БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: АҚШ-та трейдинг бумы тіркелді, криптоапта тежеліп қалды

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: АҚШ-та трейдинг бумы тіркелді, криптоапта тежеліп қалды

Криптоиндустрияны қолдауға қарамастан, АҚШ Конгресіндегі ішкі қайшылықтар криптовалюталарға қатысты заң жобаларының қабылдануын тежеп тұр. Дональд Трамп болса, тағы да Федералдық резерв басшысы Джером Пауэллді жұмыстан шығаруы мүмкін екенін меңзеп, нарыққа қысым жасады. Ал банктер үшін биылғы жылдың басты табыс көзі – мәмілелер емес, трейдинг болды. Таңғы шолуымызда осы және басқа да маңызды жаңалықтар.

АҚШ Конгресіндегі келіспеушіліктер криптозаңдарды тоқтатты

CNBC-дің хабарлауынша криптовалюталарды реттеуге арналған үш заң жобасының болашағы сәрсенбі күні белгісіз күйде қалды. Себебі Өкілдер палатасындағы консервативті республикашылдар заң жобаларына соңғы сәтте енгізілген түзетулерге қарсы шықты. Бұл өзгерістер ультраконсерваторлар талаптарына жауап ретінде ұсынылған еді. Олардың қарсылығы сейсенбі күнгі дауыс беруді бұғаттап тастады.

Кейінірек, сәрсенбі кешке қарай, кейбір заң шығарушылар позицияларын өзгертіп, дауыс беріп, Өкілдер палатасы криптозаң жобаларын талқылау ережесін және Пентагонды қаржыландыру пакетін бекітті.

Айта кетерлігі, бұл дауыс беру – Өкілдер палатасының қазіргі тарихындағы ең ұзаққа созылған ашық дауыс беру болды.

Алайда екі күнге созылған саяси дағдарыс республикашылдардың криптореттеу мәселелері бойынша бір мәмілеге келе ала ма деген күмән тудырды. Ал бұл заң жобаларын криптоиндустрия зор үмітпен күткен еді – олар соңғы сайлауда Палата мүшелеріне ондаған миллион доллар қаражат бөлген болатын. Енді криптоапта деп аталған аптаның нәтижесі үмітсіз аяқталуы мүмкін.

Трамп Пауэллді қызметтен босатуы мүмкін екенін меңзеді

Bloomberg-тің хабарлауынша Дональд Трамп қайтадан қаржы нарығына қысым жасады – бұл жолы Джером Пауэллді қызметінен босатуы мүмкін екенін айтты.

Сәрсенбіде осы мәлімдемеден кейін акциялар, доллар мен АҚШ-тың ұзақмерзімді облигациялары құлдырап кетті. Себебі ақпарат көздері Трамптың жақында Пауэллді қызметінен кетіруі жіберуі мүмкін екенін хабарлаған.

Бір мезетте қысқамерзімді облигациялар бағасы керісінше көтерілді – нарық жаңа ФРЖ басшысы пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деп болжады. Бірақ бір сағат өтпей, нарықтағы құбылыс кері қайтты – Трамп Пауэллді орнынан алуға «әлі жоспар жоқ» екенін айтып, жағдайды жұмсартты. Дегенмен, ол Пауэллді баяу әрекеті үшін бұрыннан сынап келеді.

Integrity Asset Management компаниясынан Джо Гилберт: «Нарық бұны шынайы қауіп ретінде қабылдады. Бұл ескерту іспетті. Трамп нарық реакциясын тексеріп отырған болуы мүмкін. Бірақ біз оның қызметінен алуға заңды кедергілер өте үлкен деп есептейміз», – деді.

Банктер үшін басты табыс көзі – трейдинг

Bloomberg жазғандай, Уолл-стрит Трамптың екінші мерзімі мәмілелер мен біріктірулерді жандандырады деп күтті. Алайда банктер бұл жолы трейдингтен рекордтық пайда тапты.

