Трамп АҚШ-та TikTok-тың бір бөлігін сатуға келісім берді. Бизнестің бағасы — $14 млрд

АҚШ президенті Дональд Трамп 25 қыркүйекте TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесінің бір бөлігін америкалық және халықаралық компанияларға сатуды мақұлдаған жарлыққа қол қойды. Тікелей эфир Ақ үй сайтында көрсетілді.
Егжей-тегжейі
TikTok-тың америкалық бөлімшесі $14 млрд деп бағаланды, деді вице-президент Джей Ди Вэнс. Трамптың жарлығында бұл шешім 2024 жылғы заңға сәйкес келетіні айтылған, деп хабарлайды Reuters. Заң бойынша, егер қытайлық ByteDance АҚШ-тағы бизнесін сатпаса, қосымшаға тыйым салынуы мүмкін.
Келісімге сәйкес, АҚШ-тағы TikTok жаңа бірлескен кәсіпорын арқылы басқарылады. Оның негізгі инвесторлары — бұлттық қызмет көрсетуші Oracle, инвестициялық компания Silver Lake және Абу-Дабидегі MGX қоры. Бұл үш акционер компанияның шамамен 45%-ын иеленбек. Ал ByteDance үлесі 20%-дан аз болады, деп хабарлады CNBC. Reuters дерегінше, Oracle, Silver Lake және MGX бірге 50%-ға жуық акцияға ие болады, ал ByteDance акционерлерінің тобына — 30% шамасында тиесілі. ByteDance серіктестерінің арасында Susquehanna International Group, General Atlantic және KKR бар.
Қытайдың ұстанымы
CNBC мәліметінше, Ақ үйдегі құжатқа қол қою рәсіміне ByteDance өкілдері қатыспады. Компания әзірге келісімді растаған жоқ.
CNBC атап өткендей, Қытай тарапынан бұл келісімді жүзеге асыруға қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілгені туралы дерек те жоқ. Дегенмен, Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпин мәмілені мақұлдағанын айтты. Вэнстің сөзінше, Қытай бастапқыда қарсы болған, бірақ кейін келісімге келді.
ByteDance құны 2025 жылғы тамызда $330 млрд деп бағаланған. Bloomberg Intelligence сарапшылары 2025 жылдың басында TikTok-тың америкалық бизнесін $30–35 млрд аралығында бағалаған еді.
Oracle-дың рөлі
Жаңа келісім аясында Oracle TikTok-тың киберқауіпсіздігін қамтамасыз етеді және АҚШ-тағы бөлімшеге бұлттық есептеу қуатын беруді жалғастырады, деп хабарлады CNBC. Трамптың айтуынша, Oracle басшысы Ларри Эллисон келісімге тікелей қатысып отыр және оның компаниясы «аса маңызды рөл атқарады».
«Енді бұл америкалық меншік. Өте ақылды америкалықтар. Барлығы америкалық басқаруда болады», — деді президент.
25 қыркүйектегі негізгі саудада Oracle акциялары 5,5%-ға құлдырап, $291,3 деңгейінде жабылды. Бұл — 12 қыркүйектен бергі ең төменгі көрсеткіш. Акциялар үш күн қатарынан арзандады. Бұған қоса, Rothschild & Co Redburn сарапшысы компания қағаздарына сирек кездесетін «сату» бағасын беріп, олардың құнын қазіргі деңгейден шамамен 45%-ға төмен белгіледі.








