Salesforce $8 млрд-қа Informatica-ны не үшін сатып алмақ?

Маркетологтарға арналған ЖИ-негізіндегі бұлтты шешімдерді ұсынатын Salesforce компаниясы Informatica-ны сатып алатынын мәлімдеді. Salesforce-қа бұл $8 млрд-қа түседі — бұл сома оның компаниядағы бар үлесін ескеріп есептелген. Бұл – компанияның ең ірі сатып алулардың бірі, сондықтан оған реттеуші органдардың рұқсаты қажет болуы мүмкін. Алайда Informatica әзірлеген шешімдер оған адам атқаратын міндеттерді орындай алатын ЖИ-агенттерін әрі қарай дамыту үшін қажет.
Егжей-тегжейлі
Informatica әр акция үшін шамамен $25 алады — бұл 22 мамырдағы сауда жабылу бағасынан 30%-ға жоғары. Бұл күн Bloomberg агенттігі келіссөздердің аяқталуға жақын екенін хабарлағанға дейінгі күн болатын. Хабардан кейін Informatica акциялары 17%-ға қымбаттады, ал 27 мамырда мәміле жарияланған соң тағы 6%-ға өсті.
Informatica-ның нарықтық капитализациясы сату туралы хабарланған күні $7,2 млрд болды — бұл 2023 жылғы ең жоғары көрсеткіш ($11,5 млрд) деңгейінен әлдеқайда төмен. Bloomberg дерегінше, компанияның қарызы $1,9 млрд-қа жеткен. Мәміле Salesforce-тың өз қаражаты мен жаңа қарыз есебінен қаржыландырылады. Пресс-релизге сәйкес, сатып алу 2027 қаржы жылының басында, яғни 2026 жылғы ақпан–наурыз айларында аяқталуы тиіс.
Екі компанияның директорлар кеңесі бұл мәмілені мақұлдады, сондай-ақ Informatica-ның дауыс беретін акцияларының шамамен 63%-ын иеленетін акционерлер де оны қолдады. Алайда Informatica Salesforce-тың еншілес компаниясы MuleSoft-пен бәсекелес. Бұл бірігу бұлтты бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы шоғырлануды күшейтіп, антимонополиялық реттеушілердің назарын аударуы мүмкін, деп жазады Bloomberg.
27 мамырдағы саудада Salesforce акциялары 1%-ға нығайды.
Salesforce не үшін сатып алмақ?
Екі компания бұл мәмілені ЖИ-агенттерді дамыту саласындағы стратегиялық қадам ретінде сипаттайды — бұл агенттер адам орнына тапсырмаларды орындай алатын және деректерді талдау негізінде шешім қабылдайтын жүйелер. Salesforce таратқан баспасөз хабарламасында: «Informatica-ның кең көлемді дерекқоры, метадеректерді басқару, деректер сапасы мен құпиялылығына қатысты шешімдері мен Salesforce платформасының бірігуі агенттік ЖИ үшін бірыңғай архитектура құруға мүмкіндік береді», — деп жазылған.
«Бұл мәміле — Salesforce-тың ЖИ-ге бағытталған келесі даму кезеңінің негізгі тетігі», — деді компанияның президенті әрі қаржы директоры Робин Вашингтон. Оның айтуынша, Informatica шешімдерін біріктіру үдерісі жедел басталады.
Guggenheim сарапшысы Джон ДиФуччи Informatica-ны өз саласындағы көшбасшы деп атады, Айтуынша, бұл сатып алу Salesforce-қа «деректермен жұмыс істеудің бүкіл инфрақұрылымына — шашыраңқы ақпаратты жинаудан бастап, талдау мен бизнес-қосымшаларға дейін — толық бақылау орнатуға мүмкіндік береді», деп жазады MarketWatch.
Informatica-ны сатып алу жоспары Salesforce бас директоры Марк Бениоффтың деректерді басқаруға инвестицияны айтарлықтай арттыруға ниетті екенін көрсетеді. Bloomberg Intelligence сарапшылары Анураг Рана мен Эндрю Жирар мұны компанияның Data Cloud — клиент деректерін нақты уақыт режимінде басқаруға арналған бұлтты платформасының соңғы табыстарымен байланыстырады. Бұл Salesforce тарихындағы ірі мәмілелердің бірі, деп жазды BI сарапшысы Сунил Раджгопал.
Jefferies сарапшысы Брент Тилл де Salesforce-тың ЖИ агенттерін әзірлеу және оларды енгізуге арналған Agentforce платформасын дамытуға ерекше назар аудара бастағанын айтты. «Компания енді ішкі деректер қоймаларынан ақпаратты біріктіруге көбірек көңіл бөледі, бұл клиенттерге Agentforce-ты тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді», — дейді ол MarketWatch келтірген жазбасында. Сонымен қатар, Тиллдің айтуынша, Salesforce-қа Agentforce енгізу үдерісін жеделдетуге деген қысым күшейіп келеді.
Контекст
Informatica-ны сатып алуға талпыныс Salesforce үшін алғашқы емес. 2024 жылы компания бір акция үшін $35 ұсынып, келіссөздер жүргізген болатын. Бұл баға сол кездегі нарықтық деңгейге сәйкес келгенімен, қосымша сыйақы қарастырылмаған еді. Тараптар компания құнына қатысты ортақ шешімге келе алмай, мәміле жүзеге аспады.
Келіссөздер туралы сол кездегі жаңалық инвесторлар тарапынан бірден реакция тудырды: Salesforce акциялары 7,3%, Informatica котировкалары 6,5% құлдырады. Сыншылар бұл жағдайды Salesforce-тың бұрынғыдай агрессивті сатып алу стратегиясына қайта оралуының белгісі деп бағалады — дәл осы үшін компанияны бұған дейін активист-инвесторлар сынға алған болатын.
Қазір Informatica-ның нарықтық бағасы өткен жылмен салыстырғанда 23% құлдыраған. Алайда Salesforce оның қарыздарымен қоса сатып алмақ.
Salesforce акцияларының жай-күйі
2025 жылдың басынан бері Salesforce-тың нарықтық бағасынан шамамен 17% жоғалтты. MarketWatch дерегінше, компанияның акцияларын бақылайтын 57 сарапшының көбі оларды сатып алуға кеңес береді: 40 сарапшы «Buy», ал 5-еуі «Overweight» рейтингін берген. Тағы 10-ы ұстауды (Hold), екеуі сатуды (Underweight және Sell) ұсынады. Уолл-стриттегі консенсус-бағасы акция құнының $364,9-ға жететінін көрсетеді — бұл 23 мамырдағы жабылу бағасынан 33% жоғары.








