Snowflake-тің мықты есебі акция бағасын бір жылдағы ең жоғары деңгейге көтерді

Сауда соғыстары мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында бағдарламалық қамтамасыз ету саласы, әсіресе Snowflake, инвесторлар үшін «тыныш айлаққа» айналды.
Бағдарламалық жасақтама әзірлеуші Snowflake мықты тоқсандық есеп жариялағаннан кейін, оның акциялары 13%-ға өсіп, соңғы бір жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Бұл нәтижелер компания акциясының өсімін одан әрі нығайтты: жыл басынан бері бағасы шамамен үштен біріне артты. Jefferies сарапшылары есеп жарияланбай тұрып-ақ Snowflake-ті «жасанды интеллекттегі серпіліске ең сенімді ставка» деп атады. Басқа сарапшылардың пікірінше, бұл компанияға кедендік тарифтер де, геосаяси күйзелістер де әсер етпейді, сондықтан ол инвесторлар үшін қауіпсіз баспана саналады.
Егжей-тегжейі
22 мамырдағы сауда қорытындысы бойынша Snowflake акциялары 13,4%-ға өсіп, 203,18 долларға жетті. Сауда кезінде баға 204 доллларға дейін көтерілді – бұл 2024 жылдың наурызынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Акция бағасы соңғы 16 сауда күнінің 14-інде өсті. Ал 2025 жылдың басынан бері акциялар 32%-ға қымбаттады.
2026 қаржы жылының бірінші тоқсанында (30 сәуірде аяқталған) компания өнімдерден түскен табыстың 26%-ға өсіп, 996,8 млн долларға жеткенін хабарлады. Бұл MarketWatch мәліметінше, сарапшылар күткен 962 млн доллар болжамынан жоғары. Өнімдерден түскен табыс — компанияның есептеу, сақтау және мәліметтермен алмасу қызметтеріне тұтынушылардың сұранысын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Бұл тоқсан Snowflake тарихында алғаш рет жалпы табыс 1 млрд доллардан асқан кезең болды. Компанияның 2026 жылға арналған болжамды жылдық табысы 4,3 млрд $ — бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп.
Сарапшылар не дейді?
Есеп жарияланбай тұрып-ақ Jefferies сарапшысы Брент Тилл Snowflake-ті «жасанды интеллекттегі ең үздік ставка» деп атады. Ол акцияның мақсатты бағасын 190 доллардан 220-ға дейін көтеріп, «сатып алу» (Buy) рейтингін растады. Jefferies пікірінше, Snowflake акциялары осы саладағы орташа компаниялардан сәл арзан әрі ЖИ-дің дамуына және бұлтты қызметтерге сұраныстың өсуіне байланысты өсу әлеуетіне ие.
Truist Securities сарапшысы Джоэл Фишбейн есеп жарияланғаннан кейін:
«Snowflake қаржы жылының басында-ақ жоғары көрсеткіш көрсетіп, болжамдарды көтере алды. Бұл — негізгі бизнестің тұрақтылығы мен жаңа бағыттардың дамуының белгісі», — деп жазды. Ол мақсатты бағаны 210-нан 235 долларға дейін өсіріп, Buy рейтингін қалдырды.
Barron’s пікірінше, Трамп әкімшілігі енгізіп жатқан баж салығы мен геосаяси тұрақсыздық аясында Уолл-стрит тұрақты өсімді қамтамасыз ете алатын салаларды іздеп отыр. Бағдарламалық жасақтама саласы биыл «тыныш айлаққа» айналып, Snowflake соның нақты мысалына айналды.
RBC Capital жазуынша: «Өнімдерден түскен табыстың 26%-ға өсуі сарапшылар күткен 22%-дан жоғары. Бұл қаржы жылының сенімді басталғанын білдіреді. Біз сондай-ақ Snowflake бизнесіне тарифтер немесе макроэкономикалық факторлар кері әсер етпегенін байқадық. Бұл компанияның тұрақтылығын көрсетеді».
RBC мақсатты бағаны 221 доллардан 236-ға дейін көтеріп, Outperform (нарықтан жоғары) рейтингін берді.
Snowflake өз мәліметтер талдау бұлтты платформасына жасанды интеллектті интеграциялауды жалғастыруда. Компанияның есептік тоқсанда 11 мың клиентке жеткені айтылған. Cantor Fitzgerald екі жаңа 100 млн $ келісімшарттың маңызын ерекше атап өтеді — бұлар алдыңғы тоқсаннан кейінге қалдырылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл клиенттердің кетуіне қатысты алаңдаушылықты сейілтті.
Cantor Fitzgerald сарапшысы Томас Блейки: «Жыл бойы Snowflake күтулерден асып түсіп, болжамдарды жақсартуды жалғастырады деп сенеміз. Бұл операциялық тиімділіктің артқанын көрсетеді», — деп жазып, мақсатты бағаны 183-тен 242 долларға көтерді және Overweight рейтингін берді.
Қаржылық есеп жарияланғаннан кейін кем дегенде он сарапшы Snowflake акцияларының мақсатты бағасын көтерді. Олардың қатарында Citi, Truist Securities, Needham және Piper Sandler бар. Cantor Fitzgerald ең жоғары мақсатты бағаны беріп отыр —242 $ (бұл 22 мамырдағы жабылу бағасынан 19%-ға жоғары). Ең төменгі бағалау — UBS-тен, 210 $.
FactSet дерегі бойынша, Snowflake акцияларын бақылап отырған 49 сарапшының 39-ы — «сатып алуға», ал 10-ы — «ұстауға» кеңес береді. «Сатуға» ешкім кеңес бермеген. Уолл-стриттегі орташа мақсатты баға —218,2 $, бұл қазіргі бағадан шамамен 7%-ға жоғары.








