

Лондонда тіркелген Revolut необанкі өзінің басшысы Николай Сторонскийдің салық резиденттігін Біріккен Араб Әмірліктеріне ауыстырғаны туралы британдық қаржы реттеушілеріне хабарламағаны оларда алаңдаушылық тудырды. Бұл ақпарат Сторонскийдің отбасы кеңсесінің тіркеу құжаттарында пайда болған, ал Revolut компаниясының өз корпоративтік есептерінде ол әлі де Ұлыбританияның резиденті ретінде көрсетілген, деп жазады Financial Times.
FT деректеріне сәйкес Ұлыбритания Қаржы министрлігі Қаржылық реттеу және қадағалау басқармасы (FCA) және Англия банкі Сторонскийдің жаңа мәртебесі туралы алдымен БАҚ арқылы білген. Осы жағдайдан кейін қадағалау органдары компаниядан түсініктеме беруді және мұндай «географиялық бөліну» банкті басқаруға әсер етпейтініне кепілдік талап еткен, деп хабарлады басылымға үш дереккөз. Олардың бірі реттеушілер компания басшылығының тұратын жерін өзгерту туралы алдын ала ескертуіне үйренгенін айтты.
Revolut өкілдері FT-ге Сторонскийдің отбасы кеңсесінің құжаттарындағы өзгерістер туралы билікке хабарлауға міндетті емес екенін айтты. Компания ресми түрде түсіндіргендей, оның CEO-сы бизнесінің жаһандық сипатына байланысты уақытын Ұлыбритания, Дубай және басқа өңірлер арасында бөліп өткізеді. FT дереккөзіне сүйенсек, финтехтің операциялық басқаруы Лондоннан жүргізіледі, ал отбасы кеңсесі Дубайдан басқарылады. Компания Сторонскийдің Revolut-тағы рөлі мен міндеттері өзгермегенін атап өтті.
Revolut — Еуропадағы ең ірі финтех-стартап, оның бағасы $75 млрд. Компания 2025 жылдың соңына дейін Ұлыбританияда толық банктік лицензия алуды көздейді. Қазір банк «мобилизация» кезеңінде, бұл депозиттерді тартуға қатаң шектеулер қояды. Қазан айында FT Revolut-қа толыққанды лицензия беру процесі созылып жатқанын, оған компанияның тәуекелдерді басқару жүйелерінің шетелдік операциялардың жылдам өсуін бақылау мүмкіндігіне қатысты реттеушілердің күдігі себеп болып отырғанын хабарлаған еді.








