Трамп Ресейге 100% қайталама баж салығымен сес көрсетті. Мұнай фьючерстері төмендеді

АҚШ президенті Дональд Трамп 14 шілдеде егер Украинадағы қақтығысты реттеуде ілгерілеу болмаса 50 күннен кейін Ресейге қарсы санкциялар енгізетінін ескертті. Бұл жағдайда 100% мөлшерінде қайталама баж салығы енгізілетінін ол НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуде айтты.
Ақ үй әзірге мұндай баж салығының қалай жұмыс істейтінін нақты түсіндірген жоқ. Бұған дейін АҚШ президенті бұл шектеулер ресейлік мұнайды сатып алатын елдерге қатысты болуы мүмкін екенін айтқан. Қазір Конгрессте осындай елдерге 500 пайыздық баж салығы енгізуді көздейтін екі партия қолдаған заң жобасы қаралып жатыр, деп еске салады Bloomberg.
Дүйсенбі күні жасалған ескертуінен кейін мұнай фьючерстері сессия барысында минималды деңгейге түсті — Brent маркалы мұнай бағасы 1,3%, ал WTI бағасы шамамен 1,8% арзандады.
Трамп екі ай бұрын-ақ бейбіт келісімге қол жеткізуге үміттенгенін және «Путинге көңілі қалғанын», ол күткен нәтиже болмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар Мәскеу жағдайды ушықтырса, өзі қандай әрекетке баратыны туралы нақты жауап берген жоқ. «Маған ондай сұрақ қоймаңыздар», – деді ол.
Кездесу барысында Трамп АҚШ қаруын Украинаға НАТО арқылы жеткізу жөнінде мәміле жасалғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл жеткізілімдерді альянсқа мүше елдер қаржыландырып, үйлестіретін болады, деп жазады Bloomberg. Президенттің сөзінше, Киевке 17 Patriot зенит-зымыран кешені де беріледі. Ал Рютте бұл келісім Еуропа елдеріне қаруды жылдамырақ жеткізуге мүмкіндік беретінін, ал АҚШ кейін олардың қару қорын толықтыратынын нақтылап өтті.








