БастыReview
Бөлісу

Трамптың империясы: саяси адалдықты медиаактивке айналдыру жолы

Ксения  Туркова

Ксения Туркова

Журналист
Трамптың империясы: саяси адалдықты медиаактивке айналдыру жолы

2025 жылдың жазында Дональд Трамптың Trump Media & Technology Group компаниясы өзінің қызмет аясын айтарлықтай кеңейтті: енді бұл компания ресми криптовалюта және жасанды интеллект салаларымен айналыспақ. Ксения Туркова президент әрі кәсіпкердің балама медиашындықтың айналасында қалайша бизнес құратынын баяндап береді.

Алғашқыда әлеуметтік желі болды

Қазіргі АҚШ президентінің медиаактивтерінің бастау нүктесі Truth Social әлеуметтік желісі болды — ол Трамптың Twitter желісінен бұғатталғаннан кейін, 2021 жылы балама ретінде іске қосылды. Платформа бірден Трамптың жеке мінбері әрі оның болашақ медиалық экожүйесінің іргесі ретінде позицияланды: бұл жерде ақпараттық күн тәртібін бақылауға және саяси капиталды монетизациялауға болады. Ол кезде Bloomberg бұл әлеуметтік желінің амбициясы тек басқа платформалармен бәсекелесумен шектелмейтінін жазған: «компания болашақта Stripe Inc. секілді төлем қызметтерін және Amazon.com мен Google Alphabet Inc.-ке бәсекелес бұлтты функцияларды қамтитын технологиялық стек құруды меңзейді».

Компанияның өзі  қолданушылар саны туралы нақты дерек жарияламайды. SEO.AI дерегінше, 2025 жылғы қаңтарда Truth Social шамамен 6,3 миллион белсенді қолданушыға ие болған. Statista мәліметінше, бұл платформаға АҚШ-та ай сайын стационарлық компьютерлер мен мобильді құрылғылар арқылы шамамен 3,9 миллион кіру тіркеледі. Осы сандарға сүйенсек, Truth Social әлі де Facebook-пен (күніне 3,29 миллиард қолданушы) және X әлеуметтік желісімен (айына 600 миллион қолданушы; бұл — ресми емес дерек, себебі Илон Маск мұндай есепті жарияламайды) салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткішке ие.

Алайда Анненберг коммуникация мектебінің сарапшысы, медиасарапшы Василий Гатовтың айтуынша, Truth Social-ды орныққан медиаплатформаларға балама ретінде классикалық мағынада қарастыруға болмайды — не қамту деңгейі, не технологиялық жетілгендігі, не экономикалық моделі жағынан да.

«Жаңалықтар мен идеяларды тарату тұрғысынан X желісі (бұрынғы Twitter), Facebook не YouTube-қа бәсекелес емес, тіпті Telegram-арнаға да. Бірақ Трамп үшін негізгі міндет — «ақпараттық мастурбацияға» арналған қауіпсіз орта құру, ал Truth Social бұл міндетті мінсіз орындап отыр. Бұл — БАҚ емес, платформа да емес, паналау орны. Онда пікірталас болмайды, келісу ғана бар. Аудиториясы шағын, алдын ала болжанатын және өте адал. Саяси тұрғыда балама, бірақ технологиялық және нарықтық жағынан емес», — дейді Гатов.

Бастапқыда Truth Social оқшауланған желі болды және Trump Media & Technology Group (TMTG) компаниясының жалғыз өнімі еді. Алайда 2025 жылға қарай оның рөлі өзгерді: ол тек медиаструктураның ғана емес, тұтас экожүйенің өзегіне айналды. Қазір Trump Media & Technology Group құрамына Truth.Fi кіреді — бұл компания биыл екі криптовалюта ETF тіркеуге өтінім берген. Ал TMTG «Truth Social AI» және «Truth Social AI Search» деген сауда белгілерін тіркеуге өтінім берді — бұл платформаға ЖИ функцияларын интеграциялау бастамаларының бір бөлігі.

Truth айтады және көрсетеді

Шілде айының басында Trump Media жаһандық стриминг платформасы Truth+ жобасын іске қосты. Бұл платформада Трамптың көптен бергі жақтасы Кристофер Радди басқаратын Newsmax телеарнасы халықаралық нарықтар үшін басты арна ретінде ұсынылды. Бұл келісім Newsmax контентін бүкіл әлем бойынша Apple TV, Android, iOS, Roku (АҚШ-та кең таралған стриминг құрылғысы) және веб-платформаларда VPN қолданбай-ақ таратуға мүмкіндік береді.

Соңғы 5 жылда Newsmax телеарнасының прайм-тайм көрілімдері 1027% өскен. 2025 жылдың I тоқсанындағы Nielsen  есебіне сәйкес, бұл арна АҚШ-тағы ең танымал кабельдік арналарының ішінде 4-орында.

2025 жылдың наурызында Newsmax биржаға шықты, IPO аса сәтті өтті: сауда жоғары құбылмалылыққа байланысты бірнеше рет тоқтатылды. Акциялар 735% өсті, ал Кристофер Радди бір күнде миллиардер атанып, байлығы $3,3 млрд-қа жетті.

