Ұшақ билеттері қымбаттай ма? Ryanair болжам жасады, сарапшылар мүмкіндік көреді

Лоукостер Ryanair әуе сапарларына сұраныс жоғары екенін және қаржы жылының бірінші тоқсанында билет бағасы кемі 15%-ға қымбаттайды деп мәлімдеді. Уолл-стрит бұл болжамды оң бағалап, компанияның қайтадан пайдаға шығатынына сенім білдірді. Бірнеше сарапшы Ryanair акцияларын сатып алуға берген ұсынымын растады. 19 мамыр, дүйсенбі күні Ирландия биржасындағы сауда-саттықта Ryanair акция бағалары рекордтық өсім көрсетті.
Егжей-тегжейлі
Ryanair дүйсенбі күні 2026 қаржы жылында жолаушылар ағыны 3% өседі деген болжамын растады. Әуе компаниясы жазғы маусымға сұраныстың қазірдің өзінде жоғары екенін мәлімдеді.
«Бүкіл желі бойынша сұраныс тұрақты. Біз жұмыс істейтін барлық 37 елде жазғы рейстерге сұраныс жоғары», – деді Ryanair-дің қаржы директоры Нил Сорахэн (Reuters).
Компанияның хабарлауынша, билет құнының шарықтау деңгейі өткен жылмен салыстырғанда жоғары, ал брондау саны шамамен 1% көбейген. Былтырғы жылы билет бағасы 7%-ға төмендегеніне қарамастан, оның орнын қазіргі бірінші тоқсанда толтыра бастағанын атап өтті. Орташа тарифтердің 7%-ға жуық өсуі — Ryanair басшысы Майкл О’Лиридің наурызда айтқан 4–6% болжамынан да жоғары көрсеткіш, дейді Reuters.
Ryanair алғашқы қаржы тоқсанында билет бағасы өткен жылмен салыстырғанда шамамен 15–19% аралығында өседі деп күтуде. Ал екінші тоқсанда — былтыр осы кезеңде баға төмендегенін ескерсек — ішінара қалпына келу болжанып отыр. Компанияның бірінші тоқсанына сәуір айындағы Пасха аптаcы мерекесі де қосымша пайда әкеледі.
Компанияның болжамынша, биылғы қаржы жылында бір жолаушыға кететін шығын біршама өседі. Сол арқылы жаңа ұшақтар, жанармайды алдын ала белгіленген бағамен сатып алу (хеджирлеу) және шығындарды бақылау шаралары әуе қозғалысын басқару мен экологиялық алымдардың өсуін өтеуге мүмкіндік береді, деп жазады Reuters.
Акциялардың жай-күйі
Ryanair акциялары Ирландия биржасындағы сауда кезінде 5,4% өсіп, 23,61 еуроға жетті. Бұл — компания тарихындағы ең жоғары баға көрсеткіші.
Әуе компаниясының АҚШ-тағы депозитарлық қолхаттары 5,8% қымбаттады. Жыл басынан бері Ryanair акциялары шамамен 15% өсті. Осы кезеңде Wizz Air акциялары да ұқсас өсім көрсетті, ал EasyJet қағаздары 2% төмендеді.
Сарапшылар пікірі
Citi сарапшылары шығындардың қалыпты өсуі мен билет бағасының қалпына келу болжамын инвесторлар үшін жағымды жаңалық деп бағалады.
«Билет бағасына қатысты болжам біз күткеннен әлдеқайда жақсы шықты — бұл компанияны 2023 жылдың көктеміндегі табысты тариф деңгейіне қайта әкелуі мүмкін», — деді Bernstein сарапшысы Алекс Ирвинг (Bloomberg).
RBC Capital сарапшылары 19 мамырда Ryanair есебі мен болжнан кейін компания акцияларына қатысты «cатып алу» (Buy) рейтингін растады және мақсатты бағасын €24 қалдырды. Бұл 16 мамыр, жұма күнгі жабылу бағасынан 7% жоғары. UBS те «cатып алу» ұсынымын сақтап, акцияға €25,5 мақсатты баға белгіледі. JPMorgan өз рейтингін өзгертпей, бұрынғыдай «cатып алу» және €27 мақсатты бағасын қалдырды. Бұл көрсеткіш акция бағасының 20,5% өсу әлеуетін білдіреді.
FactSet дерегінше, сарапшылардың басым бөлігі Ryanair қағаздарын сатып алуға кеңес береді: 12 сарапшы Buy және Overweight рейтингін берсе, жетеуі – бейтарап Hold ұстанымын таңдаған. Тек бір ғана сарапшы бұл қағаздарды сатуға кеңес береді (Underweight).
Компанияның есептік нәтижелері
Ryanair 2025 қаржы жылын (31 наурызда аяқталған) €13,95 млрд табыспен аяқтады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 4% артық.
Алайда компанияның таза пайдасы 16% қысқарып, €1,61 млрд-ты құрады. Бұған 2024 жылғы жазғы маусымда билет бағасының төмендеуі себеп болған. Соған қарамастан, жолаушылар саны 183,7 млн-нан 200 млн адамға дейін артты.
The Wall Street Journal-дың жазуынша, компанияның табыс пен пайда жөніндегі көрсеткіштері Visible Alpha сауалнамасына қатысқан сарапшылардың болжамдарымен сәйкес келген.
АҚШ бажының әсері
Майкл О’Лири АҚШ-тың кедендік баж салығы авиация саласында белгісіздік туғызып, еуропалық жолаушылардың АҚШ-қа деген қызығушылығын төмендеткенін айтты. Соған қарамастан, ол биыл жазда Еуропаға келетін америкалық туристер санының көп екенін атап өтті (Bloomberg).
Ryanair де басқа әуе компаниялары секілді АҚШ пен ЕО арасындағы сауда келіссөздерінің нәтижесін күтуде. Бұл жағдай Еуроодақтың Boeing ұшақтарына жауап ретінде баж салығын енгізу қаупімен байланысты. Bloomberg мәліметінше, Ryanair — Boeing ұшақтарын ғана қолданатын және компанияның Еуропадағы ең ірі клиенті. Қосымша салықтар күшіне енсе, компания $33 млрд көлеміндегі келісімшарттан бас тартуы мүмкін.
«Егер баға өссе, біз тапсырыстан бас тарту құқығын өзімізде қалдырамыз. Бірақ біз ақылға қонымды шешім қабылданып, баж салығы енгізілмейді деп сенеміз», — деп түсіндірді Нил Сорахэн.








