Трамп Иранның келіссөздерге ұсыныс жасап жатқанын айтты: Таяу Шығыста не болып жатыр?

Жаңартылды
Израиль мен АҚШ-тың Ирандағы әскери операциясы екінші күнге жалғасуда. Міне, 1 наурыз кешіне дейінгі соңғы оқиғалардың қысқаша шолуы.
— Ауа соққылары Таяу Шығыс бойынша жалғасуда. Иран Тель-Авив пен Парсы шығанағы елдеріне зымыран атқылап жатыр. Bloomberg мәліметі бойынша нысаналардың қатарында Дубай мен Кувейт әуежайлары бар. Бұған дейін Дубайдағы маңызды нысандар да соққыға ұшырады, соның ішінде жасанды Пальм-Джумейра аралындағы қонақүй, әмірліктің символдық ғимараттарының бірі Бурдж-Аль-Араб («Желкен») және әлемдегі ең ірі порттардың бірі Жebel Ali порты. Израиль де Иранға соққыларын жалғастыруда.
Дональд Трамп Иранның уақытша басшылығы онымен сөйлескісі келетінін және ол бұл әңгімеге ашық екенін мәлімдеді. Орта Шығыстағы шиеленісудің мұнай бағасына немесе Ормуз бұғазына қалай әсер етуі мүмкін екені туралы сұрағанда, Трамп: «Мен ештеңеге алаңдамаймын», – деді. Ол: «Мен тек дұрыс істеп жатырмын. Соңында бәрі өз орнына келеді», – деп қосты.
Трамп сондай-ақ АҚШ Иран әскери-теңіз күштерінің тоғыз кемесін батырғанын хабарлады.
Израиль әскерін нығайту үшін 100 000 резервисті шақыратынын жариялады. Bloomberg жазуынша, бұл мобилизация Израильдің бірнеше күнге ғана емес, одан да ұзаққа созылуы мүмкін Иранмен қақтығысқа дайындалып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Израиль билігі биылғы қорғаныс бюджетіне қосымша 2,9 миллиард долларды алдын ала мақұлдады.
Иран Парсы шығанағынан мұнай мен газ таситын танкерлер үшін аса маңызды маршрут – Ормуз бұғазын ресми түрде жабуға ниеті жоқ екенін мәлімдеді. Алайда кемелердің қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдерге байланысты бұғаз арқылы транзит іс жүзінде тоқтатылды.
— Операция кезінде үш америкалық сарбаз қаза тапты, тағы бірнешеуі жараланды.
— Абу-Даби мен Дубай қор биржалары 2 және 3 наурызда жабық болады.
Хаменейден бөлек, Иран армиясы мен барлау қызметтерінің негізгі тұлғалары, соның ішінде қарулы күштер штабының бастығы мен қорғаныс министрі қаза тапты. Елді уақытша үш адамнан тұратын кеңес — президент, сот жүйесінің басшысы және Ислам революциясы күзетінің өкілі — басқарады. Кейін 88 сарапшы жоғарғы көшбасшының ізбасарын таңдайды деп күтілуде.
— Израиль операцияның алғашқы 24 сағатында Иранға 1 200-ден астам бомба тасталғанын бұған дейін мәлімдеген. Салыстыру үшін, Bloomberg мәліметі бойынша, өткен жылғы 12 күндік соғыстың алғашқы күнінде Иранға 330 әскери жүк түсірілген. Трамп кеше Иранға соққылар «бір апта бойы немесе қажет болғанша» жалғасатынын айтты.








