Сабыр сақтаңыз: Неге ЖИ-алыптар раллиін доткомдар көпіршігімен салыстыру дұрыс емес

Шілде айының ортасында Apollo Global компаниясының бас экономисі қазіргі қор нарығындағы жасанды интеллект (ІЖ) бумының көлемі 1990-жылдардың соңындағы доткомдар көпіршігінен де асып түсуі мүмкін деп ескертті. Технологиялық сектор расында да назарда тұр: Nvidia, Meta, Microsoft сынды ІЖ көшбасшыларының акциялары екі таңбалы өсімді көрсетіп жатыр, ал олардың S&P 500 индексіндегі үлесі рекордтық деңгейге жетті. Капиталдың жоғары шоғырлануы мен шамадан тыс қызығушылық кей инвесторлар мен талдаушылар арасында алаңдаушылық тудыруда.
Дегенмен Charles Schwab инвестициялық стратегия жөніндегі басшысы Лиз Энн Сондерс қазіргі нарық көшбасшыларын дотком дәуірімен салыстыруға келмейтін мүлде сапалы басқа компаниялар деп есептейді. Алайда инвесторларға тәуекелдер туралы ұмытпау керектігін де ескертеді.
Нарықта шоғырлану артып барады
2025 жылы қор нарығындағы эйфория капиталдың аз ғана технологиялық алыптардың қолында шоғырлануымен қатар жүріп жатыр. Nvidia, Meta мен Microsoft акциялары жыл басынан бері айтарлықтай өсті, ал нарық қатысушылары арасында «Ұлы жетеудің» (Mag7) орнына «Mag3» термині жиі қолданылып жүр. Бұл тек аздаған компаниялардың индекс қозғалысына әсерін білдіреді.
2025 жылдың екінші тоқсанының соңында жеті ІЖ алыбы — Nvidia, Microsoft, Apple, Amazon, Alphabet (3,96%), Meta Platforms және Tesla — S&P 500 индексінің 30%-дан астам салмағын құрады. Ал Nasdaq 100 технологиялық индексінде бұл жетілік 62%-ды иеленіп отыр. Мұндай шоғырлану бүкіл нарық қозғалысы осы жеті компанияның нәтижелеріне тікелей байланысты дегенді білдіреді. Олардың біреуінің бағамындағы ауытқу бүкіл нарыққа ықпал етуі мүмкін. Ал дотком көпіршігінің шарықтау шегінде, яғни 1999 жылы, ең ірі компаниялардың жиынтық үлесі небәрі 25% болатын.
Лиз Энн Сондерс пікірінше инвесторлар үшін басты қауіп — нарықтың күйреу ықтималдығы емес, нақты активтерге капиталдың тым көп шоғырлануы және портфельдердің жеткілікті әртараптандырылмауы. Ол былай дейді:
«Бұл — әсіресе портфельді теңгерімдеуді ұстанбайтын жекелеген инвесторлар үшін тәуекел. [Дотком дәуірімен] басты айырмашылық — қазіргі бағалар жоғары болғанымен, компаниялардың іргелі көрсеткіштері әлдеқайда мықты. Мысалы, Баффет индикаторы секілді көрсеткіштерге назар аударсақ (яғни барлық акциялардың нарықтық құнының ЖІӨ-ге қатынасы), қазіргі деңгейлер 1999–2000 жылдардағы максимумнан асып кеткен».
Трейдерлер де бұл бағалаумен келіседі: Charles Schwab жүргізген сауалнамаға сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында нарық қатысушыларының 51%-ы оны асыра бағаланған деп есептейді, ал 26%-ы ІЖ акцияларын «ең көп сатып алынған» және «шектен тыс қызығушылыққа ие» құралдар тобы деп атады.
Доткомдардан ІЖ-ге дейін: тарихтың қайталанбауының себептері
Дотком көпіршігі — 1990-жылдардың соңындағы нарық эйфориясының классикалық мысалы. Ол кезде инвесторлар жаппай интернет-компанияларға қаржы құйып, олардың көбісі IPO-ға жаңа ғана шыққан, табысы жоқ, бизнес-моделі не өнімі де толық болмаған. Акциялар санаулы күнде аспандап кететін — мысалы, Pets.com, eToys, Webvan сол дәуірдің символына айналып, арада бірнеше жыл өткен соң банкротқа ұшырады. Инвесторлар қаржылық көрсеткіштерді елемей, «интернет болашағына» сеніп, пайдадан қалып қоямыз деп қорықты. Нәтижесінде 2002 жылға қарай NASDAQ индексі шамамен 80%-ға құлдырады, ал мыңдаған дотком нарықтан жоғалды.
Бүгінгі күні, мультипликаторлар жоғары және ІЖ тақырыбына эйфорияға жақын қызығушылық болса да, жағдай 90-жылдардың соңынан өзгеше. Лиз Энн Сондерс былай дейді:
«Сол кездегі нарықты қозғаған негізгі күш — ірі мегакорпорациялардан бөлек, табысы жоқ, тіпті табыс әкелу перспективасы да жоқ компаниялардың акциялары еді. Бұл шынымен «есалаң уақыт» болды — компания атауына жай ғана dot com қосылса жеткілікті еді. Ал қазір нақты табыс ағыны мен болашағы айқын компаниялар туралы сөз болып отыр».
Инвесторлар не істеуі керек?
Лиз Энн Сондерс пікірінше технологиялық алыптарға капиталдың шоғырлануы мен олардың акцияларына жоғары сұраныс нарықтың асыра бағалануына әкелуі мүмкін. Егер бұл компаниялардың табысы инвесторлардың үмітін ақтамаса, нарықта түзету басталады — акция бағасы төмендеп, нақты қаржылық нәтижелермен сәйкестенеді. Бірақ Сондерс атап өтеді: бұл түзету дотком көпіршігіндегі құлдырау сияқты күрт немесе ұзаққа созылатын сипатта болмауы мүмкін.
«Бұл бағалардың «қызуы» артқан кезеңдерде түзету қажет дегенді білдіреді, тіпті жай ғана табыс бағаларды қуып жету үшін. Бірақ дотком дәуірімен тікелей параллель жасау дұрыс емес — өйткені қазіргі компаниялардың ақшалай ағымы мен баланстық сапасы әлдеқайда жоғары».
Мұндай жағдайда Сондерс инвесторларға тәуекелдерге мұқият болуға, әртараптандыруды ескеруге және нарықтағы ықтимал ауытқуларды портфель құру кезінде назарда ұстауға кеңес береді.