Дегенмен, Newsmax 2020 жылғы сайлау, 6 қаңтардағы Капитолий шабуылы және COVID-19 вакциналарына қатысты конспирологиялық теорияларды таратқаны үшін сынға ұшырады. Дауыс беру жүйелерін жасаушы Smartmatic және Dominion компаниялары Newsmax-ты сотқа берген. Өткен жылы Smartmatic-пен $40 млн көлеміндегі келісім жасалды. Ал Dominion-мен Трамп жақтастары әзірге мәмілеге келе алмай отыр.

Ресми түрде Newsmax — Trump Media құрамына кірмейтін тәуелсіз компания. Алайда оның артында ықпалды инвесторлар бар: Interactive Brokers негізін қалаушы Томас Петерффи, украиналық кәсіпкер Вадим Шульман және Катар корольдік отбасының мүшесі шейх Сұлтан бин Жассим Әл Тани. Әл Тани отбасы мамырда Трампқа бір ұшағын сыйға беріп, оны Пентагонға Air Force One үшін ұсынатынын ресми мәлімдеген.

Де-факто, дәл Truth+ платформасы Newsmax аудиториясын кеңейтіп жатыр. MSNBC арнасындағы «Пікірлер» бөлімінде медиапродюсер әрі футуролог Джаан Джонс былай деп жазады: «Бұл — президенттің енді үнемі Ақ үйдің брифинг залында бой көрсететін, әрі 2020 жылғы сайлауға қатысты жалған ақпарат үшін сотқа тартылған насихаттық платформаға қаржылай байланғанын білдіреді. Биыл Newsmax және The Blaze секілді MAGA-ға адал медиалар HuffPost пен Reuters орнына Ақ үйдің баспасөз пулына кірді, сірә, Трампқа адал медиаларды көбейту әрекетінің бір бөлігі. Мұндай жүйені 2022 жылы Венгрия көшбасшысы Виктор Орбан сипаттап, республикалықтарға «өз БАҚ-ың болуы тиіс» деген кеңес берген еді — ол мұны «антилибералдық демократия» құру жолында маңызды деп санаған».

Trump Media-ның қазіргі басшылығы да либералды күн тәртібіне қарсы күресті басты мақсат ретінде атайды. Компанияның бас директоры әрі директорлар кеңесінің төрағасы Девин Нуньес: «Truth+ платформасының халықаралық нарықтарға тез шығуына қуаныштымыз. Біз woke-повестка монолитіне қарсы тұра алатын, идеялық бейтарап, нақты репортаждарға негізделген медианегіз қалаудамыз», — деді.

Трамп өзіне қарсы медиаларды «солшыл радикализммен» және ақпарат кеңістігін иемденумен айыптай отырып, өзінің консервативті медиамонолитін құрып жатыр. Бұл — оның 2025 жылғы медиастратегиясының басты ерекшелігі. Медиасарапшы Василий Гатов былай түсіндіреді: «2016–2020 жылдары Трамп үлкен медиалардан назар «сорып алатын» паразиттік тәсілмен ойнады — CNN мен Twitter-ді өз мегафонына айналдырды. Ол күн тәртібін иеленген жоқ, басқаның күн тәртібін бұзды. Ал 2021 жылы бұғатталғаннан кейін, бақылау ауқымнан маңыздырақ екенін түсінді. Енді стратегия басқаша: оқшаулау және егемендік. Ол үлкен медиаплатформаның бір бөлігі болғысы келмей, өзінікін құрып жатыр».

Отбасылық медиажоба: Трамп өз шындығын қалай құрып жатыр?

АҚШ-тың 47-президенті үшін медиа — жай ғана бизнес емес, сонымен қатар отбасылық медиажоба. Trump Media компаниясының қызметіне америкалық көшбасшының отбасы мүшелері белсенді тартылған. Ең көзге түсерлік тұлға Дональд Трамп-кіші. Ол Trump Media компаниясының қайтарымды трастының жалғыз бенефициары. Себебі президенттің тікелей бизнес жүргізуіне тыйым салынған. Трамп-кіші тек Truth Social желісінің басты жарнамашысы ғана емес, сонымен қатар брендтің қоғамдық бет-бейнесі ретінде де тіркелген (TMTG-дің патенттік өтінімдерінде көрсетілген). Ол Truth+ стриминг платформасының іске қосылуын қолдап отыр және болашақта оның жүргізушілерінің бірі болуы ықтимал. Эрик Трамп та платформаны насихаттауға қатысып жүр. TMTG жобасы алғашқы кезеңінде ол стратегиялық кеңесші ретінде жұмыс істеген. Ал оның жұбайы Лара Трамп медиа тұлға ретінде TMTG-ге жақын Newsmax және OANN арналарында жиі бой көрсетеді. Сонымен қатар, ол Truth+ платформасындағы әйелдерге арналған ток-шоулардың жүргізушісі ретінде қарастырылған. Лара Трамп Республикалық партияның ұлттық комитетінің (RNC) құрамына да кіреді.

