Revolut Мексикада толық банк лицензиясын алды. Бұл нарық неге маңызды?

Британдық финтех-компания Revolut Мексика реттеушісінен осы елде банк операциясын жүргізуге ресми рұқсат алды. Осылайша, Revolut толық банк лицензиясын Латын Америкадағы елдер арасында алғаш Мексикада алды, деп хабарлады Bloomberg. Бұл компания үшін маңызды нарық саналады, алайда мұнда Revolut-қа финтех саласында тәжірибесі мол жаңа қатысушылармен және бұрыннан танымал латиноамерикалық компаниялармен бәсекелесуге тура келеді.
Егжей-тегжейлі
Revolut компаниясының мәлімдемесінде айтылғандай, ол елде банк бизнесін алдымен күту тізіміне жазылған аз ғана клиенттерге арнап іске қосуды жоспарлап отыр. Компания нақты банк қызметін қашан бастайтынын әзірге жариялаған жоқ. Банк ретінде жұмыс істеген жағдайда, Revolut кең ауқымды қызметтер ұсына алады, ал клиенттердің қаражаты жергілікті депозиттерді сақтандыру жүйесімен қорғалады, оның лимиті — 3,4 млн песо ($185 080), деп хабарлады Bloomberg.
Oninvest Revolut компаниясына ресми сауал жолдады.
Бұл неге маңызды?
Мексика финтех-компаниялар үшін нарық үлесін иеленуге «шайқас алаңына» айналды: олардың көбі дәстүрлі банктермен тікелей бәсекелесу үшін банк лицензиясын алуға ұмтылуда, деп жазды Bloomberg. Мексикалық нарықта Revolut компаниясына бразилиялық Nu Holding, Аргентинада құрылған MercadoLibre холдингі, сондай-ақ бұрынғы «Тинькофф» топ-менеджерлері негізін қалаған Plata стартапымен бәсекелесу қажет болады.
Revolut — Еуропадағы ең қымбат стартаптардың бірі. Компания мен оның инвесторлары $3 млрд көлеміндегі қаржы тарту раундын аяқтап жатыр, оның барысында компанияның нарықтық құны $75 млрд деп бағаланған, деп жазды Bloomberg 17 қазанда. Салыстырмалы түрде, Plata $250 млн инвестиция тартып, $3,1 млрд бағаланған. Revolut құны шамамен Nubank-пен бір деңгейде (оның капитализациясы $74 млрд және ол аймақтағы ең қымбат жария қаржы компаниясы), бірақ MercadoLibre-ден төмен, оның нарықтық капитализациясы шамамен $105 млрд құрайды.
Контекст
Латын Америка — Revolut үшін негізгі аймақтардың бірі, өйткені компания қолданушылар санын ағымдағы 65 млн-нан 100 млн-ға дейін арттыруды көздеп отыр, деп жазды Bloomberg. Салыстыру үшін, Nubank-тің 122 млгн-нан астам клиенті бар, олардың 13 миллионы — Мексикада, деп атап өтті агенттік.
Бұл — Revolut Латын Америкада бір айдың ішінде алған екінші реттеуші мақұлдауы. Қазан айының басында компания Колумбияда банк құруға рұқсат алғанын, бұл лицензия алу процесіндегі екі кезеңнің алғашқысы екенін хабарлаған. Сондай-ақ, Revolut 2026 жылы Колумбияда жинақ шоттары, халықаралық ақша аударымдары және кредиттік карталар секілді өнімдердің толық спектрін іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
Revolut қазір BNP Paribas тобына тиесілі аргентиналық Banco Cetelem банкін сатып алу үшін реттеушілердің рұқсатын күтіп отыр. Бұған қоса, финтех басшылығы Перу елінде лицензия алуға өтініш беру мүмкіндігін де қарастырып жатқанын айтқан. Компания қазірдің өзінде Бразилияда лицензия негізінде жұмыс істейді, ол оған цифрлық әмияндар мен халықаралық шоттар ашуға мүмкіндік береді, деп жазды Bloomberg. Jefferies сарапшысы Иниго Веганың бағалауынша, Бразилияда Revolut айына шамамен 450 000 белсенді қолданушыға ие, бұл көрсеткіш бойынша ол Nubank, Mercado Pago және Inter & Co. сияқты компаниялардан артта қалып отыр.
«Болашақта назар аударатын ең маңызды аспект — Revolut-тың несие беруге дайын болуы, өйткені несиелік спрэдтер аймақтағы жаңа ойыншылардың пайдасының елеулі бөлігін құрайды», — деп келтіреді агенттік Веганың жазбасынан.








