Tesla акциялары соңғы бес жылдағы ірі құлдырауды бастан кешірді. Сарапшылар не дейді
UBS Tesla акцияларын сатуға кеңес береді, себебі олар «тым қымбат»

10 наурыздағы сауда кезінде Tesla акциялары күрт төмендеп, 2020 жылдың күзімен салыстырғанда ең үлкен құлдырауды көрсетті. Компания акциялары президенттік сайлаудан кейінгі барлық өсімін жоғалтып, бір күнде 15%-ға арзандады. UBS инвестициялық банкі компания акцияларының мақсатты бағасын 14%-ға төмендетіп, оларды сатуды ұсынды.
Кейбір инвесторлар Илон Масктың Tesla-ға жеткілікті көңіл бөліп отырғанына күмәндана бастады, өйткені ол қазір АҚШ үкіметінде жұмыс істеп жүр. Масктың өзі бір күнде шамамен 23 миллиард доллар жоғалтқанымен, бұл жағдайға әзілмен қарады.
Құлдырау себептері
Tesla акциялары 10 наурызда 15%-дан астам төмендеп, $225-қа дейін арзандады. Бұл олардың АҚШ президенті сайлауына дейінгі деңгейден де төмен көрсеткішке жеткенін білдіреді. Сауда нәтижесінде компания акциялары 2023 жылдың 23 қазанынан бергі ең төменгі деңгейде жабылды. Бұл 2020 жылдың қыркүйегінен бері (акция бағасы 21%-ға түскен) ең ірі бір күндік шығын болды.
MarketWatch дерегіне сүйенсек Tesla акциялары қатарынан сегізінші апта бойы төмендеуі мүмкін. Бұған дейін компания жеті апталық құлдыраудың рекордтық кезеңін бастан өткерген.
Сарапшылар пікірі
UBS сарапшысы Джозеф Спак Tesla акцияларының мақсатты бағасын $259-дан $225-қа дейін төмендетіп, «сату» (Sell) рейтингін сақтап қалды, деп жазады Barron's. Оның айтуынша, мұндай шешімге Tesla-ның сату көрсеткіштерінің әлсіздігі, тапсырыстарды ұзақ күту уақыты және баға саясаты себеп болды.
«Tesla-ның ұзақмерзімді стратегиясы жасанды интеллектке (роботаксилер мен гуманоид роботтарға) бағытталғанымен, бұл мүмкіндіктер акциялардың бағасында толықтай ескерілген», – деді Джозеф Спак. Ол компания акцияларының «тым жоғары» бағаланып отырғанын атап өтті.
UBS сарапшылары Model 3 және Model Y электрокарларына сұраныстың төмендегенін айтты. 2025 жылға арналған болжам бойынша UBS Tesla-ның жылдық сатылымын 1,7 миллион көлікке дейін төмендетті, ал Уолл-стрит консенсус болжамы – 2 миллион. Сарапшылар Tesla-ның маржасы сәл қалпына келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ компания Model Y бағасын төмендетуге мәжбүр болуы ықтимал.
Басқа cарапшылар не дейді
Redburn Atlantic Tesla акцияларын сатуға кеңес беріп, олардың мақсатты бағасын $160 деп белгіледі, бұл акциялардың қазіргі бағасынан шамамен 40% төмен.
Redburn сарапшысы Адриан Яношиктің пікірінше сұраныстың әлсіздігі, жеткізілімдердің төмен болжамдары және жаңа өнімдердің жоқтығы Tesla үшін 2025 жылды стагнация кезеңіне айналдырады.
Baird сарапшысы Бен Каллоның айтуынша Tesla автосалондарына жасалған соңғы вандализм әрекеттері мен Масктың саяси белсенділігі сұранысқа кері әсер етуі мүмкін:
«Егер сіздің көлігіңізге зақым келтіруі мүмкін болса, тіпті Маскты қолдайтын немесе оған бейтарап қарайтын адамдар да Tesla сатып алу туралы екі рет ойлануы мүмкін».
Қытайдағы Жолаушылар автокөліктері қауымдастығының хатшысы Цуй Доншуй де Tesla-ның саяси астарға ие бола бастағанын атап өтті, бұл қысқа мерзімді сатылымдарға әсер етеді.
Маск не деді
CNBC-ге берген сұхбатында Илон Маск Tesla-дан бөлек, АҚШ мемлекеттік басқару тиімділігі департаментіндегі (DOGE) жұмысына уақыт табудың қиын екенін мойындады. «Маған оңай емес», – деді Маск күліп.
Қазіргі уақытта Маск Tesla-дан бөлек, X әлеуметтік желісін, SpaceX ғарыш компаниясын және Neuralink нейротехнологиялық компаниясын басқарады.
Forbes мәліметі бойынша 10 наурыздағы сату толқыны нәтижесінде Масктың байлығы бір күнде 22,8 миллиард долларға азайды.
Акцияларды ұстау керек пе, сату керек пе
2025 жылдың басынан бері Tesla акциялары 45%-ға, ал соңғы бір айда 36%-ға арзандады. Алайда MarketWatch мәліметтері бойынша бұл құлдырауға қарамастан, акцияларды сатып алуға кеңес беретін сарапшылардың саны соңғы үш айда артқан. Қазіргі таңда 57 сарапшының 28-і «сатып алуға», 16-сы «ұстауға», ал 13-і «сатуға» кеңес береді.
Tesla сатылымдары қандай
2025 жылдың қаңтарында Tesla-ның Еуропадағы сатылымы екі есе қысқарды. Германияда компания екі ай қатарынан әлсіз көрсеткіш көрсетуде: қаңтарда – 60%, ақпанда – 76% төмендеу. Қытайда (Tesla үшін екінші ірі нарық) ақпанда сатылым 50%-ға азайды.
Келесі айда Tesla 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша жеткізілім туралы есепті жариялайды деп күтілуде. Өткен жылы компания бұл деректерді 2 сәуірде ұсынған болатын.








