«Сатып ал да, ұмыт»: инвестицияға лайық үш технологиялық акция

Evercore келесі жылға арналған үздік идеялар қатарына Apple, Amphenol және Arista Networks акцияларынан тұратын технологиялық портфельді қосты, деп хабарлады CNBC. Сарапшы Амит Дарьянанидің айтуынша, бұл қағаздарға «сатып ал да, ұмыт» қағидасымен инвестициялауға болады. Оның бағалауынша, осы компаниялардың әрқайсы күтілімді тұрақты ақтап келеді және жасанды интеллекттің кең таралуынан ұтуға бірегей түрде жақсы орналасқан.
Apple
Evercore пікірінше, Apple ағымдағы тоқсанға берілген мықты болжамнан кейін жаңа жылға дайын күйде кіріп отыр. Сарапшының жазуынша, iPhone 17 желісі іске қосылған соң iPhone сатылымының серпіні күшейіп келеді, ал Services сегментінің төмен немесе орташа екі таңбалы қарқынмен (10–15%) өсуі драйверлердің әртараптандырылған базасының арқасында орнықты көрінеді.
Дарьянанидің болжамынша, 2026 жылы Apple төңірегіндегі негізгі талқылау компанияның көктемде күтілетін Siri жаңартуын қаншалықты тиімді монетизациялай алатынына және соның есебінен қосымша табыстың жаңа көздерін қалыптастыра алуына бағытталады.
Биыл Apple акциясы 8,8% қымбаттады, ал S&P 500 индексі 17,5% өсті. Ұзақ уақыт бойы компания аутсайдерлер қатарында қалып, сәуір айында оның котировкасы 31%-ға дейін төмендеген еді. Алайда, жаңа iPhone желісіне сұраныс күтілгеннен жоғары болғанының белгілері акция бағасын жедел өсіріп, нәтижесінде Apple-дің нарықтық капитализациясы $4 трлн-нан асты. Уолл-стритте компанияға қатысты көңіл күй жалпы оң: қазір Apple қағазын 50 сарапшы қадағалап отыр. Сатып алуға — 30, сатуға — 4 сарапшы кеңес берді. Ал үш ай бұрын мұндай «аюлық» пікірлер екеу ғана болған, деп көрсетті MarketWatch деректері.
Amphenol Corporation
Evercore болжамынша, электрондық коннекторлар өндірушісі келесі жылы да бәсекелестерінен табысы мен маржасы бойынша озады. Сарапшы жазбасында атап өтілгендей, әрбір қосымша табыс доллары компанияға шамамен 30 цент пайда әкеледі, ал стратегияның іске асуы мықты күйінде қалып отыр. Осыған байланысты Amphenol нарықтан жоғары өсім көрсетуге және бір акцияға шаққандағы пайданың (EPS) алдағы уақытта да жедел артуына жақсы орналасқан.
Биыл Amphenol нарықтық капитализациясы екі есе өсті. Соған қарамастан, Уолл-стрит бұл компаниядағы үлесті арттыруды ұсынып отыр: MarketWatch дерегінше, акцясын 22 сарапшы қадағалап отыр. Сатып алуға — 14 сарапшы кеңес берді, сатуға кеңес жоқ. Ал орташа мақсатты баға 10% өсім әлеуетін білдіреді.
Arista Networks
Дарьянани болжамынша, Arista Networks компаниясының жасанды интеллекттен түсетін табысы 2026 жылы ағымдағы күтулерден жоғары болуы мүмкін. Ол 2025 жылы табыс шамамен 27% артқаннан кейін, компания өсім қарқынын жеделдету әлеуеті бар деп есептейді. Бұған ЖИ үшін деректер орталықтарына арналған желілік жабдыққа жоғары сұраныс, негізгі бизнестің кеңеюі, корпоративтік және кеңсе желілеріндегі позицияның нығаюы, сондай-ақ OpenAI мен xAI-ды қоса алғанда, жаңа ірі ЖИ клиенттерінің пайда болуы ықпал етеді.
2025 жылы Arista Networks акциясы шамамен 19% өсті. Сарапшылардың орташа бағалауынша, бұл үштік ішіндегі ең жоғары өсім әлеуеті осы компанияға тиесілі — 23 желтоқсандағы жабылу деңгейімен салыстырғанда 26%-дан астам. Amphenol жағдайындағыдай, Arista акциясына қатысты «аюлы» пікір жоқ, ал оны сатып алуға 28 сарапшының 24-і кеңес берді.
Инвестор нені бақылауы тиіс?
Evercore сарапшысы ЖИ инфрақұрылымына деген сұраныс биыл байқалған серпінді сақтауға мүмкіндік береді деп күтеді. Алайда оның айтуынша, алдағы уақытта инвесторлар үшін ақша ағыны мен пайда көрсеткіштері секілді маңызы арта түседі. «2025 жыл ЖИ-ды енгізу жеделдегендіктен IT-жабдықтар мен желілік шешімдер секторы үшін оң болды. Бұл ретте акциялардың динамикасы көбіне табыстың өсуін көрсетті де, пайдаға аз көңіл бөлінді, — деп жазды Дарьянани. — Енді назар маржа мен еркін ақша ағынына ауысады. Нарықтан оза өсетін акцияларды таңдағанда инвесторлар “ЖИ-ға салынған инвестицияны” емес, “ЖИ-дың іс жүзінде пайдасын” бағалайтын болады».








