Шығармашылық күйретудің қуаты: экономикадағы Нобель сыйлығы кімдерге бұйырды

2025 жылғы 13 қазанда Нобельдің экономика саласындағы сыйлығы инновациялар арқылы экономикалық өсудің табиғатын түсіндірген ғалымдарға берілді. Лауреаттар көрсеткендей, жаңа технологиялар мен жаңалықтар тек байлықты арттырмайды — олар ескі жүйелерді бұзып, жаңа мүмкіндіктер тудырады. Ал тұрақтылық үшін бұл өзгерістерге қарсы тұру — тоқырау мен құлдырауға әкелетін жол.
Тоқырауға қарсы теория
Экономикалық тарихшы, АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс университетінің және Тель-Авив университетінің профессоры Джоэль Мокир «технологиялық прогресс арқылы тұрақты өсудің негізін анықтағаны үшін» марапатталды. Ол сыйлықтың жартысын алады — 11 млн швед кронының (шамамен $1,2 млн) тең жартысы. Қалған бөлігін Филипп Агьон (Collège de France, INSEAD, Лондон экономика мектебі) мен Питер Хоуитт (Браун университеті, АҚШ) бөліседі. Олар «жаратушы күйрету арқылы тұрақты өсуді қамтамасыз ету теориясы» үшін марапатталды.
Нобель комитеті атап өткендей, адамзат тарихының көп бөлігі кедейлік жағдайында өтті. Кейде өркендеу кезеңдері болған — Ежелгі Римде, Орта ғасырдағы Араб әлемінде, Венеция мен Флоренцияда, бірақ олар уақыт өте бәсеңдеп, тоқтап қалған. Қытай, мысалы, мың жыл бұрын әлемдегі ең бай және технологиялық дамыған ел еді, бірақ 1950 жылдары орташа қытай азаматы сол дәуірдегіден де кедей болды.
Адамзат тарихында тоқырау – норма болған. Тек XVIII–XIX ғасырлардағы Батыс Еуропадағы өнеркәсіптік революция тұрақты және үздіксіз экономикалық өсудің дәуірін ашты.
«Соңғы екі ғасырда әлем алғаш рет үздіксіз экономикалық өсуді бастан өткерді. Ол миллиондаған адамды кедейліктен шығарды. Бүгінгі лауреаттар осы өсудің инновациялар арқылы қалай жүзеге асатынын түсіндірді», — делінген Нобель комитетінің мәлімдемесінде.
Мәдениет пен идеялар рөлі
Мокирдің зерттеулерінде бір маңызды ой бар: жаңалықтардың өзара жалғасып, бірін-бірі толықтыруы үшін, адамдар тек олардың жұмыс істейтінін емес, неліктен жұмыс істейтінін түсінуі керек. Бұл түсінік өнеркәсіптік революцияға дейін жетіспеді, сондықтан жаңа ашылулар баяу енгізілді. Сонымен қатар, қоғам жаңа идеяларға ашық және өзгерістерге дайын болуы тиіс.
Ал Агьон мен Хоуитт 1992 жылғы мақаласында экономист Йозеф Шумпетердің «жаратушы күйрету» теориясын математикалық модельмен негіздеді. Олардың айтуынша нарықта жаңа және тиімді өнім пайда болғанда, ескі өнім шығаратын компаниялар ұтылысқа ұшырайды. «Инновация — бұл бір жағынан жасампаздық, бірақ екінші жағынан күйретушілік, өйткені ескі технология бәсекеден шығып қалады».
Идеялар нарығы және прогрестің жауы
Мокирдің пікірінше идеялар — кез келген өзгерістің өзегі. Ал идеялар нарығындағы бәсеке — экономикалық өсудің басты қозғаушы күші. «Бәсекелес нарықтар әрдайым серпінді және жаңашыл келеді. Олар көбірек идея туғызады, сондықтан даму айырмашылығы дәл осы жерде жатыр», — дейді ол.
Еуропада мұндай идеялар нарығы XVII ғасырдың басында-ақ қалыптасқан, оған географиялық, саяси және діни бөлшектену себеп болды. Бұл кейін Батыстың өркендеуіне негіз қалады.
Ал керісінше, кей қоғамдарда белгілі бір тұрақтылыққа жеткен соң, жаңа пікірлерге тыйым салынып, дәстүрлі көзқарастардан ауытқығандарды жазалау басталды. Бұл Қытайда, Орта ғасырдағы ислам әлемінде, кейін Кеңес Одағында да қайталанды.
Мокир атап өткендей, КСРО-да тек мемлекетке қажет салалар — мысалы, әскери және аэроғарыштық технологиялар дамыды, ал басқа бағыттар тоқырады. «Батыста адам жаңа идея ұсынғысы келсе, оны іске асырады: интернетті ойлап табады, пластикалық терезе жасайды, гендік инженериямен айналысады. Егер нәтиже болса — неге сөйтпеске? Бұл — еркін идеялар нарығының күші. Ал тоталитарлық жүйеде мұндай мүмкіндік жоқ».
Мокирдің ойынша тоталитаризм — прогрестің ең басты жауы, себебі ол идеялар нарығына монополия орнатады.
Жасанды интеллект — жаңа дәуірдің қозғаушысы
Нобель комитетінің пікірінше жаңа технологиялар мен идеялар ескі жүйелерді шайқалтады, ал мұндай «жаратушы күйрету» үдерісін басқару — өркениеттің ең қиын, бірақ ең маңызды міндеті.
Тарихта бұл құбылыстың мысалдары көп. Мокир өз еңбегінде келтіреді:
1299 жылы Флоренция билігі банкирлерге араб цифрларын қолдануға тыйым салды.
1397 жылы Кельн қаласының шеберлері металл қалыптарын пайдалануға заңмен тыйым салдырды.
XV ғасырда Парижде баспа станоктарын орнатуға 20 жыл бойы рұқсат бермеді.
1579 жылы Данциг кеңесі тоқыма станогын ойлап тапқан шеберді суға батырған деген болжам бар.
Бүгінде қоғам дәл сондай жағдайда — тек жаңа ойыншы жасанды интеллект (ЖИ). Көпшілік ЖИ жұмыс орындарын жойып, экономикаға зиян тигізе ме деп қорқады.
Франкфурт қаржы мектебінің профессоры Саша Штеффен атап өткендей:
«Шумпетердің теориясы дәл қазір ерекше өзекті. Ол саясаткерлер мен инвесторларға ЖИ әкелетін өзгерістерді пайдаланып, тұрақты және инклюзивті өсімге айналдыру жолын көрсетеді».
Агьонның сөзінше ЖИ идея табуды бұрынғыдан да жеңілдетеді, демек, оның өсу әлеуеті өте жоғары. Бірақ басты мәселе — осы әлеуетті дұрыс пайдалану. «Мұнда антимонополиялық саясаттың рөлі шешуші», — дейді ол.
Ал жұмыссыздық жайлы алаңдаушылыққа Агьон қысқа жауап берді: «Әр жаңа технология кезінде адамдар жаппай жұмыссыз қалады деген болжам жасалды. Бірақ ондай ешқашан болған емес».
Мокир де оптимистік көзқараста. Ол ЖИ-ді адамзаттың дамуындағы жаңа белес деп санайды: «ЖИ ақпаратты бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен жинақтай алады. Ол бізді анағұрлым өнімді етеді және білімге қолжетімділікті кеңейтеді», — дейді ғалым The Wall Street Journal-ға берген сұхбатында.








