Сот Google-ды Chrome браузерін сатуға мәжбүрлеуі мүмкін

Жасанды интеллект әзірлеушісі Perplexity күтпеген жерден технология алыбы Google-ға тиесілі Chrome браузерін сатып алуды ұсынды. Ұсынылған сома стартаптың өз бағасынан екі есе жоғары. Бұл күтпеген қадам айдың соңына дейін Alphabet-ке браузерді сатуға міндеттеуі ықтимал сот шешімінің алдында судьяға «белгі» беру амалы болуы мүмкін. Егер Chrome-ды сатуға мәжбүр етсе, бұл Alphabet үшін «қара аққу» болмақ, ал оның акциялары 25%-ға дейін арзандауы ықтимал, деп бұған дейін Barclays ескерткен еді.
Мәміле туралы деректер
12 тамызда Perplexity Alphabet бас директоры Сундар Пичайға ресми хат жолдап, Chrome-ды $34,5 млрд-қа сатып алуға дайын екенін мәлімдеді, деп жазады The Wall Street Journal. Хатта стартап мәміле жасалған жағдайда Google Chrome-дағы әдепкі іздеу жүйесі ретінде қала беретінін, бірақ пайдаланушылардың оны өзгерту мүмкіндігі болатынын атап өтті.
Ұсынылған сома Perplexity-дің соңғы нарықтық бағасынан екі есе жоғары — стартап соңғы инвестициялық раундта $18 млрд деп бағаланған. Компания WSJ-ге бірнеше ірі венчурлік қор мен инвестор мәмілені қаржыландыруға дайын екенін хабарлаған.
Chrome-ның нарықтық құны сарапшылардың бағалауынша $20 млрд пен $50 млрд аралығында.
Контекст
2024 жылы Google АҚШ үкіметімен болған ірі антимонополиялық дауда жеңіліп қалды. Әділет министрлігінің шағымы бойынша сот компанияны іздеу жүйесі нарығын монополиялап алғаны үшін кінәлі деп тапты. Тамыз айында сот Google-дың монополиялық үстемдігін жою және нарықтағы бәсекені қалпына келтіру үшін қандай шаралар қабылдауы керек екенін шешеді. АҚШ билігі компанияны Chrome браузерін сатуға міндеттеуді талап етіп отыр. Chrome бүгінде әлемдік браузер нарығының 60%-дан астамын иеленеді және шамамен 3,5 млрд пайдаланушысы бар.
Perplexity-дің бұл тосын ұсынысы браузерді сатуға шығару жағдайында әлеуетті сатып алушы бар екенін көрсету үшін жасалған болуы мүмкін, деп жазады WSJ. Alphabet басшылығына жолданған хатта стартап өз ұсынысының «антимонополиялық талаптарды ең жоғары қоғамдық мүдде тұрғысынан орындау мақсатында Chrome-ды тәуелсіз әрі білікті операторға беру» екенін атап өткен.
Google болса, Chrome-ды сатуға дайын екендігі туралы ешбір белгі берген жоқ. Бұған дейін Пичай сотта браузерді сатуға немесе деректерді бәсекелестермен бөлісуге мәжбүрлеу Google бизнесіне зиян тигізетінін, жаңа технологияларға инвестицияны шектейтінін және қауіпсіздік қатерлерін арттыратынын айтқан.
Инвесторлар үшін маңыздысы
Сарапшылардың пікірінше, соттың Google-ды Chrome-ды сатуға міндеттеуі екіталай, деп жазады WSJ. Алайда, егер бұл орын алса, Alphabet акциялары 15–25% арзандауы мүмкін, деп маусым айында Barclays ескерткен.
«Бұл — Alphabet акциялары үшін маңызды әрі күтпеген оқиға, нағыз қара аққу болар еді. Мұндай сценарий орын алса, бағалар сөзсіз құлдырайды, өйткені біз сөйлескен бірде-бір инвестор мұны шынайы ықтималдық деп санамайды», — деп жазды Barclays талдаушысы.








