Трамп Жапония мен Оңтүстік Кореядан келетін импортқа 25% баж салығын енгізеді

АҚШ 1 тамыздан бастап Жапония мен Оңтүстік Кореядан келетін барлық импортқа 25 пайыздық бірыңғай баж салығын енгізеді. Бұл туралы ел президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде хабарлады. Ол Жапония премьері Сигэру Исибе мен Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнге жолдаған хаттарының скриншоттарын жариялады. Хаттарда жаңа сауда талаптары көрсетілген. Бұл жаңалықтардан кейін америкалық қор индекстері құлдырай бастады: Dow Jones 500 пунктен астам төмендеді.
Егжей-тегжейі
Хатта бұл 25 пайыздық баж салықтары басқа салалық баждардан бөлек енгізілетіні айтылған. Яғни, мұның қазіргі уақытта әрекет етіп тұрған негізгі тауарлар бойынша баждарға қатысы жоқ. Сонымен қатар «жоғары баж салығынан жалтару мақсатында үшінші ел арқылы транзитпен жеткізілген тауарларға да осы салық салынады» делінген. CNBC түсіндірмесінде мұндай схемалар тауардың алдымен басқа елге жіберіліп, кейін АҚШ-қа жеткізілу арқылы тікелей бажға ілінуден жалтару әдісі екенін атап өткен.
Бұған қоса, Трамп Қазақстан, Лаос, Малайзия, Мьянма және Оңтүстік Африка басшыларына да осындай мазмұндағы хаттар жолдады. Бұл елдерге белгіленген баж салығының мөлшері әртүрлі: Малайзия мен Қазақстан үшін — 25%, ал Лаос пен Мьянма үшін — 40%. Дегенмен, барлық елдерге бұл жоғары мөлшерлемелердің күшіне енетін күні бірдей — 1 тамыз.
Трамп жариялаған баж салықтары жалпы алғанда көктемде енгізілген, кейін 9 шілдеге дейінгі үзіліс аясында 10 пайызға дейін төмендетілген мөлшермен сәйкес келеді, деп хабарлады Bloomberg. Агенттіктің жазуынша, Трамп Жапония мен Оңтүстік Кореяға бірінші болып ескерту хаттарын жіберіп, сауда келісімдері туралы келіссөздерді бастаған. Бұл үдеріс 9 шілдеге дейінгі АҚШ-тың «жауап баждарына» қатысты үзіліс мерзімі аяқталар алдында басталды.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт дүйсенбі күні «тағы шамамен 12 елге» баж салығы туралы хабарламалар жолданатынын мәлімдеді. Bloomberg дерегінше, қосымша хаттар алдағы күндері жіберіледі.
Бұл жаңалықтарға нарық бірден реакция берді. АҚШ-тың негізгі S&P 500 индексі бастапқыда 1 пайызға құлдырап, кейін төмендеу 0,8 пайызға дейін баяулады. Nasdaq Composite шамамен 1,1 пайызға түсті, кейін ол да 0,9 пайызға тұрақтады. Ал Dow Jones 1,2 пайыздан астамға, 500 пунктке төмендеді. Ең көп төмендегені – шағын және орта компаниялар индексі Russell 2000 (1,4%). Қорқыныш деңгейін көрсететін VIX индексі 3,7 пайызға өсті.
Сарапшылар не дейді?
Morgan Stanley стратегы Майкл Зизас 9 шілдеден кейін келіссөздер жоспарға сай жүрмесе не болатынын ойлауға кеңес берді. Ол CNBC арнасына үш сценарийді баяндады. Негізгі сценарий бойынша, АҚШ келіссөздерде ілгерілеу барын жариялап, басты серіктестері үшін баж салықтарын енгізуді уақытша шегереді. Бұл келіссөздерге қосымша уақыт беріп, 10 пайыздық баж деңгейін сақтап қалуға мүмкіндік сыйлайды.
Егер келіссөздер тұйыққа тірелсе, Morgan Stanley-дің екінші болжамы бойынша, АҚШ кейбір елдерге баж салықтарын әртүрлі мерзіммен және таңдаулы түрде енгізуі мүмкін. Мұндай жағдайда Жапония мен ЕО-ға қатысты қатаң шаралар қолданылуы ықтимал.
Үшінші сценарийде АҚШ толыққанды сауда келісімдерін емес, жалпы шеңберлік келісімдерді жариялауы мүмкін. Бұл нарыққа нақты салық мөлшеріне қатысты қысқа мерзімді түсінік береді және белгісіздікті азайтады.
UBS Global Wealth Management сарапшыларының пікірінше, барлық серіктестерге баж салығын келісімсіз енгізу – ең жағымсыз сценарий. Бұл инвесторлардың тәуекелден жаппай қашуына себеп болуы мүмкін. Ал салық енгізуді кейінге шегеру — нарыққа оның жүзеге аспайтынын меңзейтін белгі ретінде бағаланып, тәуекелге деген сұранысты арттыруы мүмкін.
Кіммен келісім жасалған жоқ?
АҚШ Ұлыбритания және Вьетнаммен сауда келісімдеріне қол жеткізді, Қытаймен өзара шектеулерді жұмсарту туралы уағдаластыққа келген. Алайда Жапония, Оңтүстік Корея және Еуроодақпен келіссөздер әлі жүріп жатыр.
Индиямен келісімге келу үміті бар. Бірақ Трамп Жапонияны «қиын серіктес» деп атап, Токиоға қарсы сын деңгейін күшейтті: «Жапония 30–35% төлеуі керек немесе біз қанша десек, сонша». Ал Жапония премьері Сигэру Исибе 6 шілдеде мәлімдеме жасап, Токио АҚШ-тың автокөліктерге салған бажын жоюды талап ете беретінін және жеңілдікке бармайтынын айтты. Ал Брюссель келісімге 9 шілдеге дейін қол жеткізуге тырысып жатыр, деп хабарлады дүйсенбі күні Reuters ЕО өкіліне сілтеме жасап.
Оңтүстік Корея өткен демалыс күндері сауда келіссөздері үшін президент кеңесшісін АҚШ-қа жіберді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Сеул автокөлік, болат және басқа да тауарларға салынатын баж салығын азайту немесе мүлде алып тастау туралы келісімге үміт артқан.








