Трамптың ұлдары банктің табысын 4,5 есе арттыруға көмектесті. Акциялары 25% көтерілді

Micro-cap инвестициялық банкі Dominari Holdings Inc акциялары 12 тамыздағы сауда барысында 25% өсті. Жуырда Дональд Трамптың ұлдары кеңесшісі болған компания табыстың бес есеге жуық өскені және залалдан кейін таза пайдаға шыққаны туралы хабарлады.
Егжей-тегжейлі
Dominari шағын банкінің котировкалары 12 тамыз, сейсенбі күні 25% өсіп, $6,6-ға жетті. Бұл – 6 наурыздан бергі ең жоғары жабылу бағасы. Қағаздар бағасының ширекке өсуіне қарамастан, инвестбанктің капитализациясы шамамен $100 млн ғана. 13 тамыздағы таңғы саудада қағаздар шамамен 1,2% өсуін жалғастырды.
Акциялардың күрт көтерілуіне жылдың екінші тоқсанына арналған әсерлі қаржылық нәтижелердің жариялануы себеп болды. Штаб-пәтері Манхэттендегі Trump Tower-да орналасқан инвестициялық банк өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда табысын 452%-ке арттырып, $34 млн-ға жеткізді. Ал Dominari-дің таза пайдасы төрт есеге жуық өсіп, $17,6 млн-ды құрады. Салыстыру үшін: 2024 жылдың екінші тоқсанында компания $6,1 млн залал көрсеткен.
Бұл – АҚШ президентінің ұлдары Дональд Трамп-младший мен Эрик Трамптың Dominari консультациялық кеңесіне қосылғаннан кейінгі толық өткен алғашқы тоқсан. Ағайындылар ақпан айының басында инвестбанкке қосылып, жалпы сомасы $13,3 млн болатын жекелеген акциялар орналастыруға қатысты. Сол кезде әрқайсысы 750 000 қағаздан алған, қазір Эрик Трамп компанияның шамамен 6,3%-іне ие, деп есептейді Bloomberg.
Содан бері Dominari бірқатар ірі инвестиция тарту келісімдеріне қатысты. Компанияның клиенттері арасында: Илон Масктың SpaceX ғарыш компаниясы, Unusual Machines дрон өндірушісі, сондай-ақ мамыр айының соңына дейін Маск басқарып келген Үкімет тиімділігі департаменті (DOGE) бар. Жалпы алғанда, екінші тоқсанда Dominari 46 келісімді жауып, жеке де, ашық та орналастырулар аясында 288,9 млн доллардан астам қаражат тартты.
Dominary криптовалюталардан қалай табыс табуда?
Дональд Трамптың балалары Dominary кеңесіне қосылғаннан кейін компания криптовалюталарға бет бұра бастады.
18 ақпанда инвестбанк құрамына Dominari, Эрик пен Дональд Трамп-кіші, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы «салалық өзге де мамандар» кіретін тәуелсіз American Data Centers компаниясының құрылғанын жариялады.
Наурыздың соңында American Data Centers биткоин өндіруші Hut 8 Corp-пен бірігіп, American Bitcoin майнингтік компаниясын бақылауға алды. Маусым айының соңындағы жағдай бойынша, Dominari-дің American Bitcoin-дегі үлесі $32 млн-ды құрады, бұл – компанияның ең ірі ұзақмерзімді жеке активі, деп көрсетілген қаржылық есепте. American Bitcoin-нің тең құрылтайшысы және бас стратегиялық директоры Эрик Трамп болды.
American Bitcoin сәуір айында іске қосылғаннан 31 мамырға дейін 215 биткоин өндірді, деп жазады Wired. 1 шілдеге қарай компания инвесторлардан $220 млн тартып, оны биткоин сатып алуға және майнингтік жабдық алуға жұмсауды жоспарлады.
Маусымда тағы бір ірі мәміле жасалды: Dominari-дің топ-менеджері Су Ю басқаратын инвестициялық қор шығынға батып отырған ойыншық өндіруші SRM Entertainment Inc компаниясын сатып алды. Бұдан кейін SRM Entertainment атауын Tron Inc. деп өзгертіп, криптоплатформа Tron негізін қалаушы Джастин Санды кеңесші ретінде шақырды және TRX виртуалды токенін жинауға көшті. Бұл мәміледе Dominari құнды қағаздарды орналастыру агенті ретінде әрекет етті. Осыдан кейін ойыншық өндіруші компанияның акциялары 4,5 есе өсті.
Bloomberg дерегінше, бұл жедел өсім Dominari-ге, оның басшысы Су Юға және ең алдымен, оның басқаратын инвестициялық қорына үлкен пайда әкелді. Қор өзінің үлесін мамырда $5 млн-ға сатып алып, 17 маусымда оның құны $127 млн-ға жетті.
Акциялардың жай-күйі
Жыл басынан бері банктің акциялары 580% шарықтады. Сонымен бірге, Трампқа қатысты жаңалықтар оларға салыстырмалы түрде аз әсер етті, дейді Barrons. 31 желтоқсаннан 10 ақпанға дейін (Трамп ағайындыларының инвестициясы туралы компания хабарлаған күннің алдындағы күнге дейін) Dominari акциялары 529% өсіп, $6,16 деңгейіне жетті.
MarketWatch дерегінше, компания бойынша бар болғаны бір ғана сарапшылық бағалау бар және ол Dominari акцияларын сатып алуды ұсынады. Dominari қағаздарының мақсатты бағасы — $16, бұл олардың қазіргі құнынан 142% жоғары.