АҚШ-тың ең ірі бес банкінің трейдингтен түскен табысы бірінші жартыжылдықта былтырғыдан $10 млрд-қа артып, рекордтық $71 млрд-қа жетті. Мұндай өсім тарифтік саясат пен салық реформаларынан кейін акция, валюта және облигациялар нарығындағы белсенділік артуымен байланысты.

Салыстыру үшін, инвестициялық банкингтен түскен табыс $1 млрд-тан аз өсіп, 2021 жылғы шарықтау шегінен 40% төмен деңгейде қалды. Өйткені нарықтағы сол құбылмалық мәміле жасасуға кедергі болды.

Bank of America-ның жаһандық нарықтар жөніндегі президенті Джим Демаре: «Тәуелсіздік күнінен кейін нарықта күрт құбылмалық байқалды. Клиенттер белсенді болды. Кейін қорқыныш сәл басылған соң, нарық тұрақтанды. Артынан капитал акциялар мен басқа активтер арасында қайта бөлінді», – деді.

Трамптың қарашадағы жеңісінен кейін JPMorgan басшысы Джейми Даймон: «Банкирлер көшеде билеп жүр», – деген болатын. Бірақ Трамптың тарифтік қадамдары бұл үмітті су сепкендей басты.

Дегенмен, көктемгі құбылмалық трейдингтен рекордтық табыс әкелді:

  • Bank of America үшін – рекордтық екінші тоқсан,

  • Goldman Sachs үшін – тарихтағы ең жоғары акция трейдингі,

  • Morgan Stanley үшін – екінші тоқсандағы үздік нәтиже,

  • Citigroup үшін – соңғы бес жылдағы ең жақсы нәтиже.

Citi басшысы Джейн Фрейзер: «Құбылмалық – қателік емес, жаңа тәртіптің ерекшелігі», – деді.

Трамп 150 елге 10–15% жаңа тарифтер туралы хат жолдайды

Bloomberg-тің жазуынша Трамп 150-ден астам елге жаңа тарифтер туралы хат жіберетінін айтты. Жаңа мөлшерлемелер 10% немесе 15% болуы мүмкін.

«Бұл топтағы барлық елдерге бірдей шарттар ұсынылады», – деді Трамп. Оның айтуынша хат алатын елдердің көбі – АҚШ-пен ірі сауда жасамайтын шағын мемлекеттер.

Кейін Real America’s Voice телеарнасына берген сұхбатында ол: «Мөлшерлеме, бәлкім, 10–15% болады. Әлі нақты шешім жоқ», – деп қосты.

Трамптың бұл мәлімдемесі 1 тамыздан бастап күшіне енетін жаңа тарифтер туралы хабарландыруға байланысты. 9 шілдеге дейін шешім шықпағандықтан, енді серіктес елдерге тағы үш апта қосымша уақыт берілді.

Natixis банкінің Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша бас экономисі Алисия Гарсия Эрреро: «Бұл, әсіресе Азия елдері үшін жағымды белгі. Себебі мөлшерлеме күткеннен төмен болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл Трамптың тым жоғары тарифтер тұрақсыздыққа әкелетінін түсінгенін көрсетеді», – деп санайды.

Нарықтағы ахуал

Азия нарықтары сәрсенбі күні әркелкі ашылды.

  • Жапония: Nikkei 225 — 0,6%-ға, Topix — 0,1%-ға төмендеді.

  • Оңтүстік Корея: Kospi — 0,3%-ға түсті, ал шағын компанияларға бағытталған Kosdaq өзгерген жоқ.

  • Австралия: S&P/ASX 200 — 0,4%-ға өсті.

  • АҚШ фьючерстері: S&P 500 — 0,17%-ға, Nasdaq 100 және Dow Jones — 0,18%-ға төмендеді. Бұл Трамптың Пауэллге қатысты мәлімдемесіне байланысты.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары