Сарапшылар шағын металл өңдеу компаниясының акциясынан 144% өсу әлеуетін байқады

Noble Capital Markets брокер-дилері шағын капитализациялы металл мен күн панельдерін өңдейтін Comstock акциясына берген рейтингін көтеріп, сатып алуды ұсынды. Белгіленген мақсатты баға компанияның ағымдағы котировкасынан 2,4 есе жоғары. Қазір компания үшін бетбұрыс кезең: тамыз айында қаржыландыру тартты, қарыздарын өтеді және осының арқасында алғашқы металл өңдеу зауытын салуы мүмкін, деп жазды сарыпшылар. Comstock акциясы күрт өсті.
Егжей-тегжейлі
Noble сарапшыларының жазбасында жазылғандай, олар Comstock акциясының рейтингін Market Perform («ұстау») деңгейінен Outperform («сатып алу») деңгейіне дейін көтерді.
Сондай-ақ, сарапшылар компания қағазына алғаш рет мақсатты баға берді — $6,75. Бұл — 4 қарашадағы сауда жабылғандағы $2,76-дан 2,4 есе жоғары. Ол күні акция 6,4% арзандаған еді.
5 қарашада АҚШ-тағы таңғы саудада Comstock котировкасы шамамен 3% өсті.
Noble неге рейтингін көтерді?
Noble сарапшыларының пікірінше, қазір Comstock бизнесі үшін бетбұрыс кезең туды. Компания өз қызметін тұрақты даму идеясын негізге ала отырып құрып келеді, оның мақсаты — табиғи ресурстарды үнемдірек пайдалану.
Тамыз айында қосымша акция шығару арқылы компания $31,8 млн қаржы тартып, барлық қарызын өтеді және енді алғашқы металл өңдеу зауытын салуды қаржыландыра алады, деп жазды сарапшылар. Олар компанияның әр бизнес бағытының да өсу әлеуеті барын атап өтті.
Comstock Metal жоспарына сәйкес, зауыт 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. Бір жылда шамамен 25 200 тонна күн панелін өңдеп, $12,6 млн табыс әкеледі деп күтілуде. Компанияның қазірдің өзінде энергетикалық алпауыт RWE тобының америкалық еншілесі RWE Clean Energy-мен серіктестік келісімі бар. Осы келісім аясында micro-cap компания RWE Clean Energy-дің АҚШ-тағы ірі күн электр станцияларын пайдаланудан шығару, логистикасын қамтамасыз ету, қайта өңдеу және кәдеге жарату жұмыстарын атқарады.
Comstock Mining перспективасы алтын мен күміс қоры бар учаскелерді әрі қарай игерумен байланысты. Компания басшылығы жыл соңына дейін бұл жобалардың экономикалық талдауын жүргізіп, монетизация нұсқаларын қарастыруды жоспарлап отыр.
Comstock-тың тағы бір артықшылығы — оның Bioleum Corporation компаниясындағы үлесі. Noble сарапшыларының пікірінше, бұл — Bioleum-ның болашақтағы өсуіне және акционерлер үшін құн құруға бағытталған инвестиция. Bioleum биыл мамыр айына дейін Comstock құрамында болып, ағашты биологиялық отынға айналдыру технологиясымен айналысқан. Бөлініп шыққаннан кейін Comstock артықшылықты акциялар алды, кейін оларды екі есе аз көлемдегі жай акцияларға айырбастай алады.
Қазір Bioleum — жария компания емес, бірақ болашақта IPO өткізуді жоспарлап отыр. Нақты мерзім әлі жарияланбаған, бірақ компанияның хабарлауынша, жылына 400 000 баррель өндіретін алғашқы мұнай өңдеу зауытының құрылысы аяқталып, коммерцияландырудың негізгі кезеңдері өткен соң листинг жүзеге асады.
Акция ахуалы
Уолл-стрит Noble-дың оптимизмін қолдамайды, деп жазды MarketMatch. Компания қағазына тек екі «ұстап тұру» (Hold) рейтингі берілген. Алайда, орташа мақсатты баға — $4, бұл ағымдағы котировкамен салыстырғанда 45% өсу әлеуетін білдіреді.








