Small-caps нарығы: геосаяси тәуекелдер мен жаңа фавориттер

Нарық Ирандағы геосаяси оқиғаларға инвесторлардың қалай жауап беретініне назар аударып отыр. Биотех секторындағы өсім жалғасуда, ал күн энергетикасындағы бизнес зардап шегуде. Small-caps сегментіндегі басты оқиғалар біздің бүгінгі шолуымызда.
Индекс динамикасы
21 маусым сенбі күні АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылына шағын капиталды компаниялардың индекстері әзірге жауап берген жоқ. Reuters-тің жазуынша демалыс күндері инвесторлардың ұстамды реакциясы олардың күту ұстанымымен түсіндіріледі. Дегенмен, Geojit Financial Services зерттеу бөлімінің басшысы Винод Наирдың айтуынша Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс қысқа мерзімде small-cap компанияларына кері әсер етуі мүмкін.
16–20 маусым аралығындағы аптада Russell 2000 шағын капиталды компаниялар индексі 0,42%-ға өсіп, 2 109 тармаққа жетті. Ал дәл осы кезеңде S&P 500 индексының мәні өзгеріссіз қалды.
Freedom Finance сарапшылары шикізат және материалдар, ақпараттық технологиялар мен тұтынушылық тауарлар секторларындағы өсімді атап өтті. Бұл динамиканың негізгі драйвері — маусым айындағы АҚШ Федералды резерв жүйесінің отырысы, оның нәтижесінде негізгі мөлшерлеме бұрынғы деңгейде қалды.
Аптаның көшбасшысы мен артта қалған компаниясы
Аптаның басты бенефициары — қатерлі ісікке қарсы дәрілер саласындағы биотех-компания Galectin Therapeutics. Соңғы аптада оның акциялары 76,6%-ға қымбаттап, $2,4-ке жетті. Негізгі өсім 17 маусымда болды — дәл сол күні брокер HC Wainwright компанияны бақылауға алып, «сатып алуға» кеңес беріп, мақсатты бағаны $6 деп белгіледі. Сауда көлемі 7 млн акциядан асып, орташа күндік көлемнен шамамен 10 есе жоғары болды. Сарапшылардың пікірінше бұл қозғалысты негізінен жеке инвесторлар жасаған, ірі институционалдық мәмілелерсіз.
Freedom Global сарапшылары өз есебінде акциялардың өсуі негізінен алыпсатарлық белсенділікпен байланысты болғанын атап өтеді. 20 маусымға қарай компания акциялары 152%-ға өсіп, $3,9-ға жетті, бірақ кейін төмендей бастады.
Аптаның аутсайдері — АҚШ-тағы күн энергетикасы қызметтерінің ірі провайдері Sunrun компаниясы. Бір апта ішінде оның акциялары 37,7%-ға арзандап, $6,23 болды. Бұл АҚШ Сенаты күн энергетикасы саласындағы салықтық жеңілдіктерді тоқтатуды жеделдететін бюджетті мақұлдағаннан кейін орын алды. Заң жобасы жеке үйлердің шатырларына орнатылатын күн панельдеріне арналған 30%-дық салықтық несиені 180 күн ішінде жоюды көздейді — бұл Sunrun компаниясының негізгі сегментіне соққы болды, деп түсіндіреді аналитиктер.
Қосымша қысым Азиядан күн панельдерін импорттауға демпингке қарсы баж салығының енгізілуінен туындады, бұл жабдықтың құнын арттырады, белгісіздікті күшейтеді және сарапшылардың ойынша 2025 жылы компания өнімдері мен қызметтеріне деген сұранысты азайтуы мүмкін.
Осы аптада не күтілуде
Осы аптадағы негізгі макроэкономикалық оқиғалар — 25 маусым сейсенбіде жарияланатын Conference Board ұйымының маусым айына арналған тұтынушылық сенім индексі және 27 маусым жұма күні жарияланатын АҚШ Экономикалық талдау бюросының мамыр айындағы халық табысы мен шығындары туралы есебі болады. Бұл мәліметтер шағын капиталды компаниялар үшін ерекше маңызды, өйткені олар ішкі сұраныс, тұтынушылық шығындар мен ақша-несие саясатының өзгерісіне өте сезімтал.








