Трамп U.S. Steel мен Nippon серіктестігін мәлімдеді — акциялар шарықтады

Дональд Трамптың U.S. Steel мен жапондық Nippon Steel холдингі арасындағы «серіктестік» туралы мәлімдемесінен кейін, 23 мамыр күнгі сауда-саттық соңында америкалық болат өндіруші компанияның акциялары 21% шарықтады. Бұған дейін АҚШ билігі америкалық болат алпауытын жапон компаниясының сатып алуына тосқауыл қойған еді. Ал ақпанда Трамп Nippon компаниясына U.S. Steel-ге инвестиция салуды ұсынған. Трамптың нақты келісім білдірмегеніне қарамастан, инвесторлар оның пікірін мәмілені мақұлдау деп қабылдады.
Егжей-тегжейлі
Жұма күнгі сауда-саттық соңында америкалық болат өндіруші U.S. Steel акциялары 21,2% өсіп, $52-ға жетті. Сауда жабылғаннан кейінгі постмаркетте қағаздар тағы 3% өсті. Мұндай өсімге АҚШ президенті Дональд Трамптың U.S. Steel мен жапондық Nippon Steel арасында «жаңа серіктестік» орнағанын жариялауы түрткі болды.
Truth Social желісінде Трамп: «U.S. Steel АҚШ-тағы штаб-пәтері Питтсбург қаласында қала береді. Бұл United States Steel мен Nippon Steel арасындағы жоспарланған серіктестік. 70 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ел экономикасына $14 млрд қосады. Бұл инвестициялардың негізгі бөлігі алдағы 14 айда жүзеге асады», — деп жазды.
The Guardian мәліметінше, инвесторлар Трамптың бұл мәлімдемесін Nippon-ның U.S. Steel-ді сатып алу жөніндегі бұрыннан жоспарланған мәмілесіне қолдау ретінде қабылдады. Себебі Трамптың ұстанымы — келісімді жүзеге асырудағы басты кедергілердің бірі болған. Алайда Bloomberg атап өткендей, Трамп $14,1 млрд көлеміндегі сатып алу ұсынысын нақты түрде қолдайтынын ашық айтпады.
U.S. Steel бұл серіктестік алдағы төрт жыл ішінде елге «ірі инвестициялар, жаңа технологиялар мен мыңдаған жұмыс орнын» әкелетінін мәлімдеді, деп жазады Bloomberg. Өз кезегінде Nippon Steel Трамптың «серіктестікті» қолдау шешімін құптайтынын айтты, деп хабарлады The Guardian. Ал Ақ үй бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген жоқ.
Мәміленің шарттары қандай болуы мүмкін
Бастапқыда Дональд Трамп U.S. Steel компаниясының сатылуына қарсы болған. Алайда ақпан айында ол Nippon тарапынан стратегиялық инвестицияларға ашық екенін мәлімдеп, жапондық конгломераттың U.S. Steel-дің миноритарлық үлесін сатып алуына қарсылық білдірмейтінін айтты, деп жазды Reuters.
Наурыз айының соңында америкалық Semafor басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Nippon Трамп әкімшілігімен мәмілені қайта бастау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Жаңа шарт бойынша, инвестиция көлемі $2,7 млрд-тан $7 млрд-қа дейін ұлғайтылады. Semafor мәліметінше, Nippon 2023 жылы жасаған ұсынысын — U.S. Steel-ді бір акцияға $55 бағамен сатып алу туралы (жалпы құны $14,1 млрд) — сол күйі сақтамақ болған.
Жапондық болат өндіруші концерн Индиана мен Пенсильваниядағы U.S. Steel-дің ескі зауыттарын жаңғыртып, қосымша инвестиция тартуға уәде берді. 2024 жылы компания акционерлері мәмілені мақұлдағанымен, ұлттық қауіпсіздікке байланысты себептермен сол кездегі президент Джо Байден оны бұғаттады. Трамп та бұл мәмілеге қарсы шыққан болатын — әсіресе сайлауалды науқанда кәсіподақтардың қолдауына ие болу үшін, себебі олар сату компания қызметкерлерінің қысқаруына әкеледі деп қауіптенген. Кейінірек Трамп президенттік қызметке кіріскен соң, болат пен алюминий импортына кедендік баж салығын арттырды. Бұл ішкі нарықтағы болат бағасының өсуіне себеп болып, америкалық кәсіпорындардың жағдайын жақсартуға бағытталды.
Сарапшылар ұсынады
Жыл басынан бері US Steel акциялары 53% қымбаттады. MarketWatch дерегінше, болат өндіруші компанияның қағаздарын бақылайтын 10 сарапшының алтауы оларды портфельде ұстауға кеңес береді (Hold), 3-еуі — сатып алуға (Buy), ал 1-еуі — сатуға (Underweight) ұсыныс жасаған. Уолл-стриттегі консенсус-баға бір акция үшін $43,8 деңгейінде, бұл жұма күнгі жабылу бағасынан 16% төмен.








