Spotify акциялары жыл басынан 54% өсті. Неліктен әлі де сатып алуға кеш емес?

Oppenheimer сарапшысы стримингтік музыкалық платформа Spotify акцияларының рейтингін «бейтараптан» «нарықтан жоғары» деңгейге жақсартты және олардың шамамен тағы 20% өсімін күтеді. Оның пікірінше, Spotify дәстүрлі радиодан бас тартып жатқан қолданушылардың есебінен Meta, YouTube, Amazon Prime және Netflix сияқты ірі бәсекелестерін аудитория өсімі жағынан басып озуы мүмкін. Өсімнің ықтимал драйверлері ретінде Oppenheimer жаңа премиум жазылымының іске қосылуын және тегін тарифті монетизациялау жоспарларын атады.
Егжей-тегжейлі
Oppenheimer сарапшысы Джейсон Хельфштейн Spotify акцияларының рейтингін «Perform» (нарықтық) деңгейінен «Outperform» (нарықтан жоғары) деңгейіне көтеріп, мақсатты бағаны $800-ды белгіледі, деп хабарлайды CNBC. Oppenheimer ұсынған жаңа таргетке сәйкес, компания қағаздары 23 шілдедегі жабылу бағасынан тағы шамамен 19% өсуі мүмкін. Хельфштейннің айтуынша, Spotify ірі интернет-компаниялар арасындағы жаһандық аудитория өсімі бойынша ең жоғары әлеуетке ие. Ол Meta, YouTube, Amazon Prime және Netflix-тен озып кетуі мүмкін. «Біз Spotify-дың цифрлық аудиоға көшу трендінің негізгі бенефициары болатынына сенеміз. Сонымен қатар, компанияның жазылым үлгісі көп жағдайда ойлағаннан да тиімді», – деп атап өтті Oppenheimer сарапшысы.
Сарапшының пікірінше, Spotify-дың негізгі драйверлерінің бірі – компанияның ай сайынғы белсенді аудиториясы (MAU) бойынша ұзақмерзімді өсім әлеуеті. Ол Spotify-дың дәстүрлі радиодан бас тартқан тыңдаушыларды өзіне тарту қабілеті жоғары екенін айтады. 2023 жылдың төртінші тоқсанында Spotify 675 млн MAU көрсетіп, күтілген 664,3 млн-нан асып түскен.
Компания жақын арада жоғары бағамен Superfan премиум жазылымын іске қосады деп күтілуде, бұл табыс өсімін ынталандыруы тиіс. Бұған қоса, тегін немесе минималды жазылымдарды монетизациялау арқылы Spotify миллиардтаған долларлық табыс көзіне жол аша алады. Oppenheimer сондай-ақ Spotify-дың App Store жүйесі арқылы жазылымға тікелей төлем жасау мүмкіндігінің жеңілдетілуінен пайда көріп жатқанын атап өтті — бұл Apple-ге қарсы сот шешімінен кейін мүмкін болды. Бұл өзгеріс тегін нұсқадан ақылы нұсқаға өтушілердің конверсиясын арттырып отыр.
Сарапшының айтуынша, Spotify табысын жаңа және қазіргі қолданушыларының есебінен ұлғайта алады. Оның бағалауынша, 2030 жылға дейін Spotify-дың жиынтық орташа жылдық табыс өсімі 16%-ды құрайды. Бұл – қолданушылар базасының 9% жылдық өсімі мен бір қолданушыға шаққандағы орташа табыстың (ARPU) 21% артуы есебінен.
Акцилардың жай-күйі
24 шілдедегі саудада Spotify акциялары шамамен 4% күрт өсіп, $699,5 болды. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 54% артты. Салыстыру үшін, АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 осы кезеңде 8% шамасында қосты.
Басқалар не дейді?
23 шілдеде Deutsche Bank сарапшысы Spotify акциялары бойынша мақсатты бағаны $700-ден $775-ке дейін көтеріп, «сатып алу» кеңесін растады. Жаңа таргет 23 шілдедегі соңғы жабылу бағасымен салыстырғанда акциялар тағы 15% өсуі мүмкін екенін көрсетеді.
Spotify акцияларына рейтинг берген сарапшылардың 60%-дан астамы инвесторларға оларды сатып алуға кеңес береді (яғни Buy және Overweight). Тағы 30%-ы бейтарап Hold рейтингін ұстануда, ал қалған 10%-ы сату қажет деп есептейді. Дегенмен, Уолл-стриттегі консенсус мақсатты баға — $646, бұл 23 шілдедегі жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 4% төмендеуді болжайды.