Компанияның жалпы стратегиясы айқын: медиажелі, қаржылық өнімдер және пікір білдіруге арналған балама платформа құру арқылы саяси адалдық пен миллиондаған лоялды қолданушының еркін монетизациялау.

Бизнес емес, хайп

Trump Media & Technology Group әлеуметтік желісі биржаға шыққанда, оның акциялары 59% күрт өсті, ал компания бағалауы қысқа мерзімде шамамен $10 млрд-қа жетті. Алайда бұл айқын жетістік секілді көрінгенімен, күмән туғызды. Қыркүйек айында, сайлау науқаны қарсаңында, компания құны мамырдағы ең жоғарғы деңгейден $7 млрд-қа төмендеді, бірақ кейінірек бір айға жетпей қайтадан $3 млрд-қа жуық қалпына келді.

Өсімнің іргелі себептері болмаған, деп жазады Bloomberg. Компания 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында небәрі $1,6 млн табыс тапқан. Ал тәуелсіз деректерге сәйкес, Truth Social әлеуметтік желісінің күнделікті белсенді қолданушылары соңғы бір жылда 1 миллионнан аспаған. Бұл жағдай классикалық «мем-акцияға» ұқсайды, бірақ бір ерекшелік бар: Truth Social акцияларын сатып алушылардың мотивациясы тек пайда табу емес, деп жазады Reuters. Трамптың жақтастары бұл инвестицияны саяси қолдау мен адалдықтың көрінісі ретінде қабылдайды. Олар бизнеске шығынға қарамастан кіреді, себебі бұл — Трамптың идеясына сенім білдірудің бір жолы. Сонымен қатар, TMTG инвесторлары арасында ірі институционалдық ойыншы Charles Schwab Investment Management та бар. Айта кетсек, Чарльз Швабтың немересі 2024 жылдың көктемінде АҚШ Қаржы министрлігінде жоғары қызметке тағайындалған.

2024 жылы Trump Media қаржылық есептілігінде $3,6 млн ғана табыс көрсетіп, $400,9 млн таза залалға ұшыраған.

2025 жылдың бірінші тоқсанында Trump Media компаниясының табысы $8,8 млн-ды құрады, ал GAAP стандарты бойынша залалы $31,7 млн болды. Алайда компанияның ликвидтік қоры $759 млн-ға жетіп отыр, ал операциялық шығындары қалыпты деңгейде сақталған.

Медиаимперия ма, әлде медиатайпа ма?

АҚШ тарихында бұған дейін ешкім дәл осылай өзіне бейімделген медиaимперия құруға тырыспаған. Алайда, бұл әрекетті Мердок стиліндегі классикалық медиаимперия құруға жасалған нақты қадам деуге бола ма? (Айтпақшы, Трамп жуырда Руперт Мердокқа қарсы сотқа арыз түсірген.)

Медиасарапшы Василий Гатовтың пікірінше, жоқ.

«Трампта Netflix-ке сатуға болатын контент жоқ. Басқа елдерде қайта жариялауға болатын жаңалық та жоқ. Тұрақты кіріс көздері де жоқ — тек фандрайзинг пен мерч. Бүкіл жүйе бір ғана нәрсеге негізделген: оның атына, жанжалға және тұрақты мобилизациялық қызуға», — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай жүйеде тиімділік басқаша өлшенеді — бұл жүйе нақты бір саяси тапсырманы орындауға бағытталған. Яғни, классикалық мағынадағы медиа-бизнес емес, билік құралы ретінде қолданылатын медиа, мұнда нақты табыстар минималды, ал бизнестің тұрақтылығы күмәнді.

Сонымен қатар, Трамптың «медиаимпериясына» ресми түрде кірмейтін, бірақ ішінара байланысы бар компаниялар бұдан қауіптірек емес.

Мысалы, халықаралық қаржы нарығына қол жеткізуді ұсынатын жаһандық онлайн-сауда платформасы Mitrade.com жуырда Трамппен байланысты ең танымал мем-акцияларды саралап, Newsmax пен Trump Media-ны салыстырды.

Қорытынды: екі нұсқаның да сенімділігі күмәнді болса да, екі «жаманның» ішінен жақсысы — Newsmax.

Newsmax жылына шамамен $171 млн кіріс әкеледі, ал инвесторлар компанияны $1,8–1,9 млрд-қа бағалап отыр. Яғни, ол жылдық табыстан 10–11 есе қымбат, бұл — Meta секілді алып компаниялардың P/S (price-to-sales) коэффицентімен шамалас.

Trump Media-да жағдай мүлде бөлек. Компанияның нарықтық капитализациясы — $5 млрд, бірақ былтырғы жалпы табыс бар болғаны $4,5 млн ғана. Яғни, P/S коэффиценті 1100-ден асады, бұл — акцияларға деген сұраныстың Трамптың брендіне сенетін жақтастардың арқасында сақталып тұрғанын дәлелдейді.

Медиасарапшы Василий Гатовтың бағалауынша: «Бұл – империя емес, тотемге табынатын медиатайпа».

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары