СТГ нарығында ұсыныс артса, газ бағасы қалай өзгермек

2022 жылы ауыр дағдарысты бастан өткерген әлемдік газ нарығындағы жағдай алдағы жылдары түбегейлі өзгереді. Газды сұйылтуға арналған көптеген терминалдың іске қосылуының арқасында онжылдықтың соңына қарай СТГ (сұйытылған табиғи газ) нарығындағы ұсыныс екі есе дерлік өсіп, сұраныстан айтарлықтай асып түсуі мүмкін. Бұл артық көлем, бағалардың айтарлықтай төмендеуіне әкеліп, кемінде 2030 жылдардың басына дейін сақталмақ.
Жаңа цикл
Үш жыл бұрын әлемдік газ нарығы Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан дағдарысқа ұшырады. Содан бері, одан ең қатты зардап шеккен Еуропа Ресейден жеткізілімдерді едәуір қысқартты, бірақ бағалар соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда әлі де жоғары деңгейде тұр.
Азиядағы, тағы бір ірі тұтынушыдағы сұраныс экономика өсімі мен көмірді экологиялық таза газға ауыстыру есебінен артуда. Бірақ алдағы жылдары экспортқа арналған газды сұйылту жобалары жаппай іске қосылады. Бұл ең алдымен АҚШ пен Катарда, сондай-ақ бірқатар басқа елдерде ж.зеге асады. Нәтижесінде әлемдік СТГ нарығы одан әрі жаһандық әрі бәсекелі болып, тауардың артықшылығымен бетпе-бет келеді: ұсыныс келесі онжылдықтың басына дейін сұраныстан айтарлықтай асып түспек.
«СТГ жобаларына инвестициялар тарихи түрде циклдық сипатқа ие: инвестициялардың өсуі бағалардың төмендеуіне, ал олардың тоқырауы — бағалардың өсуіне әкеледі», — делінген СТГ-ның ірі импорттаушыларының бірі Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігінің есебінде. Инвестициялық шешімдер әдетте бағалар жоғары болғанда қабылданады, ал газды сұйылту зауыттарын салу 5-10 жыл алады. Іске қосылғаннан кейін нарық қанығып, бағалар төмендейді, деп көрсетілген баяндамада.
Қазір әлемдік СТГ нарығы дәл осындай кезеңге аяқ басты. Шілденің басында Канада СТГ экспорттаушы елдер қатарына қосылды. Алғашқы жүк Британдық Колумбиядағы зауыттан жөнелтілді. LNG Canada Development зауытының екінші желісі биылғы жылдың соңында іске қосылады, деді Bloomberg-ке Shell-дің газ операциялары бойынша президенті Седрик Кремерс. Shell жобаның 40%-ына иелік етеді және әлемдегі ең ірі СТГ саудагері.
Bloomberg дерегінше, Канада бірден Нигериядан кейінгі 8-орынға шығады. АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) мәліметінше, тағы екі канадалық жоба 2027 және 2028 жылдары іске қосылады.
Кремерс Канаданы «Азиядағы өсіп келе жатқан сұранысты Британдық Колумбиядан өте бәсекеге қабілетті бағамен газбен қамтамасыз ете алатын, Тынық мұхиты жағалауындағы стратегиялық маңызды орын» деп сипаттайды.
Жалпы алғанда, Солтүстік Америкадан Таяу Шығысқа дейінгі екі жарым ондаған жаңа жоба 2030 жылға қарай экспорттық қуаттарды 40%-дан астамға арттыруға мүмкіндік береді, бұл сұраныс өсімінен асып түсіп, нарықты өзгертеді, деп жазады Bloomberg. Салыстыру үшін: 2020-2024 жылдары қуаттар бар болғаны 8%-ға өсті.
Ұсыныстың жарылардай өсімі
EIA-ның желтоқсандағы есебінде айтылғандай, тек Солтүстік Америкада экспорттық қуаттар 2028 жылға қарай екі еседен астам өседі. Қазір құрлықта 10 СТГ терминалы салынып жатыр: бесеуі АҚШ-та, үшеуі Канадада (LNG Canada-ның алғашқы желісі қазірдің өзінде газ жөнелтіп отыр) және екеуі Мексикада. Жобалар уақытында аяқталса, Солтүстік Американың экспорттық қуаты 2023 жылғы тәулігіне 323 млн текше метрден 2028 жылы 691 млн текше метрге дейін өседі (жылына 118 млрд-тан 252 млрд текше метрге).
Әлемдегі ең ірі СТГ экспорттаушы — АҚШ-та бұл көрсеткіш тәулігіне 320 млн текше метрден 595 млн текше метрге дейін (жылына 117 млрд-тан 217 млрд текше метрге) ұлғаяды.
EIA болжамынша, биыл АҚШ-тан СТГ экспорты 19%-ға, 2026 жылы тағы 15%-ға өседі. Елде бес жоба (біреуі екі желілі) іске асырылуда. Егер олардың үшеуі кешіксе, бұл болжамға елеулі әсер етуі мүмкін. Алайда осы үшеудің екеуі қыс кезінде жеткізілімдерді бастап кеткен. Бірі көктемде жобалық қуатқа шықты, екіншісі 2026 жылдың соңына қарай толық қуатқа жетпек.
Fuller Treacy Money инвестициялық бюллетенінің баспагері Йон Триси атап өткендей, әлемде өмір сүру деңгейінің өсуі, өндірістің автоматтануы, әсіресе жасанды интеллект үшін есептеу қуатының жарылғыш артуы, барған сайын көбірек электр энергиясын қажет етеді. «Табиғи газ — көмірдің нарықтағы үлесін тартып алатын өтпелі энергия көзі. Әлемдік газ нарығы кеңеюін жалғастырып, барған сайын біртекті бола береді», — дейді ол.
Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) мәліметінше, СТГ нарығындағы өтімділік пен ұсыныстың икемділігі өсіп келеді, сондықтан алдағы жылдары нарыққа құйылатын қосымша газ көлемін қай нарықтар мен секторлар сіңіре алатынына қатысты белгісіздік жоғары. Қолданыстағы және жарияланған мемлекеттік саясатқа негізделген базалық сценарийде агенттік 2030 жылы әлемдік нарықта 130 млрд текше метр көлемінде СТГ артықшылығын болжайды.
Бұл — 2024 жылы ЕО сатып алған жалпы газ көлемінің (272,9 млрд текше метр) шамамен жартысына тең және оның ең ірі екі жеткізушісі — Норвегия мен Ресейден алған көлемінен небәрі 13 млрд текше метрге кем.
Барлық жобалар уақытында аяқталса, ХЭА (Халықаралық энергетикалық агенттік) болжамынша, әлемдік сұйылту қуаты 2023 жылғы 580 млрд текше метрден 2030 жылы 850 млрд текше метрге дейін, яғни 46,5%-ға артады. Қуат 270 млрд-қа өссе, сұраныс бар болғаны 145 млрд текше метрге ұлғаяды.
Артық ұсыныс ЕО-да бағаларды 2023 жылғы деңгеймен салыстырғанда шамамен екі есе, Қытай мен Жапонияда 35%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Бұл қосымша тұтынуды ынталандыруы ықтимал, ол 2030 жылы шамамен 75 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда да өндірушілер СТГ қуаттарын тек 80%-дан 90%-ға дейін жүктей алады. Қазір зауыттар іс жүзінде шекті деңгейде — 95%-бен жұмыс істеп тұр.
«Қолданыстағы және салынып жатқан СТГ экспорттық қуаттары 2040 жылға дейін болжанған сұранысты өтеуге жеткілікті», — дейді ХЭА.
СТГ тасымалы
Жапонияның Экономика министрлігі бірнеше негізгі сценарийді (ХЭА-дан — үшеу, Shell мен BP-ден — екеуден) салыстырды: олардың ешқайсысында сұраныс онжылдық соңына дейін ұсыныстан аспайды және 2033 жылға дейін жетпейді.
Ірі СТГ жобалары Африкада (Мозамбик, Мавритания/Сенегал), Индонезияда, Аргентинада (Оңтүстік Америкадағы алғашқы экспорт терминалы) іске асуда.
Жаһандық СТГ нарығының әлі де ішінара бөлшектенгенін және ұсыныстың айтарлықтай өсуін көрсететін тағы бір белгі — арнайы танкерлердің жаппай салынуы. Әлемдегі ең ірі жеткізушілердің бірі – Катар 2030 жылға қарай қуатын 85%-ға арттыруды жоспарлап, биылғы сәуірде China State Shipbuilding Corp.-пен 18 СТГ танкерін салу туралы келісімшарт жасасты.
Бұған дейінгі айда мемлекеттік QatarEnergy компаниясы жеткізілімдерді арттыруға дайындалып, 44 танкерді жалға алды.
2024 жылы СТГ тасымалдауға арналған 67 кеме суға жіберілді (өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға артық), нәтижесінде олардың саны әлемде 831-ге жетті, тағы 103 танкер осы жылы жеткізіледі, деп хабарлайды Bloomberg. Құрылысқа берілген тапсырыстар портфельі қолданыстағы танкерлердің жартысына жуығын құрайды.
Әлемдік СПГ нарығы «2027, 2028, 2029 жылдардан бастап жақсы қамтамасыз етіледі, өйткені 2022 жылғы дағдарыс салдарынан АҚШ-та, Катарда көптеген жаңа қуаттар салынып жатыр», — деп мәлімдеді маусым айында Токиода өткен энергетикалық конференцияда француздық TotalEnergies компаниясының бас директоры Патрик Пуянне. Ал Еуропаға келсек, алдағы жылдары әлемдік нарықта Ресей газына көптеген қосымша баламалар пайда болады, сондықтан оны 2027 жылдың соңына дейін толықтай тоқтатуды жоспарлап отырған ЕО оңай алмастыра алады, деп сенеді Пуянне.








