Трамп жанама бажбен қорқытты, бірақ нарық үнсіз

АҚШ президенті Дональд Трамп егер Ресеймен Украинадағы соғысқа қатысты бітімгерлік келіссөздер сәтсіз аяқталса және бұл Мәскеудің кінәсінен болса, Ресей мұнайына жанама (вторичные) баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Алайда мұнай бағасы бұл мәлімдемеге іс жүзінде жауап қатқан жоқ.
Толығырақ
NBC News арнасына берген сұхбатында Трамп:
«Егер Ресеймен Украинадағы қантөгісті тоқтату туралы келісімге келе алмасақ, және мен бұл Ресейдің кінәсінен деп шешсем — бұл міндетті түрде солай болады деген сөз емес, бірақ егер мен солай деп ойласам, мен Ресейден келетін бүкіл мұнайға жанама баж салығын енгіземін», — деді.
Barron’s басылымы жанама баж салығы — бұл АҚШ-тың тек Ресейге ғана емес, ресейлік мұнай сатып алатын кез келген елге қатысты шектеу шарасы екенін түсіндіреді.
«Бұл Ресей мұнайын сатып алсаңыз, АҚШ-та бизнес жүргізе алмайсыз деген сөз», — деп түйіндеді Трамп.
Сонымен қатар, Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің Украинада легитимді билік жоқ және елге сырттан басқару енгізу керек деген мәлімдемелеріне «ашулы және қатты ренжулі» болғанын айтты. Бірақ кейін ол мәлімдемесін жұмсартып, Ресейге жанама баж салығы енгізгісі келмейтінін және Путиннің «дұрыс шешім қабылдайтынына» сенетінін жеткізді (Bloomberg).
Контекст
Ресей әлемдегі ең ірі үш мұнай өндірушінің бірі. Егер АҚШ расымен жанама санкциялар енгізсе, бұл жаһандық нарық үшін үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін.
Bloomberg атап өткендей, бұл әсіресе Ресейдің негізгі клиенттері — Қытай мен Үндістан үшін ауыр соққы болады.
АҚШ-тың жақында енгізген санкцияларының нәтижесінде Қытайдың Sinopec пен Zhenhua Oil сынды мемлекеттік мұнай компаниялары Ресей мұнайын сатып алуды доғарды немесе азайтты (Reuters).
Нарық қалай жауап берді
Нарық реакциясы өте әлсіз болды: Brent маркалы мұнай фьючерстері бар болғаны 0,1%-ға қымбаттаса, WTI фьючерстері 0,1%-ға арзандады.
Reuters жазуынша, трейдерлер Ақ үйден келетін осындай мәлімдемелерге үйреніп кеткендіктен, бұл жолы да ерекше реакция болмады.
«АҚШ әкімшілігінің санкциялар мен баж салығы туралы мәлімдемелерінен трейдерлер шаршай бастады», — дейді ING сарапшысы Уоррен Паттерсон. — «Нақты әрі айқын шаралар қабылданбаса, нарық ондай сөздерге қатты мән бермейді».
Qisheng Futures Co. компаниясының талдаушысы Гао Цзяньның пікірінше, Трамптың бұл сөзі жай риторика болып қала ма, әлде шын іске аса ма — алдағы уақытта белгілі болады. Бірақ ол:
«Ресей мұнайымен сауда көлемі өте үлкен. Сондықтан мұндай шешім қабылдамас бұрын оның барлық жағымсыз салдарын таразылап алу қажет», — деді.








