Үшжақты саммит, Украинаға кепілдік: Трамп Зеленский және ЕО лидерлерімен не талқылады

Украина, АҚШ және Ресей президенттерінің қатысуымен үшжақты кездесу, Киевке қауіпсіздік кепілдіктері және ықтимал аумақтар алмасуы — осылар Вашингтонда Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің, сондай-ақ олардың еуропалық лидерлермен өткен кездесуінде талқыланған негізгі тақырыптар болды. Украина президенті Владимир Путинмен келіссөздерге дайын екенін білдірсе, Трамп бейбіт келісімге жақын арада қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
Егжей-тегжейі
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі, 18 тамыз күні Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады. Одан кейін екеуі Ұлыбритания, Германия, Италия, Финляндия, Франция басшыларымен, сондай-ақ НАТО мен Еурокомиссия жетекшілерімен кездесті.
Трамптың айтуынша, келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі оның, Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен үшжақты кездесу өткізу мүмкіндігі болды. Трамппен кездесу алдында Украина президенті: «Біз үшжақты келісімге дайынбыз. Бұл соғысты тоқтатудың дипломатиялық жолдарын табуымыз қажет», — деді деп хабарлайды Bloomberg.
Өз кезегінде Трамп Украинаға «өте жақсы қорғау мен қауіпсіздік» қамтамасыз етуге уәде берді. Қауіпсіздік кепілдіктері Еуропамен талқылауды қажет етеді: Трамп бүгін тараптардың «кім не істейтіні» жайлы қарастыратынын айтты. АҚШ президентінің сөзінше, 15 тамызда Аляскада өткен кездесуде Путин Киевке кепілдіктер беру нұсқасын қабылдауға дайын екенін білдірген.
Сонымен қатар, АҚШ президенті күн тәртібінде аумақтар алмасу және келіссөз ұстанымдары да бар екенін жеткізді. Ол Зеленский және еуропалық лидерлермен кездесу аяқталған соң Путинмен сөйлесетінін айтты. «Ол [Путин] осы кездесу аяқталған соң менің қоңырауымды күтуде», — деді Трамп.
Контекст
Трамп пен Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуі АҚШ президентінің Путинмен Аляскада келіссөз жүргізгенінен үш күн өткен соң өтті. Саммит қорытындысында Трамп журналистерге кейбір мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілгенін, бірақ егжей-тегжейін ашпағанын мәлімдеді.
«Мен айтар едім, әзірге толық келісімге келмеген бірнеше ірі мәселе бар, бірақ біз алға жылжыдық. Келісім жоқ, әзірге келісім жасалған жоқ», — деген болатын Трамп.
Ал Путин болса, Ресейдің Украинадағы қақтығысты тоқтатуға мүдделі екенін айтты. Бірақ ол шешім ұзақ мерзімді әрі жан-жақты болуы қажет екенін қоса жеткізді.








