Шизофренияға қарсы дәрі жасайтын micro-cap акциясы 140% шарықтады

Nasdaq-тағы капитализациясы небәрі $44,8 млн болатын Minerva Neurosciences котировкасы бір күнде 140% шарықтады. Компания шизофренияға шалдыққан пациенттерде байқалатын теріс белгілерге қарсы дәрі жасайды. Сынақтың соңғы кезеңін аяқтап, сәтті болған жағдайда дәріні тіркеу мен сатылымға дайындауға $200 млн дейін қаржы тартқанын хабарлады.
Егжей-тегжейлі
Minerva Neurosciences акциясы 21 қазан, сейсенбі күні 140% күрт өсті, яғни $6,41-ға дейін. Бұл — 2024 жылдың басынан бергі максималды құны. Ал 22 қазан таңертеңгі саудада қағаз 17% арзандады.
Сейсенбіде компания институционалдық инвесторлардан жеке орналастыру арқылы $200 млн-ға дейін қаржы тартатынын хабарлады. Minerva оларға $80 млн көлемінде А класындағы конверттелетін артықшылықты акцияны, сондай-ақ екі варрант пакетін ұсынады: А траншы — $80 млн, ал B траншы — тағы $40 млн.
Тартылған қаражат компанияның шизофренияның теріс белгілеріне қарсы ролуперидон (roluperidon) атты препаратының клиникалық сынақтарын аяқтауға, оны қайтадан FDA салалық реттеушісіне тіркеуге ұсынуға және сәтті болған жағдайда сатылымды бастауға жұмсалады.
Қаржыландыру алу осы кезеңдердің өтуіне байланысты болады: алғашқы $80 млн Minerva алдын ала алады, келесі $80 млн — клиникалық сынақтардың үшінші, соңғы кезеңінің маңызды нәтижелері жарияланғаннан кейін, ең көп дегенде (максимум) 10 күн ішінде беріледі. Қалған $40 млн — үш жылдан кейін немесе зерттеу нәтижелері айтарлықтай болған жағдайда төленеді.
Minerva Neurosciences немен айналысады және бұл неге маңызды?
Minerva орталық жүйке жүйесінің бұзылыстарын емдеу тәсілін әзірлеуге маманданған компания. Оның негізгі дәріге үміткер жобасы — ролуперидон, ол шизофренияның теріс белгілеріне қарсы бағытталған. Бұл белгілерге эмоциялық реакцияның бәсеңдеуі, сөйлеудің шектелуі, шешім қабылдау қабілетінің төмендеуі, әлеуметтік байланыстарға қызығушылықтың болмауы және қоғам нормаларына немқұрайдылық жатады. Компанияның айтуынша, мұның бәрі адамның өмір сапасының төмендеуіне, ойлау жүйесінің бұзылуына және психоздың күшеюіне әкеледі. Ал бұл өз кезегінде ауруханаға жатқызылу ықтималдығын арттырып, жұмыстан айырылуға себеп.
Компания мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін FDA шизофренияның теріс белгілерін емдеуге арналған бірде-бір препаратты мақұлдаған жоқ.
Minerva ролуперидонды тіркеуге бір жылдан астам бұрын әрекет жасаған, бірақ сәтсіз аяқталған. FDA зерттеу нәтижелерінде препараттың статистикалық тұрғыдан тиімді екенін мойындағанымен, оны тіркеуге жеткіліксіз деп санаған. Реттеуші орган компаниядан қосымша деректер ұсынуды талап етті. Компания өз кезегінде растаушы зерттеу қандай форматта жүргізілуі тиіс екенін тараптар келіскенін мәлімдеді, алайда зерттеу қашан басталатынын нақтылаған жоқ.
Акция ахуалы
Жыл басынан бері Minerva котировкасы 188% көтерілді. MarketWatch дерегінше, компанияның акциясына қатысты Уолл-стрит сарапшыларынан тек бір ғана рейтинг бар — ол «ұстап тұру» (hold) кеңесі. Ал жалғыз мақсатты баға — $5, бұл ағымдағы котировкадан төмен.








